Жұма, 29 наурыз, 16:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада шыққан басылым редакторы болды

19.10.2021

909 0

Қазақ әдебиетіндегі қабырғалы қаламгердің бірі де бірегейі – Сәбит Мұқанов. Оның көптеген шығармалары әлі күнге дәуір биігінен бәсеңдемей келеді. Ол әдебиет пен мәдениеттің алтын қазығы, жел жетпес жүйрігі. Әдебиеттің барлық салаларына қалам тартқан әмбебап жазушы. Бұл уақыт айқындаған тарих шындығы.

Өз заманында қаламдастарымен қатар поэзия, проза, драматургия және әдеби сын-зерттеу салаларында көптеген еңбектер жазды. Жастайынан тағдырдың кермек дәмін татса да бойына біткен қажырқайратымен жарқын болашақ жолында жалынды іс атқара білді.

Болашақ қаламгер жастайынан қисса-дастандар жаттауға бейім болып ержетті. Сол заманғы әдеби кітаптарды ынтазарлықпен оқып, оқу-жазуға деген талабы жыл өткен сайын арта түсті. Осылайша өнер білімге деген қызығушылығы ерте жастан оянды. Абай мен татар ақыны Тоқайдың өлең кітаптарын оқи жүріп, ақындық сана сезімі өзгереді. Көңілінде өлең жазып, ақын болу арманы арта түседі.

1919 жылы тұңғыш рет «Бостандық» атты жаңа кітабы жарық көрді. Ол осы басылымда талантын жаңа қырынан таныта білді десек қателеспейміз. Себебі ол осыдан бастап қаламгерлік жолға біржолата бет бұрып, көптеген өлеңдер мен поэмалар жаза бастайды. Жоғарыда жазғанымыздай, Сәбит Мұқановтың оқу білімге деген құштарлығы жас кезінен басталған. Ол бойындағы білімге деген құштарлығымен 1918-1919 жылдары Омбыдағы мұғалімдер курсында оқиды. Осында жүріп Мағжан Жұмабаевпен тұңғыш рет жүздеседі. Содан кейін 1922 жылы рабфакқа (жұмысшы факультеті) түсіп, оны 1926 жылы бітіріп шығады. 1922 жылы өзі іздеп барып, сол кездегі үкімет басшысы әрі аты аңызға айналған ақиық ақын Сәкен Сейфуллинмен танысады. Бұдан әрі екеуі идеялық бірлікте болып сыйластықта ғұмыр кешеді. Сәкен мен Сәбит тілек мақсат жолында тұтасып кеткен қайраткерлер екенін осы мақаланы жазу барысында ізденген кезде ғалым Тұрсынбек Кәкішовтің жазбаларынан байқадық.

20-жылдардың екінші жартысында ақын шығармашылығында үлкен ілгерілеу болды. Атап айтар болсақ, «Сұлушаш» дастаны мен «Адасқандар» романы жарық көрді. Ал 30-жылдары оның қазақ поэзиясына тың ізденістер әкелген өлеңдері жарияланды. Соның бірі 1933 жылы жазылған «Майға сәлем!» өлеңі. Ақын осы өлең жолдарында былай деп келтіреді.

«Мың сәлем саған, Мәңгі, жолдас Майым! Сен жылда жас жігіт боп келген сайын, Жер жібек, барқыт киіп, Жасыл желек. Бүркенеді үйеңкі, терек, қайың. Басқаға қымбат, саған тегін, арзан, Түрлі гүл: інжу, жақұт, лағыл, маржан. Үстіңде төгіледі, үкің бұлт, қалпағың күн», – деп жазады. Мұнда байқағанымыздай жаз мезгілінің осы кезеңін әсерлі өргені анық байқалып тұр. Бұл өлеңнен оның сол кезеңдегі ішкі сезімін аңғару қиын емес.

Сәбит Мұқанов 73 жыл ғұмырында артына өшпес ғибратты із қалдыра білді. Соның жарқын айғағы қазақ әдебиетіндегі «Сұлушаш», «Адасқандар», «Ботагөз», «Өмір мектебі» шығармалары болатын. «Сұлушаш» романының «Кілт» дейтін тарауы таза ақиқатқа негізделген. Ал ақиқат қаншама қарапайым болғанымен ешқашан естен шықпайтындай қасиетке ие. Сәбиттің жастайынан көрген қиыншылықтары сәби көңіліне шер болып байланғаны жасырын емес. «Неге тудым?» деген алғашқы өлеңнің өзі түйсіне білген адамға терең сыр сездіреді

«Бай баласын сүйгенде шешелері,

Жүрегім суық мұзға төселеді.

Менің де сондай сүйер шешем болса,

Көңілім қандай болып өсер еді?

Бұл қалыппен өткізіп біраз жылды,

Көріме алып кіремін қайғы-мұңды», – деп тебірене жыр жаздырған қалам қуаты болатын.

Заманым келді деп атқа да қонды. 1916-1917 жылдары дауыл екпінін күшейтуге үлес қосты. Бостандықты жырға қосты. Түпкі ойын бүкпесіз ашық айтты. «Бостандық» деп аталатын туындысында:

«Ах, кедейлер, – деп жүрмеңдер, – бос қалдық».

Еңбек етсең, білім, өнер сенікі,

Өзің ие, міне, саған бостандық! – деп сөзбен қолдау көрсеттіКүш жоқ кезде күштілерден жасқандық.

Ерлік көңілмен, өткір өлеңмен қайрау керектігін түсінді. Өлеңін сәндеп, ажарлап жазуға уақыты болмады. Өйткені оған сол замандағы аттың жалы, түйенің қомындағы мың сан шаруа мұрсат бермеді. Бұл кез келген көзі ашық адамға түсінікті де болатын. «Адасқандар» романына сол кезеңдегі бай балаларының шалыс қадамын арқау етіп, алашшыларды таң қалдырғаны бөлек әңгіме.

1925 жылы Қызылорда ел астанасы болған жылдары Сыр өңірінде басылған «Еңбекші қазақ» газетінде А.Сегізбаев, К.Ғабдуллин, Н.Жолдыбаева, С.Сейфуллин, Т.Арыстанбековтермен қызметтес болып, газетке бас редактор болып жетекшілік жасады.

«Біз еңбегімізбен дән өсіріп жатырмыз. Жазушылар мен ақындар елдің ырыс-берекесін жасап жатқан біздерге көз қырын көбірек салса, құба-құп болар еді. Астанадағылар еккен дәнді, өріс толған малды келіп көрсін. Жазушыларыңа, ақындарыңа соны айта бар».

1947 жылы күріш дақылынан мол өнім алып, дүниежүзілік рекордтық көрсеткішке қол жеткізген даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың дархан көңілінен шыққан сөзіне Сәбит Мұқанов:

– Ыбеке, айтамын, жеткіземін, тілегіңізді!, – деген екен. Аманатқа қиянат жасамады. Жеткізді де. «Сырдария» романын еңбек даласының алыбы Ыбырай Жақаевқа арнай отырып, қарапайым еңбекші халықтың ел ішіндегі тыныс-тіршілігін суреттеген болатын.

Иә, расыменде дала дарабозының аузынан шыққан ақиқаттың айтары да, алаңдатары да бар екен. Анығында елдің ырысын да, берекесін де жасап жатқан еңбекші қауым емес пе?

Халықтың қайнаған ортасынан шығып, сол халқының рухани әлемін көркейтетін сүйікті жазушысы бола алған қаламгер қарапайым еңбек адамының хал-ахуалын артық ұғынса керек. Диқанның орынды айтылған сыни назы жазушыға қаламгердің көптен көкейінде жүрген кейіпкерінің атынан айтылғандай әсер етті.

«Сырдария» романын жазу барысында жазушы Сыр бойының табиғатына байланысты аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерді тірнектеп жинай жүріп, жергілікті еңбек адамының жан-дүниесіне де үңілуге ерекше ықылас қоя білген. Кіммен болса да ортақ тіл тауып, әңгімелесе алатын Сәбит Мұқанов Ыбырай Жақаевпен де ауылдағы арық жағасында ел мен жер жайы туралы емен-жарқын сыр шерткені белгілі.

Бұл күндері сол сырлас та, сыйлас та болған екі асылымыздың тұрған үйлері де мұражайға айналған. Әрқайсысының өзіндік үні, шертер сыры бар. Саналы ғұмырларын ел игілігі жолына арнаған белгілі жазушы мен қадірлі еңбек адамының халқына берген тағылымдары зор.

Сәбит көзі тірісінде Қазақстанның мемлекеттік орталық мұражай қорына 141 томнан тұратын хаттарды өз қолымен тапсырған екен. Бүгін де бұлар үлкен құндылықтар қатарына жатады. Сол көне хаттар жинақталып, жеке жинаққа енгізілді. Онда ұлы жазушының жан сыры, мөлдір мұңы арман-тілегі мен еліміздің тарихи шежіресі, мәдениеті түгел топтастырылған. Әлемдік деңгейдегі тұлғалармен, ұлт зиялыларымен жазған хаттары ұрпаққа өшпес өнеге саналады.

– Сәбит Мұқанов алғашқы кәсіби жазушылардың бірі деп анық айтуға болады. Қазақ әдебиетінде жазушының қалам тербемеген жанры жоқ, жазбаған дүниесі жоқ, қазаққа байланысты зерттемеген тақырыбы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Сәбит Мұқанов қазаққа қазақты танытқан алғашқы жазушыларымыздың бірі деп есептейміз. Қаламгердің біраз хаттарын оқығанмын. Оның барлық хаттарында қазақ халқына деген ыстық ықыласы мен махаббаты айқын аңғарылып тұрады. «Өмір мектебі» атты үш томдық мемуарлық романы тарих пен әдебиет жағынан қазақ мектептерінің оқулығына жарайтын құнды қазына болып табылады. «Мұқановтың хатханасы» кітабы да жазушының «Өмір мектебі» романын қосымша маңызды мағлұматтармен толықтырып тұрғандай әсер етеді. Сәбит секілді жалынды жазушылар шығармашылығы бар да қазақтың рухани жан-дүниесі жаңарып, жасай бермек,– дейді Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.

Ал жазушы Оралхан Бөкей өз сөзінде «Сәбит Мұқанов – мектеп, Мұхтар Әуезов – университет» деп баға берген болатын. Бұл ұлы қаламгерлерге берілген шынайы әділ баға десек артық айтқандық болмас.

– Сәбит Мұқановтың жазған шығармаларын оқымаған қазақ жоқ десек те болады. Оның әрбір туындысынан ұлтымыздың бойында бар ізгі қасиеттерді байқауға болады. Ал енді қай дәуірді алып қарасаңызда кітаптың орны бөлек. Кітап туралы жарты әлемді жаулаған Әмір Темір былай деген сөзі бар. «Мен қаланы далаға, даланы молаға айналдырдым. Жарты әлемді жауладым. Бірақ бұның бәрі мені тарихта қалдырмайды. Мені тарихта қалдыратын тек қана кітап» депті бір сөзінде. «Бір адам құдық қазса, мың адам одан су ішеді» деген. Сәбит шығармаларын оқи отырып, сол кезеңнің шындығына көз жеткізесің. Еліміз егемендік алған сәттен бастап тарихи тұлғаларымызды ақтап алу, дәріптеу жүйелі түрде жалғасын тауып жатыр. Бұл – сөзсіз тәуелсіздіктің жемісі,– дейді ақын Рафаэль Ниязбеков.

Жазушының іргелі әдеби зерттеу еңбектері, толып жатқан әдеби-сын мақалалары мен көркем очерктері жазушы мұрасының қомақты бөлігі болып табылады. Сәбит Мұқанов – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Оның көптеген іргелі туындылары бұрынғы КСРО халықтары мен басқа да шетел тілдеріне аударылған.

Қорыта айтканда, ұлы дарын иесі қазақ кеңес әдебиетінің негізін қаласкан және оның өркендеуі үшін орасан еңбек сіңірген аса көрнекті сөз шебері. Қазақтың әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымын өрге сүйреген жауынгер сыншы, парасатты ғұлама. Қазақ әдебиетінің мақтанышы Сәбит Мұқанов өзінің өнегелі де өміршең шығармаларымен қазақтың жаңа ұрпағына рухани азық беріп, ғасырдан-ғасырға жасай береді.

Т.ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: