Жұма, 29 наурыз, 12:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Токиодағы тартысты күн жақын

20.07.2021

1616 0

3 күннен кейін күллі әлем жұртшылығы асыға күтіп жүрген жазғы олимпиада ойындарының алауы жағылып, ел намысын қорғауға аттанған спортшылар тартысты бәсекені бастайды. ХХХІІ жазғы олимпиада ойындары негізінен 2020 жылы Жапонияның Токио қаласында өту керек еді. Алайда пандемияға байланысты бұл спорттық шара кейінге шегерілді. Қош, бастысы олимпиада өтеді, оған біздің спортшылар аттанып та кетті. Енді осы жазғы жарыстың ерекшелігі қандай, қызығы не?

«Токио-2020» олимпиадасы – спорт тарихында төтенше жағдай­ға байланысты кейінге шеге­ріл­ген және тақ жылда өтейін деп жатқан алғашқы жазғы олим­пиада. 2021 жылдың наурыз айын­да олимпиадаға шетелдік көрермендер қатыспайтыны тура­лы шешім шығарылып, алдын-ала билет сатып алғандарға бар­лық қаражаты қайтарылды. Ал шілде айының басында жарысты жергілікті тұрғындар да тамашалай алмайтыны белгілі болды.

Токио олимпиадасында сондай-ақ каратэ, серфинг, тауға шығу мен скейтбординг секілді жаңа спорт түрі қосылды. Сонымен қатар 2012 жылдан кейін жарыстар тізіміне енбеген бейсбол мен софтболдың спортшылары ХХХІІ жазғы олимпиада ойындарында бақ сынайтын болады. Жалпы олимпиадада спортшылар 33 спорт түрі бойынша 339 медальды сарапқа салады.

Токиодағы олимпиада ойында­рының ашылу салтанаты 23 мау­сымда басталып, сол күні садақ ату мен ескек есу жарыстары басталады. Дегенмен олимпиаданың алғаш­қы жарыстары софтбол мен футболдан 21 маусымда ойнатыл­мақ. «Токио-2020» жазғы олим­пидасына 200-ден астам мемлекет қатысуды жоспарлап отыр. Бұл олимпиданың талисманы «Ми­райтова» (болашақ, шексіздік) пен «Сомэйти» (сакураның бір түрі) болып тағайындалды. Олимпиада талисманын таңдауды мектеп оқу­шылары жүргізіп, «Мирайтова» олимпиада, ал «Сомэйти» па­ралим­­пиада ойындарының белгісі болады.

Қазақстандық спортшылар 27 спорт түрінен 96 олимпиадалық лицензия жеңіп алды. Олимпиадада ең алғаш рет каратэдан Дархан Асәділов, Нұрқанат Ажықанов, Данияр Юлдашев, Мөлдір Жаңбырай, Софья Берульцева мен тауға шығу спорты бойынша Ришат Хайбуллин өнер көрсетеді. Ал бұл олимпиада ойындарында өз мансабында төртінші рет бақ сынайын деп жатқан Ольга Рыпакова көпбасшы ретінде қа­тыспақ. Одан бөлек, араға 20 жыл салып үш спортшымыз садақ атудан сайысқа түспек.

17 шілдеде Қазақстанның ал­ғашқы делегациясы Жапонияға жетті. Талапқа сай делегацияның 128 мүшесі коронавирусты ин­фекцияға байланысты ПТР тест тапсырып, ойдағыдай өткен.

«Ұйымдастырушылардың талабы бойынша барлық регламентті сақ­тадық. Ереже бойынша соңғы төрт сағатта спортшылар корона­вирусты инфекцияға қатысты бес тест тапсырды. Қазіргі таңда олар олимпиадалық ауылға жай­ғасып, тынығуда. Кестеге сәйкес жаттығуды бастайды», – деп хабарлады Олимпиададағы Қа­зақстан Миссиясының басшысы Елсияр Қанағатов.

Айта кетерлік жайт, «Токио-2020» олимпидасына Сыр өңі­рінің үш бірдей спортшысы қатысады. Оның ішінде 2019 жылы Нұр-Сұлтанда еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында күміс медаль мен лицензия жеңіп алған 65 келі салмақта бәсекеге түсетін палуан Дәулет Ниязбеков бар. Сондай-ақ былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаев өткен жылы Иордания астанасы Аммандада өткен жарыста 91 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, ІІІ орын мен олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған болатын. Ал каратэдан Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мөлдір Жаңбырбай 11-13 маусымда Парижде өткен каратэдан лицен­зиялық турнирде күміс жүлде мен олимпиадаға жолдаманы еншіледі.

Тағы бір қуанарлық жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшелерімен кез­десуде Мемлекеттік Туды алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Сыр спортшысы Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстады.

– Сіздің қолыңыздан еліміздің туын алу – үлкен абырой, зор жауапкершілік. Олимпиадаға қа­тысушы спортшылар қастерлі санайтын осы Тудың Токио төрінде жиі көтеріліп, Әнұранымыздың шырқалуы үшін барымызды са­ламыз, – деді бокстан Қазақстан құрама командасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев.

Негізінен 206 Ұлттық Олимпиада комитетінен жалпы алғанда 11 мыңнан аса спортшы медаль үшін бақ сынамақ. Оның 49%-і нәзік жандар. Бұл байрақты бәсекеге ұлттық құрама ең мықты, шашасына шан жұқтырмайтын нағыз шебер спортшыларды аттандырды. Өз кезегінде спортшыларымыз шебер­лігін дәлелдеп, сарапқа салынатын медальдарды сарқып аларына сенім мол. Оған, әрине, қазақ жұртының ыстық ықыласы мен қолдауы аса қажет. Қазақ халқы әр спортшының жетістікке жететініне шүбә келтірмейтіні, ал спортшылар халқының үмітін ақтайтыны анық.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: