Сейсенбі, 23 шiлде, 13:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58-2068
23.07.2024
PDF мұрағаты

Кешіккен 90 күн немесе несие оңды-солды берілмейді

01.04.2023

850 0

Несие мәселесі әлі де күн тәртібінен түспеген өзекті мәселе. Халықтың несиеге жіпсіз байлануы күннен-күнге арта түспесе, азаймағаны белгілі. Қазір дүние-мүлік, киім-кешекті айтпағанда, азық-түлікті де несиеге алатындар қатары аз емес. Қалтасындағы телефоны арқылы көзді ашып-жұмғанша несие рәсімдей қоятын жұрттың сол сәтте қуанғанымен, қарыз үстіне қарыз жамылып, төлейтін кезде қиналатынын статистикадан байқауға болады.

Бірінші несие бюросының 2023 жылғы қаңтардағы мәліметі бойынша, Қазақстанда кепіл­сіз тұтынушылық несие портфелі 28,3%-ға (немесе 1,6 трлн теңгеге) өсіп, 7,4 трлн теңгеге жеткен.

Портфель сапасы бір жылда өзгермеген: егер 2022 жылғы 1 қаңтарда мерзімі 90 және одан да көп күнге кешіктірілгендердің үлесі 12,9%-ды құраса, 2023 жылғы 1 қаңтарда ол 12,8%-ды құрады. Биыл жыл басында төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие көлемі 943,8 млрд теңгеге жеткен.

Төленбей қалған несие, қарызды қарызбен жабу мәселесін біржақты ету мақсатында Мемлекет басшысы жақында халықтың шамадан тыс несие алуын азайту жөніндегі жарлығында тұтынушылық несие беру талабын қатайтуға тапсырма берді.

 Жарлықта «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халыққа кепілсіз тұтынушылық кредит беруді қатаңдату шеңберінде 2023 жылғы 31 мамырға дейін: халықтың микрокредиттері бойынша мөлшерлемелерді рет­теуді қатаңдату; екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агент­тіктердің халықтың проблемалы кредиттерін рет­теу жөнінде жоспарлар қабылдауы бойынша та­лап­ты енгізу шараларын қабылдасын» деп жазылған.

Енді қандай шара қабылданбақ? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдағы уа­қытта несие төлеу мерзімін 90 күн кешіктіргендерге қайтадан несие бермеу ту­ралы бастама көтерді. Тіпті бұл мәселені заңмен реттеуге назар аударуда. «Банк, микроқаржы және коллекторлық қызметті рет­теу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында «90 күнтізбелік күннен астам банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегі бар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғаға банктік қарыз беруге тыйым салынады» деп көрсетілген. Заң жобасы әлі де талқылануда. Бұл халықтың банк пен шағын несие ұйымдарына қарыз жүктемесін азайтуға сеп болмақ.

Қалай айтқанда да қарызға-қарыз жамамау үшін несие талабы қатаңдай түспек.

Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: