Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Цифрлы трансформация: Қажеттілік неден туындады?

25.09.2021

2928 0

3 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Шығыс экономикалық форумының мәжілісіне онлайн режимде қатысып, форумда бірнеше мемлекет өзара ынтымақтастық-экономикалық келіссөздер жүргізді. Сол жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан Үкіметі мен СБЕР компаниялар тобы арасында цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне көшу жобалары мен Data-Driven Government тұжырымдамасын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты.

Бұл құжатқа Қазақстан тарапынан Премьер-министр Асқар Мамин, Ресей атынан «Сбербанк» ЖАҚ басқарма төрағасы Герман Греф қол қойды. Бұл жобаны Мемлекет басшысы екі мемлекеттің өзара сенімділігін білдіретінін айтып, сипаты жағынан шын мәнінде стратегиялық бастама екеніне тоқталды.

– 15 жылдан астам уақыт біздің нарықта табысты жұмыс істеп келе жатқан СБЕР-дің қазақстандық мемтехтың институционалдық негізін қалыптастыруға атсалысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты зияткерлік технология сияқты аса маңызды сала арқылы жан-жақты ете түседі. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды қадам. Бұл стратегиялық жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан азаматтарының тұрмыс сапасын арттыруға және бизнес-климатты жақсартуға ықпал ететіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Цифрлы трансформация: Қажеттілік неден туындады?

Дәл осы құжатқа қол қойылғаннан кейін қазақстандықтар наразылығын білдіріп, елдегі басты цифрлық платфор-маны Сбер компаниясына беруге қарсы шықты. Халық арасында «Барлық дерегіміз Ресей Федерациясына қолжетімді болады», «Біз қайтадан Ресейге тәуелді боламыз» деген қауесет тарады. Алайда бұл алаңдаушылыққа еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірден назар аударып, халыққа жауап берді. Министр «Барлық дерек Ресейге қолжетімді болады» деген түсінік қисынсыз екенін айтып, бұл серіктестіктің негізгі мақсатын түсіндіруге тырысты.

Министр Мусин өз сөзінде ең алдымен еGov порталының не екенін түсіндірді. «eGov – бұл барлық мемлекеттік база-лармен құрсым арқылы қосылған «витрина» ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды. Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400 + ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін», – деді министр.

Бағдат Мусинның айтуынша, қазіргі қолданыста жүрген еGov платформасы ескірген. Ендігі мақсат – жүзден астам жүйеде сақталған ақпаратты реттелген және түсінікті болатын он шақты жүйеге жинау. Яғни СБЕР арқылы «сапалы» және «заманауи» технологиямен жабдықталған жүйені орнату жоспарланып отыр. Одан бөлек, бұл шешімнің барлығы кибер қалқан мен азаматтардың мүдделерін қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсынымы ескеріліп

Цифрлы трансформация: Қажеттілік неден туындады?

қабылданатынын айтты. «Біз Қазақстан тарапы бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды талап ететін вендор сияқты болуы керек деген талап қойып отырмыз. СБЕР барлық қолжетімділікті бере отырып, барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетеді және барлығын Қазақстандағы серверлерге орналастырады деп келістік», – деді Мусин.

Сондай-ақ бұл бастамаға бөлінетін 500 млн доллар қаражаттың барлығы СБЕР-ге берілмейтінін айтты. Бұл қаражат есебінен жергілікті ІТ салаға инвестиция құйылып, екіншіден инфрақұрылымдық шешімдерге жұмсалса, үшінші бөлігі СБЕР-ден шешімнің өзін сатып алуға арналмақ. Одан бөлек, бұл платформаны енгізуге қазақстандық ІТ мамандар да міндетті түрде қатыстырылмақ.

Алайда отандық ІТ мамандардың бұл жобаны қолға алудың маңызы жоқ екенін алға тартып отыр. Елдегі IT саланың мамандары еGov платформасын алмастырудың қажеттілігі жөнінде бұған дейін мәселе көтермеген. Бұған қазір қажеттілік те жоқ деп санайды олар. Мәселен, осы сала маманы Садық Шерімбек еGov-тың әлі 5 жылдай мүлтіксіз жұмыс істей алатынына сенімді. Одан бөлек, ол мұндай жобаны дайындау Қазақстандағы ақпараттық технология мамандарының да қолынан келетінін алға тартып отыр.

«Енді ойлаңыз, айналып келгенде бір 5-7 жылдың ішінде сіздің шағын және орта бизнестегі айналымның бәрі Сбербанкімен жүретін болады. Цифрлық үкіметке байланысты БҰҰ-ның рейтингінде Қазақстан 193 мемлекет арасында 29-орында, Ресей 36-орында тұр. Сіздің, мемлекеттің шағын және орта бизнесі басқа елдің банкіне, басқа елдің әлеуетіне тәуелді болды деген сөз мемлекеттен айырылумен бірдей», – дейді технологиялық-инновациялық жобалар кеңесшісі Садық Шерімбек 31 арнаға берген сұхбатында.

еGov пен СБЕР дауы аясында Бағдат Мусин «Ашық алаң» бағдарламасында еGov-тың шетелдік компанияға сатыл-майтынын айтты. Ол көп адам еGov-ты бір терезе артында жұмыс істейтін платформа деп түсінетінін, бірақ ол жүйе де өз ішінде 50 Денсаулық сақтау министрлігі және 40 шақты Қаржы министрлігіне тиесілі жүйе барын айтты. Міне, осы жүйенің барлығын бір жүйеге жинақтау мақсатында бұл жобаның қолға алынғанын жеткізді.

Ал «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаты, мәжілісмен Мақсат Раманқұлов «Бүгінгідей ақпарат ғасы-рында IT қауіпсіздік –тәуелсіздіктің маңызды факторы», – деп, министрліктің қолға алған жобасы үшін алаңдаушылық білдірді.

– Қазақстан Үкіметінің Ресей Сбербанкімен цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау тудырды. «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы өткен жылдары жекелеген министрліктердің, жалпы алғанда цифрлық даму мәселесінің ақпараттық жүйелер жұмысындағы сәтсіздіктерін бірнеше рет сынға алған еді. Қолданыстағы платформалардың қабілетсіздігі, әсіресе, өткен жылдың көктемінде пандемия басталған соң денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, салық салу, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген электрондық қызметтердің кемшіліктері айқын болды. Сол кездің өзінде мемлекеттің жылдар бойы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаржының тиімсіз пайдаланылуы анықталды. Мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғалардың жағдайды түзету бойынша жасаған әрекеттері тиісті нәтиже бермеді. Тіпті платформалардың одан әрі алыстауына, оны азаматтар мен бизнестің пайдалануының күрделенуіне алып келді, – деді Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жол-даған Мақсат Раманқұлов.

Депутат бұл келісімді «Өткен жылдары цифрландыруға бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау ма, солай болса ол тиімсіз жұмсалған қаражаттың жауапкершілігі кімнің мойнында?» деген сауал қойды.

Халық арасында алаңдаушылық тудырған бұл жоба сонда да өз мақсатына жетіп, 20 қыркүйекте Қазақстан Үкіметі мен «Сбербанк России» жария акционерлік қоғамының арасындағы меморандумға қол қою туралы Үкімет қаулысы жарияланды. Онда ҚР Үкіметі Цифрлық трансформация мен цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүдделі екені айтылған.

«Қазақстандық бағдарламалық қамтылым әзірлеушісі – «BTS Digital» ЖШС (ҚР Үкіметінің 40 процент үлесі бар ERG тобының еншілес компаниясы) цифрлық платформалық шешімдерді жасау ісінде технологиялары, тәжірибесі мен құралдары бар «СБЕР» компаниялар тобының стратегиялық әріптесі болып айқындалды.

Жалпы тәжірибедегі тең құқықтық, ізгі ниет, құрмет пен сенім негізінде әрекет ете отырып, СБЕР компаниялары тобының стратегиялық әріптесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Қазақстан Республикасына тиесілі бейінді ұйымдарының қатысуымен жобаны іске асыру үшін арнайы консорциум құру туралы шешім келісілді», – делінген құжатта.

Меморандум аясында жыл соңына дейін «Сбер», BTS Digital және оның үлестес тұлғасы арасында GovTech платформасын мамандандырылған деректер орталығының базасында орналастыру үшін қорғалған динамикалық инфрақұрылым құру туралы келісімге қол қою жоспарланған. Одан бөлек, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен «Сбербанк» ЖАҚ арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен «ҰАТ» АҚ-ға несиелік желі беру туралы келісім жасалмақшы. Несиелік желі Ресей рублімен, 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 500 млн доллар көлемінде берілмек.

Құжат бойынша СБЕР компаниясы өз тарапынан ұсынылатын бағдарламаның ақпараттық қауіпсіздікке кепілдік беруі тиіс болса, GovTech платформасының және ондағы деректердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамына жүктелді.

«Меморандум тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді. Меморандумның қолданылуы тараптар құжатта көрсетілген ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша міндеттейтін келісімдерге қол қойған күннен бастап, 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей тоқтатылады. Осы меморандум тараптардың бірінің бастамасы бойынша екінші тарапты отыз күн бұрын жазбаша хабардар ету арқылы кез келген уақытта бұзылуы мүмкін», – деп жазылған қаулы мәтінінде.

P.S. Халық арасында бұл меморандумға деген наразылық, ақпараттық қауіпсіздікке деген алаңдаушылық түсіндірме жұмыстарына қарамастан әлі де бар. Үкімет пен министр барлығы «жақсы» болады деп түсіндіріп әлек. Бағдат Мусин мұның барлығын жүйені оңтайландыру мен экономиканы жақсарту үшін жасап жатыр-мыс. Яғни қанша күмән тудырса да бұл бастама өз мақсатына жететін секілді…

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: