Сенбі, 27 сәуiр, 10:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Адамда екі таңдау бар

12.12.2023

13299 0

Бұл – «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, экономист-ғалым Гүлшат Мұсаеваның сөзі. Бүгінде қарызға батқан қоғамның мәселесі үкіметте талқыланып, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жайы талқылануда. Осы орайда «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жобаның мақсаты мен тиімділігі жайында «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, экономист-ғалым Гүлшат Мұсаевамен сұхбаттасқан едік.

– Партияның «Қарызсыз қоғам» жобасы қаншалықты нәтижелі болуда? Тарқатып айтсаңыз. Жалпы кездесулер өткізіп, қаржылық сауаттылық туралы айтумен шектелмей ме?

 – Биыл мамыр айында «AMANAT» партиясы 8 өңірде – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Жобаның басты мақсаты – жеке тұлғалардың, әсіресе проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Жобаның кеңесшілері азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес береді, қаржыны тиімді жұмсауды үйретеді. Одан бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіп ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала алады. Сондай-ақ жоба аясында заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді. Биыл «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы арқылы 60 мың адамды оқыту жоспарланған болса, бүгінге дейін 64 мың адам білім алған. Ал келесі жылға 200 мың адамды қамту көзделіп отыр. Осыдан-ақ жобаның нәтижелілігін байқауға болады. Жалпы, жобаның тиімділігін және халық тарапынан оң пікірін ескере отырып, Мемлекет басшысы республикалық маңызы бар барлық облыс орталықтары мен қалаларда кеңінен таратуды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жобаның ауқымын кеңейту туралы арнайы меморандум әзірленіп, соның негізінде 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы және микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға қосылды. Айта кетейік, өңірлердегі банк қызметкерлері бұл жобаға белсенді үлес қосуда. Олар дәріс оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрағына жауап беруде. Нәтижесінде, халықтың қызығушылығы артты.

 – Жасыратыны жоқ, біз қарыздан қорықпайтын елге айналдық. Бір адамның басында бір емес, бірнеше несиесінің болуы қалыпты жағдайға айналды. Сіздіңше, қарызсыз өмір сүрудің қандай жолы бар?

– Адамдарда қаржылық сауаттылық бойынша екі таңдау бар: Бірінші санаттағылар табыс табады, жинақтайды, ақшасын депозитке салады. Екінші санаттағы адамдар табыс табады, ақшаны жұмсайды, жетпесе, тағы қарыз алады. Бірінші жолды табысты адамдар, кәсіпкерлер таңдайды. 20 мың теңге тапса да 2 мың теңгесін жинайды. Оны сақтандырып, көбейтеді. Ал қарызға батқан адамдар қалай табыс келеді, солай жаратып жібереді. «Ақша оңай келді, оңай кетті» деген қате түсінік бар. Ақшаны жұмсау адамдардың жауапкершілігінде. Көпшілігі артық ақша табыстың нәтижесінде болады деп ойлайды. Алайда бұл жаңсақ пікір. Себебі қаржылай сауатты болу мен тұрақтылық табыс көлеміне байланысты емес. Мысалы, миллион теңге тапқан адам да қарызға батуы мүмкін. Алайда ауылдағы кейбір отбасы аз табысының өзін ұқсатып, шаруасын дөңгелетіп, табысын арттырып, жинақтауы мүмкін. Сондықтан материалдық жағдайы әртүрлі адамдардың қаржылық сауаты да әртүрлі болады. Адамның үш табыс көзі, негізгі табыс, қосымша табыс, инвестиция сынды табысы болуы керек.

– Экономист ретінде қарызсыз өмір сүрудің қарапайым ережесін айтсаңыз…

Бірінші, қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Ең бастысы, отбасылық бюджетті басқара білу керек, оның ішінде алдымен өзіңіздің кірістеріңіз бен шығындарыңызды есептеу қажет. Бір айдағы табысыңыздың мөлшеріне орай шығындарды жоспарлайсыз. Табысыңыз өзгерсе, бюджетті қайта қараңыз. Екіншіден, әрбір айдағы табысыңыздың 15-20 пайызын жинақтап, өте қажеттілік болмаса «қол сұқпайтын» қор құруыңыз керек. Мұнан соң ай сайынғы аса қажетті шығындар болмаса, өзөзіңізді кездойсоқ шығындардан шектеңіз. Бұл, әрине, оңай шаруа емес, дегенмен тырыссаңыз қолдан келеді. Мәселен, дүкендерге нақты тізіммен барыңыз, сондай-ақ заттарды эмоциямен сатып алмаңыз. Егер қандай да бір зат алғыңыз келсе, онда 72 сағат шыдаңыз. Шешімді осы уақыттан кейін қабылдаңыз. Төртінші, ақшаны еселеудің ең тиімді түрі – депозит. Сондықтан аз да болсын, депозит ашып, ақша жинай беру қажет. Бесінші, ең тамаша шешім өзіңіздің қолыңыздан келетін шаруаны әдетке айналдыру арқылы қосымша табыс көзін табыңыз. Мен Ресейдің біршама ірі қалаларында демалыс күндері өздерінің қолөнер туындыларын, қажет емес басы артық жаңа және қолданған дүниелерін жайма базарда сату мүмкіндігі жасалғанын көрдім. Кәдуілгі, баяғыда бізде де болды ғой кішігірім жайма базарлары. Ол жақта көлемді базарларда пайдаланылған, пайдаланылмаған заттар саудада. Халықтың басым бөлігі – зейнеткерлер. Олар үшін сауда-жұмыс, қарым-қатынас, қосымша табыс. Алтыншыдан, егер несие алуға мәжбүр болсаңыз, оның ай сайынғы төлем мөлшері табысыңыздың 30%-ынан аспауы, ал отбасылы болсаңыз ерлі-зайыптылардың біреуінің табысының 50%-ынан аспауы тиіс. Сонымен қатар ұзақ мерзімді несиеге бел бусаңыз, келешек табысыңыздың мөлшерінің өзгеруін, қауіпқатерлерді де (жұмыстан қысқару, жалақының өзгеруі, отбасы мүшесімен толығуы, т.б.) болжап, есептеуге міндеттісіз.

 – Партияда «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырғалы бері қандай зерттеулер жасадыңыздар, қандай түйін түйдіңіз?

– Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы еңбекке жарамды 5 қазақстандықтың төртеуінде несие болған. Қаржылық сауатсыздықтың салдары орасан. Қарызы көбейе берген соң несиеге барып ұрынады. Көп кездесетін жайт – несие алған кезде азаматтарымыз банктің пайыздық мөлшерлемесін есептеп жатпайды. Мысалы, жобаға қатысушылардың 63,1%-ы несие бойынша пайыздар мен артық төлем мөлшерін білмеген. 38%-ы отбасының жалпы орташа табысы 70 мың теңге көлемінде ғана бола тұрып, банктерден және шағын қаржы ұйымдарынан 2-ден 4-ке дейін несие алған. Соның салдарынан ай сайынғы берешегі табысынан асып түсіп жатады. Бұл жағдайда не істейді? Әрине, қарызын төлей алмаған соң ол адамның есепшоты бұғатталады. Тіпті, 13,8%-ның 10-нан астам несиесі бар. Сонымен қатар мұндай санаттағы адамдардың қатарында алаяқтарға алданып қалғандар да, құмар ойындарға тәуелді болғандар да кездеседі. Ол бөлек әңгіме. Жалпы, қарызға бату мәселесін жан-жақты қарау керек. «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы бойынша оқыту мақсатында 60 сарапшы, 18 заңгер жұмыс істеп жатыр. Сарапшылар 45 адамға банкроттыққа өтуге көмектескен және 1181 адам реструктуризация жасап, 2551 депозит ашылған. Несие алғанда да келісімшартын мұқият оқып, саналы түрде шешім қабылдасын деген ой келеді. Бұл жобаға банктер де қызығушылық танытып отыр және оның өзіндік себебі бар. Мысалы, бізге халықтың қаржылық сауаты артқаны, ал банкке несие алған адамның ай сайын несиесін төлеп, банктің бюджетін толтырып отырғаны керек. Әйтпегенде, олар да борышкерлердің артуынан шығынға батып жатыр.

– Бүгінде киім-кешек, тұрмыстық заттарды айтпағанда азық-түлікті де несиеге алу қалыпты жағдайға айналып барады. Мүмкін, халықтың табысы мен нарықтағы баға сәйкес келмейтіні де қарыздан-қарызға өмір сүруге итермелеп отырған шығар?..

– Қазір түрлі сипаттағы тұрмыстық қызмет көрсету саласы дамып келеді. Олардың жарнамалары да керемет, тартып тұрады. Оларға төтеп берудің өзі қиын… Дегенмен мүмкін болса, үнемдеп қолда барды ұқсату қажет деп ойлаймын. Ілгеріде естеріңізде болса, үлкен кісілер келіндердің тірлігіне сипаттама бергенде «жоқтан бар жасайтын» деуші еді ғой. Мұның астарында талай мән жатыр. Мейлі дүние құрау, мейлі тамақ істеу, т.б. Ана ұрпақты ғана емес, тұтастай ұлтты да тәрбиелейді. Әкенің орны тіпті ерек. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді». Отбасы институтын дамытуға шындап кірісу дұрыс болар еді. Нағыз еңбекқор, жауапкершілікті, ісіне тиянақты, сөзіне берік, ар-намысты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

– Тығырықтан шығар жол – банктердегі несие пайызын арзандату. Бұған сіз қалай қарайсыз?

– Екіұдай пікірдемін. Несие пайызына инфляция, валюта бағамы, төлем қабілеті, тауарлар мен қызметтердің бағасы, т.б. маңызды факторлар әсер етеді. Несие пайызын арзандату маңызды, әрине, бірақ екінші жағынан, несие алушылардың қатары да, қарыз алу мөлшері де артады. Несиенің аты – несие. Былайша айтқанда қарыз. Кім қарыз болғысы келеді? Дегенмен біреу мұқтаждықтан, біреу қызығушылықтан, біреу қызбалықтан да несие алатын жайттар кездеуде. Халықтың табысын арттыру бойынша кешенді шаралар қажет: банк жүйесінің қызметін қадағалау, кәсіпкерлікке кең өріс беру, өндіріс ошақтарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықты жұмыспен қамту.

– Сізбен сұхбаттасар алдында көпшіліктен сауалнама жүргізіп көрдім. «Каспий жұма» акциясы кезінде несиеге зат алдыңыз ба?» деген сұраққа көп ата-аналар баласына 800 мыңға айфон алып бергенін айтады. Демек, бұл қаншама отбасының тағы да екі жылға 800 мың қарызды қайтаруға тырмысатыны белгілі. Жалпы бізге ақшаға деген қарымқатынас пен көзқарасты өзгерту керек сияқты. Бұған не дейсіз?

 – Орынды пікір. Ақшаға деген қарым-қатынас, көзқарасты өзгерту бүгінгі заман талабына айналып отыр. Біз нарықтық экономикада өмір сүрудеміз. Әрине, әрбір азамат қаржылық тұрғыда сауатты болса, өз қаржысын тиімді басқара алады. Сол үшін де балаларды мектептен, тіптен балабақшадан қаржылық сауаттылықтың, отбасылық бюджет негіздерінің әліппесін үйрету, қазіргі креативті индустрия деп жүрген үй жағдайындағы қолөнер шеберлігіне, жалпы, еңбекке баулу аса маңызды. Президент Қазақстанда бұл сала әлі дамымағанын және креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 1%-ға да жетпейтінін атап өтті. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 12%-ға жетіп отыр. Демек, бұл саланы дамыту, жаңа нарық, жаңа тауар, жаңа қызметтің пайда болуына әкеледі. Одан бөлек, қолынан іс келіп тұрған жан ең болмағанда аш қалмайды ғой… Аса маңызды мәселе – үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, осы бағытта жұмыс істеу.

– Қазір өз табысыңа сай өмір сүру мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз?

– Халықтың табысы да, өмір сүру стилі де әртүрлі болғандықтан, жалпылама айта алмаймын. Нақты адам, нақты отбасы, нақты табыс мөлшерін білсем, соған сәйкес нақты жауабын берер едім. Жалпы жағдайды саралап көрелік. Осы күні қазақстандықтардың басым көпшілігі табысының 50-55 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсайды. Өздеріңізге белгілі, жалақы өсіп, әлеуметтік төлемдер артып, қажеттіліктер мен баға өсуде. Дегенмен жұмыссыз қалған отбасы мүшесі жұмыс таба алады немесе әлеуметтік жәрдемақы алады. Бірақ ол да әрбір отбасының қалыптасқан өмір сүру салтына, сұранысы мен қажеттілік талғамдарына тікелей қатысты. –

Сұхбатыңызға рахмет.

 Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: