Бейсенбі, 28 мамыр, 16:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Оба ауруы туралы не білеміз?

28.05.2026

37 0

Фото: ашық дереккөзден


Оба – өлім көрсеткіші өте жоғары, аса қауіпті, зоонозды, табиғи ошақтық жұқпалы аурулардың қатарына жататын карантиндік жұқпалы ауру.


Инфекцияның жабайы табиғаттағы көзі құмды, шөлейтті аумақтарда өмір сүретін кеміргіштер, ауру қоздырғышын тасымалдауышы бүргелер болып саналады. Ауру қоздырғышы жабайы табиғаттағы кеміргіштер арасында тұрақты түрде айналымда болғандықтан обадан қолайсыз аумақта жұмыс жасайтын: геологтар, барлау жасақтары, мұнайшылар, газ өндірушілер, отын, мал азығын дайындайтындар, аңшылар, малшылар, серуендеп шығушылардың арасында ауруды жұқтыру қауіпті үнемі сақталады.
Адам үшін жұқпаның көзі болып ауруды жұқтырған түйе, басқа да аңшылықтың нысаны болып табылатын жабайы кеміргіштер қатарына жататын жануарлар (қоян, суыр, сарышұнақтар және т.б.) болуы да мүмкін.
Оба ауруы өте тез жұғады. Ауа тамшылары арқылы тыныс жолдарына еніп, өкпелік түрі дамиды. Обамен ауырған түйе малын, аңшылықпен ұсталған қоян, басқа да кеміргіштерді сою, оның терісін сыпыру, етін жіліктеп, өңдеу және оны тасымалдау кезінде терімен (қолда майда жарақаттар болғанда) жанасу арқылы оба ауруының терілік- бубондық түрлері, дұрыс термиялық өңдеуден өтпеген ауру түйенің етін тамаққа пайдалану кезінде обаның ішектік түрлері дамиды. Оба қоздырғышының адам ағзасына көптеп енуінің салдарынан пайда болатын септикалық (біріншілік және екіншілік) түрлері дамып, инфекция қанға таралып, терінің қараюына (қара өлім) және ішкі ағзалардың зақымдануына әкеледі. Бүрге шаққан кезде ауру қоздырғыштары бүргенің шағуы арқылы трансмиссивтік жолмен де жұғады. Ауру қоздырғышы кемірушілер денесінде 4-5 ай, бүргелерде 1 жылға дейін тіршілік етеді.
Аурудың жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 3-6 күнге дейін созылады. Ауру аяқ астынан басталады, науқастың дене температурасы 39 – 40°С-қа көтеріліп, басы айналады. Ағзаның улануынан құсу, іштің өтуі сияқты белгілер болады, науқас есінен танып, үрей, ұйқысыздық пайда болады. Ауру асқынған жағдайда науқас көз жұмады. Ал тері-бубон обасында бүрге шаққан жерге жақын орналасқан лимфа безі ісініп, бұршақ дәніндей қызыл түсті бөрткен (іші қанды іріңге толы) пайда болады. Бөрткен жарылып жараға айналады. Ауруды емдеу тек стационарлық жағдайда жүргізіледі
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аурудың алдын алу бойынша келесі сақтық шараларын ұсынады: табиғи ошақтарда кеміргіштерді жою, бүргелерге қарсы күрес, оба ошағы бар аумақтарда арнайы қорғаныс костюмдерін киіп, жұмыс істеу және тұрғындарды және кәсібіне байланысты оба эпизоотиясымен қатынаста болу қаупі бар адамдарды обаға қарсы вакцинациялау.

Ә. Әбдіқайымова,
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: