Сенбі, 18 мамыр, 17:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

Қиындықпен жетілген ғұмыр

03.10.2023

164 0

Неге екені белгісіз, Гүлзада жұмыстан шығып келе жатып өзінен-өзі көңілі құлази айналаға қарады. Күннің қабағы салыңқы. Өйткені күздің салқын желі азынай соғып тұр. Шынымен күз мезгілі күн өткен сайын салқындай түсіп, қыстан хабар бергендей. Міне, қазан айының да басы басталып кетті. Ертең… ия ертең, жан әкем… әкешім Сәрсенбайдың туған күні. Тірі болғанда биыл сексеннің бесеуіне келетін еді ғой осы күзде … деп ойға шома, әкеге деген сағыныштан көзіне ып-ыстық жас үйіріле кетті. Терең күрсіне аспанға қарады. Онысы тарамдана аққан жасты ішіне жұтып, өкінішін басу еді. Көк жүзінде Қоғалыкөлге қарай шұбап құстар легі ұшып барады. Ұзақ қарады, қараған сайын олар да ұзап барады. Әкесіне деген перзенттік сағынышы солармен бірге ұшып бара жатқандай сезінді. Әкемнің жатқан жерінен өтіп бара жатсаңдар, менен сәлем айтыңдар,– деп іштей күбір ете түсті…

Жалғыз жүріп келе жатып жетімдікпен өткен әке өмірін есіне алды ол. …Сонау 1938 жылы өмірге келген Сәрсенбай 3 жасында асыраушысы, арқа сүйер асқар тауы әкесі Ұзақтан айырылды. Сәби көңіл не білсін?! Науша анасы ол кезде енді ғана ана атанған жас келіншек еді. Сәрсенбайды қолынан жетектеген күйі туған қайнағасы Жаманайдың үйіне көшіп келеді. Ол кісінің   қабағының қатулығы соншалықты, қарағанда ел үркетін. Бұл үйге келу себебі, бұл кісінің де баласы жоқ еді. Сондықтан інісінің баласына қамқор болудан қашпай, келіні мен баланы қолына алады. Екінші жағынан өрімдей жас келіншекке ешкім көз қырын салмай, еркін жүріп-тұрсын деген болуы керек.

Міне, содан жесір әйел мен жетім бала ешкімнен шоқу көрмей, ешқандай таршылық шекпей өмірлері жалғасын табады. Сөйтіп, Жаманайдың қамқорлығының арқасында бала Сәрсенбай анасының жанында өмір кешеді. Алайда, 13 жасқа толғанда оқуын тастап, ел қатарлы анасын асырауды қолға алып, Октябрь колхозында өгіз арбамен мемлекетке сүт тасушы болып, Смағұлов Жақыптың көмегімен алғаш жұмысқа тұрды. Бар арман-ойы ертерек адам болып, анасын асырау, көрген қиындығын ұмыттыру еді. Жастайынан арманшыл, зерек, алғыр болып өскен ол өзін сол 13 жасында бір үйдің азаматымын деп санады. Сол жұмысқа шыққаннан бастап Жаманай әкесіне, Қанымкүл анасына тіреу бола бастайды. Сонда ол кісілердің жүздері бал-бұл жанып: «Біздің Сәрсенбай жігіт болды ғой» деп көздерінен мақтаныш сезімі ұшқындап, жүректерін қуаныш  кернеп, ауылдастарына айтып жүреді екен.

Арада 3-4 жыл өтісімен зіңгіттей жігіт болып өсіп, қабырғасы қатайған соң өз алдына бақташы болуды ойлайды. Бұл ойын құп алған еңбекқор азаматқа колхоз басшылары сенім артып, алдына сауын сиыр салып береді. Содан 45 жылға жуық сиыршы болды. Ірі қара басын сақтауда, бұзау алуда, сүт беруде осы жылдар ішінде талай мәрте Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, «Бесжылдық жарыстың жеңімпазы» медальдарын кеудесіне жарқырата тақты. В.И.Ленинің 100 жылдығы мерекелік медалі мен «Еңбек ардагері» медалдарымен марапатталды. Ауылдық кеңестің депутаты да болды. Озат бақташы атанып, талай вымпелді жеңіп алды. Ауыл орталығында өтетін жиналыстарда еңбек ете білу керектігін айтып, жастар алдында сөз де сөйледі. Сондай басқосуларда әрі  соғыстың зардабын көрген ол жастарға әрдайым «Құдай балаларды жетімдіктен, әйелдерді жесірлік­тен сақтасын. Жетім де жетіледі, алайда, еңбекпен есейген азамат қатарынан кем болмайды, ел мен жер аман болсын! Анау Ағымай Ерментаев, Болатбек Бержанов секілді құрдастарым еңбекпен есейгендер. Өзімнің еңбек жолымдағы ұстаздарым Әбибуллаев Әбілда аға, Жылқыбай аға мен Тоқтаркүл жеңгей, мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақты бригадир Жаңбырбай Қожауов осы еңбектің қараторылары. Өзіме, өз отбасыма осы кісілерді үлгі тұтам», – деп үнемі айтып жүретіндігін Гүлзада қызы бүгін толғана есіне алды.

Жетімдіктің зарын көргенмен, еңбектен бағын тапқан Сәрсенбай әкесінің өзінің сабақтан келгенде алдынан күлімдей қарсы алатын сәтін ойға алып, терең күрсіне айналаға қарады. Анасына қоңырау шалып, марқұм әкесінің 85 жылдығымен құттықтамақ. Үйіне қарай, жылдамдата жүре түсті.

Ия, еңбектің қарагері атанған қайран әке, өмірлік зайыбы Наушагүл екеуі 3 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар аман-есен, бір-бір үй болып, егеменді ел жолында еңбек етіп жүр.

Кенжалы Ерімбетов,

Ақпарат саласының үздігі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: