Сейсенбі, 19 мамыр, 01:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37 (2249)
19.05.2026
PDF мұрағаты

«Іскер аймақта» кәсіпкер бол

19.05.2026

41 0

Мемлекет басшысының кәсіпкерлік белсенділікті арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын бизнесті қолдауға бағытталған жаңа «Іскер аймақ» бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Бағдарлама кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ететін бірыңғай жүйелі тәсілді енгізуді көздейді.

Негізгі басымдық ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларды дамытуға беріледі. Ал басым салалар қатарында өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі, жиһаз және құрылыс материалдарын шығару, сондай-ақ қолөнер бар.

«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, бағ­дарламада өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, басым бағыттарды айқындауға жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ҰКП белсенді түрде қатысады. Сонымен қатар әр аудан нысаналы қолдау көрсету үшін алты салаға дейін таңдай алады. 2029 жылға дейін бағдарлама аясында жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге жуық 15 мыңға дейін бизнес-жобаны қолдау жоспарланған.

Бағдарлама аясында «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» бастамаларына қатысушыларға ерекше назар аударылады. Қаражаттың 30%-ы Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына бөлінсе, қалған 70%-ы Астана мен Алматы қалаларын қоспағанда, өзге өңірлерге бағытталады. Қазіргі уақытта бағдарлама шеңберінде алғашқы жобалар мақұлданып, кәсіпкерлер үшін мөлшерлеме 22%-дан 13,2%-ға дейін төмендетілді.

Олардың қатарында аяқ киім өндірісін кеңейту, күнбағыс майын өндіруді дамыту, сондай-ақ болат конструкциялар мен құрылыс торларын шығару жобалары бар. Бір жобаны қаржыландырудың ең жоғары көлемі 200 млн теңгеге дейін. Қаражатты инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға бағыттауға болады.

Бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алудың жаңа тәртібі бекітілді. Бағдарлама ерекшелігі – сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме 12,6%-ды құрап, субсидиялау мерзімі 3 жылға дейін созылады.

Қазіргі таңда бағдарламаға екінші деңгейлі алты банк пен төрт лизингтік компания қатысуда. Алдағы уақыт­та қаржы ұйымдарының тізімі кеңей­тіледі. Қаржылық қолдау­дан бөлек, кәсіпкерлерге жеңілдетілген жал­ға беру және оқыту сияқты қар­жылық емес қолдау шара­ла­ры да ұсынылады. Онлайн курстар «Даму» қоры­ның ресми сайтында жарияланған. Алыс елді мекендер тұрғындары үшін жылжымалы фронт-офистерді іске қосу жоспар­лануда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: