Жұма, 29 наурыз, 19:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Үнді» штамы: айырмашылық қандай,қауіп неден?

10.07.2021

710 0

2 шілдеде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның барлық өңірінде коронавирустың «үнді» штамы анықталғанын растады. Бұл туралы Үкімет жанындағы коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарлаған болатын.

«Әлемде коронавирустың «Дельта» штамының таралуына байланысты денсаулық сақтау министрлігі жаңадан анықталған вирус талдамаларына зерттеу жүргізді. 1 шілдеде 414 сынамаға жүргізілген зерттеу нәтижесінде 48,3 процент сынамадан «үнді»к штамы анықталды», – делінген хабарламада. Алғашқы кезде вирустың жаңа түрі Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларынан анықталғанымен, кейін еліміздің барлық өңіріне таралып кеткені айтылды.

Араға бір күн салып өңірлік ком­муникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық са­ни­тарлық-эпидемиологиялық бақы­лау депар­таменті басшысының орын­басары Әлия Әбдіқайымова Қызылорда облысында да үнді штамын жұқтырғандар бар екенін мәлімдеді. Бас­қарма мәліметінше, ай­мақта 22 адамнан алынған сынаманы республикада тексеру нәтижесінде 13-нен «Дельта» штамы анықталған.

Негізінен коронавирустың мута­цияланған түрі­нің «үнділік штамм» деп аталуының себебі – 2020 жылдың қазанында Үндістанда анықталуы. Сол уақыттан бері мамандар вирустың B.1.617.1, B.1.617.2 және B.1.617.3 түрін анықтады. Олардың әрқайсының генетикалық құрамы өзгеріске ұшы­раған. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы соның ішінде «Дельта» штамын, яғни үнділік штамды аса қауіпті деп мәлімдеді. Бұл вирустың түрін барынша алдын алып, таратпауға тырысқанымен әлем елдеріне тарап кетті. «Бұл вирустың қауіптілігі қандай және қалай сақтануға болады?» деген сұрақ көптің көкейінде жүргені анық. Осыған орай вирус туралы соңғы ақпараттар, мәліметтер мен сақтану жолдарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жалпы вирустың қай түрі болса да үнемі өзгеріп, мутацияға ұшы­рап отырады. Олардың жаңа түрі бұрынғысынан да қауіпті болуы мүм­кін. ДДСҰ ұйымы коронавирустың жаңа түрлеріне атау да берді. Мысалы, альфа (британдық), бета (оңтүстік-африкалық), гамма (бразилиялық), дельта (үнділік). Мамырда денсаулық сақтау ұйымы үнділік штамның әлемге таралуына байланысты оны «қауіпті түрлер» қатарына қосты.

2021 жылдың мамыр айында Үндістандағы Ұлттық вирусология институтының зерттеушілері үнділік штамға талдау жасап, вирустың ақуызынан 8 түрлі мутация тапқан. Ол мутацияның екеуі вирустың тез таралуына көмектессе, вирусқа қарсы иммунитетіне қарсы тұрады екен. Ағылшындық эксперттер «Дельта» штамын бұрынғыдан 50 процентке қауіпті деп мәлімдесе, неміс ғалымдары тез таралатынын және антиденелерге төзімді болып келетінін мәлімдеді.

Вирустың тез таралуынан бөлек ға­лымдар оның ерекше симптомдары бар екенін де анықтаған. Оның ең басты белгісі – тұмау, бас пен тамақ ауруы. Одан бөлек дене температурасының көтерілуі мен жөтел де бар. Сол се­бептен бұл вирусты жұқтырғандар оны жай тұмау деп қабылдауы мүмкін.

Хомяктарға жасалған эксперимент нәтижесінде «Дельта» штамы өкпенің тез қабынуын туғызатынын анықтаған. Одан бөлек «Nature» журналы әлем­дік зерттеушілерге сауалнама жүр­гізіп, жаңа штамның қазіргі кезде қолданыста жүрген ем-дом шараларына төзімді деген қорытындыға келген.

Қазіргі кезде бұл вирусқа төтеп берудің басты жолы – жаппай вак­циналау. Дәрігерлер мен ға­лымдардың тұжырымдамасы бойын­ша барлық вакцина «Дельта» штамына төтеп беруге қауқарлы. Екпенің тиім­ділік сапасы сәл төмендегенімен, оның вирустың алдын алуда қауқары жоғары бағаланып отыр.

«Public Health England» жүргізген зерттеудің қорытындысы бойынша «AstraZeneca» вакцина­сының екі до­засы вирусқа төзімділігі жағынан ең жоғарғы көрсеткішке ие болған. «AstraZeneca»-ның «Дельта» штамы­на қарсы тұру тиімділігі 92 про­центті, ал «Pfizer-BioNTech» вак­цинасы 88 процентті көрсеткен. Сондай-ақ бақылау барысында жап­пай вакциналау үнділік штамның таралуының алдын алатыны анық­талған. Ал ДДСҰ өз кезегінде ви­рустан зардап шегіп отырған елдерді вакциналауға көмек­тесу керек екенін айтты.

Әлемдегі және ел ішіндегі эпиде­мио­логиялық ахуалға байланысты 2 шілдеден бастап Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы күшіне енді. Қаулы бойынша барлық облыс, Алматы, Нұр-Cұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік ор­гандар, құқық қорғау және арнайы органдар, «Атамекен» ҰКП, ұлттық компаниялар, меншік нысанына қара­мастан заңды тұлғалар 15 шілдеге дейін вакцинаның бірінші компонентін, ал 15 тамызға дейін екінші бөлігін ұйымдастыруы тиіс. Ақпараттық-тү­сіндірмелік жұ­мыстарды да күшейту тапсырылды. Жаңа қаулыны дайындау барысында Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов Ата заң мен Денсаулық сақтау кодексі және профилактикалық екпе жүргізу қағидаларына сүйенгенін айтты.

Қаулы бойынша «Covid-19» виру­сына қарсы вакцина салдырма­ғандардың жұмысқа жіберілуіне шектеу қойылып отыр. Олар жұмысқа келу үшін апта сайын ПТР-тест тап­сыруға міндетті. Денсаулығы вакцина алуға жарамайтын және соңғы 3 айда коронавируспен ауырғандар тест тап­сырмауына болады.

Дәрігерлердің айтуынша, «дельта» штамы әдет­тегі вирусқа қарағанда жылдам тарап, бір мезетте 6-7 адамға жұғады. Сондай-ақ індеттің салдары өте ауыр. Адам есту қабілетінен айырылды, тіпті қайтыс болуы мүмкін.

Қазіргі таңда эпидемиологиялық ахуал да күрделі жағдайда. Мәселен, 8 шілдеде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 46 жағдай тіркелді. Қызылорда қаласында – 29, Аралда – 8, Қазалыда – 3, Жалағашта – 1, Сырдарияда – 2, Шиеліде 1 және Жаңақорғанда 2 адам вирус жұқтырған.  Оның  33-і симптомды, 13-і симптомсыз жағдайлар. Вакциналау науқаны бойынша, аймақта екпенің І компонентін 178 790 адам, ал ІІ компонентін 97 333 адам салдырған. Ал елімізде вакцинаның екі компонентін толық алғандар саны 2 336 019 адамды құрады.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: