15 мамыр – халықаралық отбасы күні отбасы құндылықтарын ұлықтап, әр шаңырақтағы сыйластық пен сүйіспеншілікті дәріптейтін маңызды мереке. Халықаралық деңгейде дәріптелген мереке отбасының қоғамдағы рөлін айқындап, ұрпақ тәрбиесінің негізі екендігін тағы бір мәрте еске салады. Отбасы – мейірім мекені, жылулық ұясы, бақыттың бастауы. Отбасы құндылығын дәріптеу – қоғамның басты қағидасы.
Естеріңізге сала кетейік, 1993 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясымен «15 мамыр – халықаралық Отбасы күні» болып бекітілген еді.
Сыр өңірінде «Отбасы күнін» атап өтуге байланысты іс-шаралар жыл сайын жүйелі ұйымдастырылып келеді. Биыл да жоспарға сәйкес 700-ге жуық іс-шара өткізілуде. 16 мамырда Президент саябағы аумағында жыл он екі ай қызмет көрсететін 300 орындық балалар тынығу лагері ашылмақ. Дәстүрлі «Мерейлі отбасы» конкурсына құжат қабылдау 15 мамырдан басталды.
Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, отбасы адам үшін ең жақын әлеуметтік орта, сыйластық пен сүйіспеншілік, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, зиялы қоғамның діңгегі. Отбасы – жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы, баланың азамат болып өсуінің негізі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіден ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» – деген болатын.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда облысымызда 17 мыңнан астам «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері және 48 мың көпбалалы отбасылар бар. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтарымен келер ұрпақ үшін маңызды жұмыс атқарылуда, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы биыл 13-ші рет ұйымдастырылып отырғанын, бұл байқаудың отбасы құндылығын дәріптеуге, ұлтымыздың әлеуетін арттыруға орасан зор үлес қосып келе жатқан бірегей жоба екендігіне тоқталып, байқаудың мақсаты шаңырақты шаттыққа бөлеп, бірлік пен татулықты насихаттап, өнегелі отбасыларды баршаға таныту екендігін тілге тиек етті.
Брифинг соңында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысы Руслан Қаюпов барша қызылордалықтарды мерейлі мерекемен құттықтап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!