Құрылтай

Сенбі, 25 шiлде, 00:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№55 (2267)
25.07.2026
PDF мұрағаты

Мәдениет – руханияттың шамшырағы

25.07.2026

26 0

Биылғы жыл жетістіктерінің бірі – қала өнерпаздарының халықаралық аренада табысты өнер көрсетуі.

Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өткен «KHAZAR–FOLK 2026» халықаралық би байқауында А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің «AQMARAL» би студиясы 28 бишімен қатысып, 5 Гран-при мен І орынды жеңіп алды. Бұл – халықаралық деңгейдегі ең жарқын жеңістердің бірі. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев баяндады.

Сондай-ақ Әзербайжанның Баку қаласында ұйымдастырылған «Ba­kının işıqları» халықаралық көп­жанрлы байқауында Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің өнер­паздары Гүлназ Рысбекова Гран-при, Мадина Алмасқызы І орын иеленіп, қазақ өнерінің жоғары деңгейін дәлелдеді.

Қырғызстанның Бішкек қала­сында өткен «Кенжетай» ха­лықаралық конкурс-фестивалінде А.Тоқ­мағамбетов атындағы қала­лық мәдениет үйінің «Сыр санду­ғаш­тары» ән үйірмесінің тәрбие­ленушілері де жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Муслима Дарханқызы бас жүлде мен І орын­ды, ал Дарын Сман мен Рамазан Мұратбек бірнеше аталым бойынша І және ІІІ орынды иеленді. Қызылор­да қаласының Жастар театрының өз көрермені бар. Бүгінде театр репертуарында 15 қойылым бар. 2024-2025 жылдары 7 жаңа премьера сахналанса, биыл көрерменге «Шол­панның күнәсі», «Жалғыз куә­гер» қойылымдары ұсынылды. Ал қараша айында Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасы желісімен жаңа спектакльдің тұсауы кесіледі. Сонымен қатар театр ұжымы қо­ғамдық маңызы бар іс-шараларға белсенді қатысып, жастар арасында діни экстремизмнің, нашақорлықтың және лудоманияның алдын алу бағытында кездесулер мен шеберлік сағатын тұрақты өткізіп келеді.

– Руханияттың көш басында тұр­ған кітапхана жұмысы да жүйелі жүргізілуде. Қызылорда қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана қала тұрғындарына сапалы кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас­тар мен балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және рухани құндылықтарды насихат­тау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Жоба шеңберінде Талсуат ауы­лында «Кітап керуені» мәдени-ағартушылық шарасы ұйымдас­тырылып, ауыл тұрғындарына жаңа әдебиеттер таныстырылды. Осындай шаралар қалаға қарасты барлық ауылдарда да жалғасын тауып, кітап көрмелері, әдеби кездесулер мен танымдық бағдарламалар өткізілуде және  кітаптың қоғам өміріндегі маңызы кеңінен насихатталуда, – дейді бөлім басшысы.

Шынында, оқырман белсенділігін арттыру мақсатында «Kitap Fest», «Кітап Time», оқу марафондары, әдеби ойындар, зияткерлік сайыс­тар мен түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар тұрақты түрде ұйым­дастырылып келе жатқаны қалың оқырманға шабыт береді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: