Құрылтай

Сенбі, 25 шiлде, 00:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№55 (2267)
25.07.2026
PDF мұрағаты

Қоғамдық көлік қызметіне көңіл тола ма?

25.07.2026

25 0

Қоғамдық көлік қызметі қашанда өзекті. Жолаушыны діттеген жеріне жеткізетін қала ішіндегі қоғамдық көлік қызметіне қойылар талап та жоғары. Қала әкімі Нұржан Ахатов қоғамдық көлік қызметінің сапасын көру үшін автобусқа мінді. Шаһар басшысы автобустардың тазалығын, жүру жиілігін зерделеп, тұрғындармен пікірлесті. Әкім сауалына жауап берген тұрғындар автобустардың уақытылы жүретінін, тазалығына көңіл толатынын айтып, алғыс білдірді. «Іші таза, уақытылы жүріп тұр, салқын, жайлы», – деген қалалықтар қоғамдық көлік қызметіне еш шағым айтпады.

Қазіргі таңда қалаішілік барлық ба­ғыттағы автобустар күннің шамадан тыс ыстық болуына қарамастан штаттық режимде қызмет көрсетуде. Күнделікті ерте рейске шығатын маршруттар салоны тазаланып, дезинфекциядан өткі­зіледі. Сондай-ақ техникалық жағдайы тексеріліп, жүру жиілігі диспетчер арқылы қадағаланып отырады.

Қала тұрғындарын сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалын жақсарту бағы­тында жүйелі жұмыс нәтижесі жоқ емес. 2017 жылы уақыт талабына сай автобус паркінің жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Бүгінде бұл кешенде көлік құралдарын техникалық қызметтен өткізу, жөндеу цехтары, газ құю бекеті және көлік жуу орны тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуде.

Кейінгі жылдары жолаушылар тасы­малы бағыттарының саны айтарлықтай артты. 2022 жылы 5 бағыт бойынша қызмет көрсетсе, қазір бұл көрсеткіш 32 бағытқа ұлғайған. Бүгінде қала тұрғындарына барлығы 280 автобус қызмет көрсетуде. Қоғамдық көліктердің қатынау интервалы 15 минутты құрайды.

Айта кету керек, облыс орталығында халық санының өсуіне орай, қоғамдық көлікке деген сұраныс артта түсуде. 2022-2024 жылдары шаһардағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы табиғи газбен жүретін «Yutong ZK6852 HG» маркалы 300 дана  автобус алынды.

Бүгінде қоғамдық көлік қызметі цифр­ландыру жүйесін тиімді пайдалануда.  Жолаушылар жолақысын ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы төлейді. Сараланған тариф бойынша 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап электронды түрде төлем 85 тең­ге, қолма-қол төлем 130 теңге болып бекітілген.

Бүгінде серіктестіктің барлық қала­ішілік бағыттарда жолаушыларды тасымалдайтын автобустары 2GIS, Яндекс GO және Яндекс Карта  қосымшасына тіркелген. Қала тұрғындары мен қонақтар үшін баратын жерлеріне қосымша арқылы қай бағыт қай уақытта жүретінін көру мүмкіндігі жасалған.

Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап жолаушылар үшін барлық қо­ғамдық көліктерге жаңадан 026 санынан басталатын QR кодтар ілінді. Осы QR код арқылы оқушылар банк қосымшаларымен 40 теңге төлей алады. Ескере кететін жайт, банк қосымшасы оқушының өз атынан ашылуы керек. Яғни ересек адамның атынан ашылған банк қосымшасы жарамайды.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: