Сәрсенбі, 24 сәуiр, 15:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жұмбағы көп Бермуд

27.03.2021

2086 0

Соңғы кездері әлеуметтік желіде “Жүз жыл бұрын жоғалған кеме табылды” деген ақпарат желдей есіп жүр. Көпшілік оның жоғалуын әйгілі Бермуд үштағанымен байланыстырады. Ғасырға жуық уақыт із-түзсіз жоғалған кеме қалай табылды? Мамандар не дейді? Мұның барлығына сәл кейінірек тоқталатын боламыз. Алдымен әлі күнге дейін жұмбағы ашылмаған Бермуд үштағаны жайлы әңгіме қозғайық.

Бермуд үштағанындағы жұмбақ жоғалулар жөнінде ақпараттар ХХ ғасырдың 30 және 40 жылдары айтыла бастады. Ғалымдардың бұл аймаққа қызығушылық таныта бастауы да осы шақ. Мамандардың болжауынша, жұмбақ үшбұрыштың аранында мыңдаған теңіз, әуе техникалары мен адамдар кеткен көрінеді. Олардың қатарында Америка құрлығынан қазына тасыған испандық мың кеме бар екен. Зерттеушілерді де қызықтырған осы жағдай. Ажалдың ошағына айналған аймақты ХХ ға­сырдың 50 жылдары «Ажал теңізі» дейтін, 1964 жылдан бері «Бермуд үштағаны» деп аталады. Бұл жұмбақ аймақтың жалпы аумағы – 925 шаршы шақырым.

«Ажал теңізінде» тек техникалар емес, уақыттар да жоғалатыны анықталған. Бермуд үштағаны үстімен ұшып өтетін «Боинг-727» ұшағында осындай жағдай орын алған. Әуе кемесі қауіпті аймаққа жақындағанда құрлықтағы бақылау орталығының ра­дарынан бақандай он минут жоғалып кеткен. Ауа райының қолайлы кезінде орын алған бұл жағдайды орталықтағылар апатқа санаған. Алайда он минут өткеннен кейін алып ұшақ радар экранында қайта пайда болады. Тек әуежайға қонған ұшақпен жеткен жолаушылардың қол сағаттарындағы уақыт он минутқа қалық екені анықталған.

Жалпы Бермуд үштағанында өзге де адам сенгісіз жағдайлар орын алып келді. Алып кемелер осы аймақта теңізшілерінен айрылып, теңіз бетінде иесіз қалып қоя береді екен. Расында, «адамдары қайда кетті?» деген сауалға әлі күнге жауап жоқ. Кей деректерде кемелер мен ұшақтар экипаждары бір цилиндр тәріздес мөлдір дененің адам бағындырмаған жылдамдықпен ұшып жүргенін байланыс құралы арқылы жеткізіп отырған. Осындай хабарламалардан кейін із-түзсіз ғайып болған. Сондай жағдайлардан соң жедел іздестіру тобы не техника қалдықтарын, не адам мүрделерін таппаған көрінеді. Жұмбақты зерттеуші американдық Арт Форд 1945 жылы апатқа ұшыраған «Эвенджер» ұшқыштарының радио байланыс құралы арқылы айтқан соңғы сөзіне аса мән берген екен. Ұшқыштар командасының басшысы Ч.Тейлор былай депті: «Біздің соңымыздан ермеңдер! Олар аспандағы тіршілік иелері». Расында жат-әлемдіктер ұшқыштар мен теңізшілерді ұрлап жүр ме? Ал ғалымдар мұны әртүрлі жағдайлармен байланыстырып әлек. Бірақ нақты дәлел жоқтың қасы.

Енді мақаланың басындағы 100 жыл бұрын жоғалған кеме оқиғасына оралайық. Кеме шынында да табылған. Бірақ бұл оқиға 2016 жылы болған. АҚШ мұхит және атмосфералық зерттеулер ұлттық басқармасының маман­дары 95 жыл бұрын жоғалған АҚШ ӘТК Conestoga кемесін тапты. Conestoga 1921 жылы 25 наурызда Гавай аралдарына аттану үшін Сан-Франциско портынан шыққаннан кейін жоғалды. Алғаш рет оның сынған бөлшектері 2009 жылы Сан-Францискодан батысқа қарай 50 шақырым жерде 60 метрге жуық тереңдіктен табылған. Алайда белгісіз себептермен оның бөлшегі екені анықталмады, деп хабарлады «Интерфакс». АҚШ мұхит және атмосфералық зерттеулер ұлттық басқармасының мамандары кеме теңіз дауылы салдарынан апатқа ұшыраған деп болжам жасаған.

Дайындаған А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: