Сәрсенбі, 24 сәуiр, 10:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Үмітті ақтау үшін аянып қалмаймыз»

24.07.2021

1120 0

Кеше биылғы жылдың байрақты бәсекесі «Токио-2020» жазғы олимпиада ойыны басталды. Жарыстың ресми ашылу салтанатына әр елден келген делегация қатысып, салтанатты түрде жарыстың шымылдығын түрді. Олимпиада өтіп жатқан Токиодағы спортшылардың жағдайын, дайындық барысын білу үшін Сыр өңірінің былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаевпен тілдестік.

– Ашылу салтанатына қазір бірер сәттен кейін аттанамыз. Сол жерде 3 сағаттық дайындық болуы керек. Содан соң ашылу салтанаты өтеді. Жалпы делегацияның жағдайы жақсы, мұнда барлық мүмкіншілік жасалған. Қауіпсіздік ережелеріне де баса назар аударылып, қатаң түрде сақталуда. Жарыстың ұйымдастыру деңгейі де өте жоғары, – дейді Қамшыбек Қоңқабаев.

Жалпы олимпиада ойындарының ішінде ең бірінші жарыс софтболдан өтті. 21 шілдеде өткен бірінші ойында Жапония мен Австралия әйелдер құрамасы бәсекелесіп, 8-1 есебімен олимпиада өткізіп жатқан Жапония құрамасы жеңіске жетті. Токио олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің президенті Сейко Хасимото мен Олимпиада министрі Тамайо Марукава ойынның ал­дындағы ашылу рәсіміне қатысты.

Қазіргі кезде олимпиада ойындарының алғашқы кестесі де жарияланып үлгерді. Мәселен, дзюдодан ұлттық құраманың палуаны Отгонцэцэгтің алғашқы қарсыласы қытайлық Ли Ю. Ал Елдос Сметов жарысты екінші айналымнан бастап Түркия немесе Бутан елінің палуанымен бәсекелеседі. Ал Сыр елінің былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаев алғашқы жарысын 29 шілдеде мысырлық Есри Рез Мұстафамен өткізбек.

Дүбірлі додада өнер көрсетіп, шаршы алаңда шеберлік шыңдайтын Қызылорданың боксшысы Қамшыбек жан­күйерлердің үмі­тін ақтау үшін барын салатынын айтты. «Тілекші болып, қолдау білдіріп отырған барша жанкүйерге алғыс айтамыз. Құдай қаласа, елдің үмітін ақтау үшін жігіттер аянып қалмаймыз, бар күш-жігерімізді саламыз. Тек сіздер қолдап, жанкүйер болыңыздар», – деді былғары қолғап шебері.

Жалпы олимпиада ойындарын қазақстан­дық жанкүйерлердің тамашалай алатыны соңғы кезге дейін белгісіз еді. Себебі алға­шында Жапонияда Олимпиада көрсетілімін ұйым­дастыру құқығына ие тараппен келіс­сөз жүргізу қиынға соққаны туралы ақпарат тараған еді. Бұған тікелей көрсетілім жасайтын тарап бағаны қымбаттатып көр­сеткені себеп болды. Дегенмен ашылу салтанатына бірер сағат қалғанда «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ ел аумағында Токио олимпиадасын және 2020 жылы Пекинде өтетін Қысқы олимпиада ойындарынан тікелей көрсетілім жүргізу құқығына ие болғанын мәлімдеді.

Олар жасасқан келісімшарт қорытындысы бойынша трансляция құнын қолайлы бағада сатып алу туралы ортақ мәмілеге келген. Енді Қазақстан халқы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтетін Токио-2020 жазғы олимпиадасын «Qazaqstan», «Qazsport» және «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: