Бейсенбі, 25 сәуiр, 09:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Желтоқсан – қалғып бара жатқан қазақтың қайта оянуы»

21.12.2021

1208 0

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жұрт жадында әлі күнге жаңғырып тұр. Сол кездегі кеңестік жүйеге қарсы тұрған қазақ жастарының отансүйгіштік сезімі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бойларында ұлттық рухы бар өрімдей қыз-жігіттер алпауыт елдің айбарынан сескенбей өз елінің намысын қорғап, орталық алаңға шықты. Солардың ішінде біздің сырбойылық бір топ жастар да болды. Соның бірі – Фарида Дүйсенова. Тәуелсіздік күні қарсаңында желтоқсан оқиғасының куәгерімен болған сұхбаттымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Фарида Ескенеқызы, сол жылдары қанша жаста едіңіз? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Ол кезде жасым жиырмаға да толмаған уақыт. Алматыда жоғары оқу орнының 2 курс студенті едім.

– Желтоқсан оқиғасы кезінде бастан өткен оқиғаңыз туралы тарқатып айтып берсеңіз?

– 1986 жылы Алматының алаңына жаман оймен барған жоқпыз. Біз бейбіт ереуілге шыққанбыз. Орталық Комитет пленумының республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевты жұмысынан босату жөніндегі шешіміне қарсылық білдірген замандастармен бірге желтоқсанның 16-17 күндері алаңға бардық. «Менің Қазақстаным» әнін шырқадық. «Ұлт саясаты бойынша әр елді өз ұлтының өкілі басқару керек» деген талап қойылды. Ұрандар жазылған лозунгтер көтерілді.

Бұл қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісі болды. Сонда белсене қатысқан өрімдей жігіттер мен қыздарға әскери күш қолданғаны артық болды. Өрт сөндіргіш машиналармен су атқылағаны, жастарды аяусыз жазалап, машинаға тиеп алып, Алматының шет жағына апарып тастағанын көзбен көрдік. Бұл туралы талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Мұның бәрі шындық. Кей жағдайларда «періштесі қағыпты» деп жатады ғой. Соны осы кездері ойлап қоямын. Үсті-басымыз су-су болып, жатақханаға қайтып келдік. Ертеңіне жатақхананы әскерилер қоршап, ешкімді сыртқа шығармады. Екі күннен кейін ғана сабағымызға бардық.

– Одан кейінгі өмір жолыңыз қалай өрбіді?

– Аллаға шүкір, оқуымды сәтті аяқтап, туған жерге оралып, қызмет етудемін. Біздің курстастарымыздың арасында да сол кезеңнің салқынымен оқудан шығып қалғандар болды. Кейбірі кейін ақталып, оқуын жалғастырды.

– Сол кезде қоғамның көзқарасы қандай болды?

– Жатақхана жанындағы милиция бөлімшесіне шақырып, сұрақтың астына алды. Алаңда түсірген фотоларды көрсетіп, алаңға барған, бармағанымызды тексерді. Сол күндері кадрға ілікпей қалғанымызға шүкір дедік. Одақтық, республикалық басылымдарда сол күнгі оқиғаны «Алматының студент-жастарын маскүнемдер, нашақорлар» деп көрсетіп, солардың қатысуымен жаппай тәртіпсіздік орын алды» деген теріс ақпарат таратты емес пе. Бірақ қазақтың жастары ондай теріс қылықтарға барған емес. Бейбіт шеру болды. Әскерилер мен ішкі істер органдары өкілдерінің жастарға ит қосуы, дубинкамен соққыға жығуы, шаштан сүйреп, қақаған қыста сумен атқылауы, далаға апарып тастауы ақылға сыймайтын сорақылық болды. Бұл алаңға жиналған жастардың ашу-ызасын тудырды.

– Бүгінгі күні желтоқсан оқиғасы шынайы бағасын алды деп ойлайсыз ба?

– Әлде де болса желтоқсан оқиғасының шындығы толықтай ашылған жоқ деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты ұлтжанды екендігін көрсетті. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйеге бірінші болып қарсы шықты. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа, ұлттың мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп жазды. Ұлт тағдырына өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда дір етпейтін жүрек жоқ.

Желтоқсан – күллі кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы. Желтоқсан – қалғып бара жатқан қазақтың қайта оянуы еді. Бұл – өршіл намыс пен мұқалмас жігердің Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған алауы. Бір тәубе етеріміз, солардың қажырлы қайраты мен жастық тегеуріні нәтижесінде тоталитарлық құрсаудың тоңы жібіп, Тәуелсіздік таңы атты. Сондықтан да тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: