Аймақтың бас дәрігері Әбілпатта Алмас Әбдіғаппарұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәжіліс залында 2023 жылдың қыркүйек айынан Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарған Қуанышбаев Бауыржан Мұратбекұлына жаңа қызметке ауысуына байланысты ізгі тiлегiн білдіріп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлының «Алғыс» хатын табыстады.
Бас дәрігерлердiң қатысуымен өткен жиында Алмас Әбдіғаппарұлы Бауыржан Мұратбекұлының Арал ауданында қызмет атқарған жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында межелі міндеттер мен сала бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізілгендiгiн атап өтiп, бiлiктi дәрігер, тәжірибелі маманның алдағы қызметіне сәттілік тіледi.
Атап айтар болсақ, соңғы үш жылда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданға қарасты Қызылжар, Бөген және Тоқабай елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялармен қатар Көктем ауылында медициналық бекет салынып, пайдалануға берілді.
2024 жылы салаға 25 санитарлық автокөлік табысталып, шалғай орналасқан Сазды, Жіңішкеқұм, Құланды, Жаңақұрылыс, Ақбасты, Қарашалаң және Мергенсай елді мекендері заманауи медициналық автокөліктермен қамтамасыз етілді.
Өткен жылы көптен шешімін таппай келе жатқан Сексеуіл кентіндегі 25 төсектік аурухана пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Арал қаласында «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Бүгінде бұл орталық Арал және Қазалы аудандарындағы 2-17 жас аралығындағы балаларға медициналық көмек көрсететін бірегей мекемеге айналды.
Жыл басында орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейроинсульт және 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай құрылысы аяқталып, ел игілігін көруде. Жыл соңына дейін аталған орталықты МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтау жоспарлануда. Сонымен қатар тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратының құрылысы да толық аяқталып, ел игілігіне табысталды.
Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында да соңғы жылдары 8 маман шет елдерде білім алып, тәжірибе жинақтады. Атап айтқанда, Түркия, Ресей және Литва мемлекеттерінде анестезиолог, кардиолог, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог және акушер-гинеколог мамандары өз білімдерін жетілдірді. Аудандағы кадр тапшылығын азайту мақсатында соңғы екі жылда 5 дәрігерге облыстық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
