Өнер орталығында облыс әкімі
Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай салтанатты жиын өтті.
Салтанатты шарада еліміздің көк байрағы төрге әкелініп, мемлекеттік гимн орындалды. Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр атыраптағы әрбір отандасымыздың құқын қорғап, тәуелсіз еліміздің бет-бейнесіне айналған айбынымызға тоқталған аймақ басшысы Сыр жұртшылығын еліміздің ең басты мемлекеттік мерекесімен құттықтап, Ата заңға құрмет көрсетіп, оны ардақтау – әрбір қазақстандықтың асыл парызы екенін айтты.
– Ата Заңға маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер мемлекет басқару моделін жаңғыртуға бірден бір негіз бола білді. Ата Заңның аясында халқымыздың әл-ауқаты артып, ел экономикасы одан әрі дамыды. «Әділетті Қазақстан» дегеніміз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғамы бартиімді әрі өркениетті мемлекет құру. Конституция – тәуелсіздік кепілі, әлеуметтің әлеуетін арттыруда берік тұтқасына айналды. Бүгінде егемен елімізбен бірге өңірімізде барлық салалар бойынша нәтижелі істер атқарылуда. Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асып келеді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Аймақ басшысы сөз кезегінде өңірде атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды. Жыл басынан бері барлық көзден 296,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш жарты триллионнан асады деген болжам бар. Осыдан екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде 733 млрд теңгеге дейін өсті. Ол негізінен аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Атап айтқанда, биыл ұзындығы 300 шақырымнан асатын автомобиль жолы жөндеуден өтеді. Бұдан кейін сапалы жолдар үлесі 92 пайыздан артады. Сексеуіл, Төретам кенттері, Абай, Ақсу, Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағанбетов, Алмалы, Досбол датқа, Бестам, Төменарық ауылдарына газ барады.
Жиында Ата заңның айбынын асырып, елімізде заңның сақталуына атсалысып жүрген азаматтар марапат мінберіне шықты. Олардың қатарында сот саласының ардагері Зина Жаңбыршаева, ұлттық қауіпсіздік органдары мен Ауған соғысының ардагері Марат Аманқұлов, Қызылорда қаласы прокурорының орынбасары Ұзақбай Дәуқараев, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Ұзақбай Оразгелді және өзгелер облыстың ең жоғары наградасы – Құрмет грамотасына ие болды. Мұнан бөлек те бірқатар жерлесімізге облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Салтанатты жиын облыс өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!