Жұма, 31 мамыр, 02:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42-2052
28.05.2024
PDF мұрағаты

Ана бақытын сезіндірген «Аңсаған сәби»

18.02.2023

860 0

Сурет: Sputnik.tj

2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Осылайша, экстра­корпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны да артты. Бұл өз кезегінде еліміздегі мыңдаған отбасының сәби сүю бақытына ие болуына жасалған мүмкіндік. Ал барлық шығын мемлекет қаржысы есебінен төленеді.

Елімізде жасанды ұрықтандыру арқылы бала сүю әдісі көптен бері қолданылып келеді. Алайда оған кететін шығынды көп отбасының қалтасы көтермейтіні белгілі.

Соңғы дерек бойынша елімізде 20 мыңға жуық әйелге, мыңнан астам ер азаматтарға бедеулік диагнозы қойылған. Өкінішке орай, репродуктивті  жастағы 18 бен 49 жасқа дейінгі адамдар арасында бедеулік диагнозы мен несеп-жыныс жүйесі аурулары ерлерге қарағанда әйелдер арасында басым екен. Бұған ерте жастан қатынасқа түсу, инфекциялық ауруларды жұқтыру, сондай-ақ, дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын ұстанбау сынды факторлар әсер ететінін дәрігерлер жиі айтады.

Әйелдер арасында бедеулікке апаратын бірден-бір жағдай жатыр түтікшесінің бітелуі екен. Сондықтан осы дертті емдеуге және алдын алуға денсаулық саласында басымдық беріліп келеді. Ол үшін жергілікті емхана тарапынан тіркеуге алу, тексеру, ем-дом шарасын жасау тегін жүргізіледі. Ал ерлердегі бедеулікке мамандар бірнеше фактордың әсер ететінін айтады. Оның ішінде жоғарыда айтылған қатынас арқылы жұғатын инфекциялық аурулар, бала кезде туберкулез, бруцеллез, қызылша ауруының қабынуы, генетикалық жолмен берілуі және қазіргі күні көп кездесетін артық салмақ, тез дайындалатын тағамдарды, энергетикалық сусындарды жиі пайдалану, моншаға да жиі түсу ұрық сапасының төмендеуіне себеп болуда.

Денсаулығында осындай кінәраты бар ерлі-зайыптылар аталған бағдарлама аясында жасанды ұрықтандыру арқылы сәби сүйе алады. Ол үшін жергілікті емханаға барып, денсаулық жағдайын анықтап, тіркеуге тұруы қажет. Экстракорпоральды ұрықтандыруға қатысушылар «Аңсаған сәби» жобасы аясында жылына бір рет тегін жолдама ала алады.

Елімізде 2010 жылдан бері қолға алынған экстра­корпоральды ұрықтандыру бағдарламасына 2021 жыл­ға дейін жылына 1 мың квота бөлінетін. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 7 есеге ұлғайды. Солай жобаға қатысушылардың да қатары артып, бала сүю бақытын сезінгендер саны артты.

Ал облыста аталған жоба басталғаннан бері 800-ге жуық жанға квота беріліпті. Былтырдан бері балалы болуға үмітті 462 отбасы тізімге енгізілген.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасының басты мақ­саты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Жалпы бұл бағдарлама 2021 жылдан бастап елімізде жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында көптен бері сәби күтіп жүрген отбасылар балалы болды. Біздің аймақта да аталған бағдарламаның көмегімен нәрестелі болып жатқан жандар аз емес. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы облыста 281 квота бөлініп, ол былтыр қараша айына дейін толық игерілді. Нәтижесінде 119 бала экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы дүниеге келіп, үш отбасында егіз сәби дүниеге келді. Ал өткен жылы 277 квота бөлініп, оның орындалу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Мәселен, былтыр 161 жүктілік есепке алынды. Олардың ішінде 42 әйел ана бақытына ие болса, биыл 45 әйел жүктілікке байланысты есепке алынды. Қазір олар дәрігерлер бақылауында, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Миранбайқызы.

Иә, бұл күнде бір балаға зәру қаншама жан бар. Отбасын құрған әрбір жанның бала сүю бақытына бөленіп, сәбиін құшағына алғысы келетіні рас. Десек те, мұндай бақыт біреуге ерте, біреуге кеш бұйырып жатады. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы осындай отбасылардың үмітін жалғаған жобаға айналуда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: