Балалардың жазғы демалысы басталды. Бұл уақыт – тек тынығу ғана емес, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, танымын кеңейтіп, қауіпсіз ортада демалуына мүмкіндік беретін маңызды маусым. Сондықтан балалардың жазғы сауықтыру демалысын сапалы ұйымдастыру – қоғам мен мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
2026 жылғы жазғы маусымда Қызылорда облысы бойынша 9 қала сыртындағы лагерь қызмет көрсетеді деп күтілуде. Оның ішінде 8-і мемлекеттік болса, 1-еуі жеке меншік – «Зерентай» тынығу лагері. Аталған сауықтыру ұйымдарының 3-еуі жыл бойы жұмыс істесе, 6 лагерь маусымдық негізде балаларды қабылдайды.
Биыл облыстағы 1-10 сынып аралығында білім алатын 143 298 оқушының 141 865-і, яғни 99 пайызы жазғы демалыспен қамтылады деп жоспарлануда. Демеушілер есебінен 2 115 бала еліміздің өзге өңірлеріндегі лагерьлерде тынығатын болса, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында жыл көлемінде 774 оқушы демалатын болады.
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында Қызылорда облыс әкімдігімен арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жазғы кезеңде балалардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша өңіраралық штаб құрамы жасақталды. Осыған сәйкес сәуір айынан бастап облыстық білім басқармасымен бірлесіп лагерьлердің дайындығына мониторинг жүргізілуде. Әсіресе, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу, нысандардың талаптарға сәйкестігі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Зертханалық бақылау аясында лагерьлерден микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 22 ауыз су сынамасы алынып, сәйкессіздік анықталған жоқ. Шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындары мен жабық бассейндерден микробиологиялық, паразитологиялық, вирусологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 22 су сынамасы, топырақтан 10 сынама зерттеуге алынып, талаптарға толық сәйкес екені анықталды. Маусым бойы су нысандары мен бассейндердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Бүгінгі таңда облыстағы маусымдық 6 лагерь санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып үлгерді. Ал Қызылорда қаласындағы «Ai-Kerim» балалар лагерінің құжаттарын әзірлеу жұмыстары жалғасуда.
Балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету бағытында түсіндіру және оқыту шаралары да кең көлемде жүргізілді. Атап айтқанда, балалар сауықтыру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған 17 оқыту семинары, 23 түсіндіру жұмысы және 38 дәріс өткізілді. Топтық тағамнан уланудың, жіті ішек инфекцияларын болдырмау бойынша әдістемелік көмектер көрсетілді.
Балалардың жазғы демалысы – олардың денсаулығы мен болашағына салынған маңызды инвестиция. Сондықтан әрбір лагерьдің қауіпсіздігі мен санитариялық талаптарға сәйкестігі – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі балалардың жазғы тынығу маусымы жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп күтілуде.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
