Сенбі, 09 мамыр, 02:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 (2246)
09.05.2026
PDF мұрағаты

Сенім және жауапкершілік

09.05.2026

44 0

6 мамыр күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбаса­ры қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Мемлекет басшысының сенімі мен тілекші болған Сыр жұртшылығына шынайы алғысы мен ризашылығын білдіріп, әлеуметтік желіге жазба жариялады. Жазба мәтінін ұсынып отырмыз.

Құрметті жерлестер!

Еңбек жолымдағы тағы бір аса жауапты кезең қорытындыланып, Қызылорда облысының әкімі ре­тіндегі қызметім аяқталды. Төрт жылдан астам уақыт бойы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на барлық білім-білігімді, күш-жігерімді, тәжірибем­ді жұмсадым. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақ тізгінін тапсырғанда, Президентіміздің, жерлестеріміздің сенімін ақтап, туған жерге адал қызмет етудің жауапкершілігі жеңіл емес екенін жақсы түсіндім.

Кейінгі төрт жылда Мемлекет басшымыздың қол­дауымен атқарылған жұмыстардың, жүзеге асқан жобалардың, қолға алынған бастамалардың барлығы жұртшылықтың көз алдында. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президентіміз «Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады», – деп атап өтті.

Осы уақыт аралығында Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен облыс бюджеті жылдан-жылға ұлғайып 809 млрд теңгеге жетті. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылғы 47 млрд теңгеден 202 млрд теңгеге дейін артты. Бұл қаражат өңіріміздің ең өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.

Аймақта қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, кейінгі үш жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд теңгеге жуық, 2025 жылы 774 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

Осылайша Қызылорда облысы негізгі макроэконо­микалық көрсеткіштері бойынша республикада ал­дыңғы орындарға шықты. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, инвестиция, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт және тағы басқа бағыттарда атқарылған жұмыстың нәтижесі Қызылорда қаласының, аудан орталықтары мен елді мекендердің келбетінен анық көрінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайын­далдым. Мұны сенім мен жауапкершілік жүгінің салмағы еселене түскені деп білемін. Ел дамуы жолында атқаратын жұмыстың ауқымы зор. Сондықтан өзіме жүктелген міндетті толық атқаруға бар күшімді саламын.

Туған жерге қызмет етуге, ойға алған жобаларды іске асыруға мүмкіндік берген Президентімізге, әр бастамаға қолдау білдіріп, тілекші болған Сыр жұртшылығына, ортақ іске бір қолдың саласындай болып жұмылған барша әріптестеріме шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: