Қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру, елді мекендердің бас жоспарын іске асыру, құрылыс саласындағы сәулет-қала құрылысы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және инвестициялық жобаларды сәулеттік сүйемелдеу – бөлім қызметінің негізгі бағыты.
Қолданыстағы бас жоспарға сәйкес қаланың шекарасы 20 528 гектар, қала аумағына 172 гектар «ПМК – 66» саяжайы енгізіліп, қаланың шекара шегі 20 700 гектар болып мақұлданды. Қала аумағында орналасқан «Эдельвейс», «Орбита», «Сабалак», «Ягодка», «Еңбек», «Обвонитель» саяжайлардың жер санатын елді мекендер жерінің санатына ауыстыру жайы қаралуда.
Бұл туралы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ділмұхамбет Сырлыбаев қала әкімдігінде өткен брифингте айтты.
– Қала аумағын тиімді жоспарлау, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыру мақсатында тиісті шаралар жүзеге асырылды.
Қаланы абаттандыру мақсатында эскиздік жоба әзірленді. Жобалар қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған. Олардың қатарында сауда нүктелерінің орналасуы, орталық көшенің қиылысында, аллея, скверлерде кіші сәулеттік пішін орналастыру, Әбілхайыр хан көшесінің бойын абаттандыру, Н.Назарбаев даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу, А.Байтұрсынов көшесі бойындағы әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың қасбетін жарықтандыру, Астана 4 шағын ауданы, №10 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетін әрлеу, қала аумағында аллеялар орналастыру.
Аталған эскиздік шешімдерде жаяу жүргіншілер аймақтарын кеңейту, балалар және спорт алаңдарын орналастыру, көгалдандыру, заманауи жарықтандыру, шағын сәулет нысандарын жаңарту көзделген. Басты мақсатымыз – қаланың сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сай дамыту, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, – дейді бөлім басшысы.
Бас шаһардың сәулет және қала құрылысы бөлімі жоспарланған міндеттерді кезең-кезеңімен орындап, қаланың орнықты дамуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс істеуде.
Бөлім басшысы алдағы уақытта да қолданыстағы заңнама талабына сәйкес қала құрылысы саясатын жетілдіру, сәулеттік келбетті жақсарту, цифрландыруды дамыту, инвестициялық жобаларды қолдау және тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғасатынын айтты.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!