Дүйсенбі, 25 мамыр, 21:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38 (2250)
23.05.2026
PDF мұрағаты

Мемлекеттік қызметке қабылдау «Е-қызмет» жүйесі арқылы автоматтандырылады

25.05.2026

58 0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң қабылданды. Құжат мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, кадрлық жүйені жетілдіруге және халыққа сапалы қызмет көрсетуге негізделген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жаңа заң мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Негізгі басымдықтардың бірі мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру, яғни халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнату.

-Жаңа редакциядағы заң мемлекеттік қызметтің мақсаты мен міндеттерін нақты айқындап, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды жүйелейді. Сонымен қатар, азаматтардың өтініштерін қараудағы формализмді азайту, цифрлық сервистердің қолжетімділігін арттыру және құқықтық кедергілерді жою көзделген. Заңда сайланбалы лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшілердің жеке санаты ретінде қарастырылған. Оларға арнайы оқыту тәртібі енгізіліп, кейбір кадрлық рәсімдерден босату тетіктері белгіленген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында даярлау институты енгізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін қамтылады, – деді Ерлеген Мендалиев.

Заңдағы маңызды өзгерістердің бірі – кадрлық процестерді толық цифрландыру. Енді мемлекеттік қызметке қабылдау «Е-қызмет» жүйесі арқылы автоматтандырылып, лауазым үш айдан астам уақыт бос тұрған жағдайда, конкурс автоматты түрде жарияланатын болады. Бұл өз кезегінде ашықтықты арттырып, кадр іріктеу үдерісіндегі уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Құжатта мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына да ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлерге бір реттік төлем жасау, қосымша ақылы демалыс беру және мереке күндеріндегі жұмыс үшін жоғарылатылған еңбекақы төлеу тетіктері қарастырылған.

Сонымен қатар, қызметтік ауысулар кезіндегі кепілдіктер, кадрлық мобильділік, тәртіптік жауапкершілік пен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары заң аясында нақты бекітілген.

Жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын арттырып, халыққа бағдарланған тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: