Сейсенбі, 07 мамыр, 06:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Жасыл әлемде жақсылық көп

18.02.2023

975 0

Кейде жас буынның ісін үлкендерге үлгі еткің келеді. Табиғатқа жанашырлық, айналаны таза ұстау, су мен жарықты үнемдеу мәселесі кейде сөз жүзінде қалып жатады. Қоршаған ортаға немқұрайлылық танытатынымыз жасырын емес.

Ал жас буын сөзден іске көшіпті. Жас болса да бітірген ісі таудай жеткіншектердің нәтижелі жұмысы өзгелерге үлгі боларлық. Олардың қоқысты да кәдеге жарытып, жарықты үнемдеп, суды тиімді пайдаланғаны, мектеп айналасын жасылға айналдырған тіршілігін, тіпті эко бұйымдар жасағанын көрсеңіз, шынында да, ойланып қаласыз. Біз әңгіме етіп отырған кейіпкерлеріміз – қаладағы Әли Мүсілімов №101 мектеп оқушылары. «Жасыл мектеп» жобасын жүзеге асыруды қолға алған білім ордасы атына заты сай.

«Жасыл мектеп» жобасы бойынша мектепте атқарылған жұмыс көп. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөнін­дегі орынбасары Мөлдір Смаханованың айтуынша жоба жеті бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда, 1 бағыт – биоалуантүрлілік;

2 бағыт – суды үнемдеу;

3 бағыт – энергия үнемдеу;

4 бағыт – қалдықтарға сараптама жасау;

5 бағыт – экологиялық-ақпараттық жұмыс;

6 бағыт – салауатты өмір салтын насихаттау;

7 бағыт – дұрыс тамақтану.

«Жасыл мектепте» «гидропоника» деген ұғым бар. Бұл әдіс бойынша топырақсыз, қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіреді.

  – Гидропоника қымбат әдіс емес. Бұл өсімдіктердің тамыр жүйесі субстратқа батқанда тым көп өспейтініне байланысты. Қазіргі әдісті қолданған кезде жеміс өсімдіктерінің өнімділігі едәуір артады. Сәндік өсім­діктердің қарқынды гүлденуі олардың өсуіне гидро­пониканың оң әсерін дәлелдейді. Бұл әдіс өсімдікті барлық қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етуге көмектеседі, – дейді Мөлдір Смаханова.

Бұл әдіс арқылы өсірген өнімін оқушылар мектеп асханасына тағамға қосуға ұсынуда. Яғни еңбектің нәтижесі. Сондай-ақ жасыл мектеп оқушылары білім ұясында жылыжай ісін дамытуды қолға алған. Көлемі 40 шаршы метр жылыжайда оқушылар табиғатқа жақындай түсті.

– Оқушыларға жаратылыстану пәнін теориямен қатар практикалық жұмыстарды жүзеге асыру, оларды еңбекке баулу, келешекте жылыжай ісінің маманын дайындап, қысы-жазы балғын көкөністермен қам­тамасыз ету мақсатында жылыжай жұмысы үшінші жыл қатарынан жұмыс жасауда. Жылыжайда көкөністер минералды мақта мен ағаш үгісінде  өсіріледі. Көкөністер тамшылап суару тәсілі арқылы суарылады. Сол жерден тамыр өзіне қажетті қоректі алып отырады. Жылыжай қажетті шамдар мен желдеткішпен қамтылған. Қыста жылыжай жылыту батареясымен жылытылады. Жылыжайда оқушылар мектептің ғылыми жетекшісі Құрманбаев Рахат Хамитұлы және пән мұғалімдерімен қияр, қызанақ, құлпынай, болгар бұрышы, баялды өсіруде. Эксперимент ретінде көкөністердің әртүрлі сорттарын алып, тұқымнан өсіріп келеді, –деді мектеп директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Бір айта кетерлігі, оқушылар жылыжайда құл­пынайды топырақсыз, ағаш үгінділеріне еккен. Бұл әдіспен өсіру экологиялық, экономикалық жағынан да тиімді екен.

«Жасыл мектеп» жобасы білім ордасында игі істерді атқаруға ықпал етті десек артық болмас. «Жасыл сақшы» эковолонтерлар тобы мектеп айналасын жасыл желекке айналдыру ісіне кірісіп кеткен. Мектеп ішінде тірі табиғат бұрышы ашылса, мектеп ауласында арнайы аллея жасалып, мұғалімдер мен оқушылардың демалуына, спортпен шұғылдануына жағдай жасауды да өздері ұйымдастырған.

 Жасыл елге айналуды мақсат еткен оқушылардың бұл мақсаттағы жүзеге асырған жобасы тіпті керемет. Мектепте баламалы энергия көздерін пайдалану жүзеге аса бастады. Анығын айтқанда,  жел энергиясын электр энергиясына айналдыратын ҒТ-400 маркалы меха­никалық қондырғы орнатылған, электрлік қуаты 400 ваттық, қалақшаларының айналдыру жылдамдығы 12-17м/c, диаметрі 48мм,  1200-1300мм құрайды.  Мек­тептің кіре берісіне «Өз телефоныңды қуаттандыр»  деп аталатын бекеті қойылған. Бұл жас жеткіншектердің экологияны сақтау адамның өз қолында екеніне көз жеткізуге әсер ететіні сөзсіз.

 Мектепте сенсорлы кран орнатылған. Нәтижесінде ұстаздардан бастап оқушылар да суды үнемдеуді үйреніп келеді.

Жобаның келесі бағыты – қалдықтарды өңдеу, қайта өңдеу. Қалдықтарды сұрыптау мақсатында мектептің әр бұрышында эко-жәшіктер қойылып, мұғалімдер де, оқушылар да қалдықтарды бөліп тастауға дағдыланған. Бір қызығы, қалдықтарды өңдеу мектепте жүзеге асуда. Қалдықтың басым бөлігі қағаз болғандықтан оқушылар зерттей келе, тиімдісі биоотын жасау екенін түсініп, жасай бастады. Оқушылар жасаған биоотын газ жетпеген ауылдарға жеткізілуде. Тағы бір атап айтарлығы, пластикалық қақпақшаларды қайта кәдеге жарату. Оқушылар қақпақшаларды бөлек жинап, массажды жолдар жасауды қолға алған. Сонымен қатар жеткіншектер эко өнім жасауда. Мәсе­лен, асқабақ­тан жа­сал­ған эко са­бын мен кос­­­ме­ти­ка­лық мас­калар да осы мек­­тепте жасалуда.

Сондай-ақ жеміс­тердің табиғи құрамын сақтау үшін жемістерді кептіру жұмысын да жүзеге асыруда. Яғни «Eco sneki» брендімен оқу­шылар арасында танымал экологиялық таза жемістер ар­найы дегидратор аппаратында кептіріледі. Кептіру температурасы 50 градус пен 70 градус арасында жүргізеледі. Дегидраторда жемістер 10-12 сағат аралығында кептіріледі. Осындай әдіспен кептірілген  жемістер бойындағы дәрумендерін  толық сақтап қалады.

«Жасыл мектеп» жобасын жүзеге асыру­да мектеп директорынан бастап ізденіс үстінде екені байқалады. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетелік, мектеп басшысы Айгүл Уткелбаева былтыр мамыр айында Беларусь елінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Бұл елде халықаралық деңгейде жасыл мектептер желісін құрған. Үздік тәжірибені көріп, жасыл мектептермен байланыс орнатып, Беларусь елімен меморандумға қол қойған. Нәтижесінде халықаралық марафон ұйымдастырылып, тәжірибе алмасуды жолға қойған. Сонымен қатар Еуразия ұлттық университетімен де тығыз байланыс орнатқан.

Айтпақшы, мектепте «Eco-friendly» клубы құрылған. Клуб мүшесі болғысы келетіндерге қойылатын талап бар. Яғни клуб мүшесі экологияны сақтауға үлес қосуда үлгі болатындай жан болу қажет. Күнделікті өмір салтын сүзгіден бір өткізіп, тұтынатын бұйымдарын бір қарап, тіпті суды үнемдеуге мән беруі тиіс. Оған үнемі эко сөмке ұстау да міндеттелген. Міне, жеткіншектердің осындай ұста­нымы бар. Үлгі аларлықтай іс.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: