Бейсенбі, 18 шiлде, 13:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Сабалаққа газ келеді

10.07.2024

485 0

Сурет: yujanka.kz

Биыл Сабалақ тұрғындары от жағып, күл шығарудан құтылатын болды. Елді мекенге «көгілдір отын» баратын күні де алыс емес. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев журналистерге берген брифингте коммуналдық саланың мұнан өзге де жаңалықтарын айтты.

Кейінгі жылдары Сырдағы қарқын алған құрылыс қатарында тұрғын үй басты орында. Оны жыл сайын пәтер кілтіне қол жеткізіп жүрген жүздеген тұрғынның қуанышынан-ақ байқайсыз. Түптеп келгенде, аймақта тұрғын үй құрылысы мен  халықты баспанамен қамту жұмысы көш бастап тұр.

– Өткен жылы тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында Сол жағалауда  504 пәтерді құрайтын 7 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бүгінде бұл ғимараттардың құрылыс жұмыстары аяқталып, абаттандыру, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қалған 470 пәтерді құрайтын 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да аяқталды. Жыл соңында мыңнан аса пәтер халықтың игілігіне берілмек. Алдағы уақытта жоспарға сай 84 пәтерді құрайтын 7 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді құрылыс бөлімінің басшысы.

Қазіргі таңда «Инженерлік инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасы аясында бірнеше көшелерге электр желісі тартылып, ауызсу, газбен  жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Мәселен, Арай шағын ауданындағы Мәуелі көшесінің халқы таза ауызсуға қол жеткізсе, «Бәйтерек» ықшам ауданындағы тұрғын үйлер ауызсу және газ жүйелеріне қосылмақ. Ал Жас Алаш және Теректі, Сарысу көшелеріне электр желісі тартылып, Сарысу көшесіне ауызсу желісі де қосылмақ. Белкөл кентіндегі Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне жаңадан электр желісі жүргізілген. Сондай-ақ Қызылжарма ауылының 1, 2, 3 ауданында 38,25 шақырымға жететін 35 көшеге қиыршық тас төселген.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы  аясында Қызылжарма, Ақсуат, Досан, Қараөзек ауылы және Қараөзек бекеті мен Айнакөл ауылдарындағы тозығы жеткен электр желісі қайта жаңғыртылуда. Ал жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желісі тартылып, инфрақұрылым жұмысы жүйеге қойылды.

– Мұнан бөлек аймақтың орталығындағы кәріз желілері де қайта жаңғыртылды. Ол «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мәселен, Универсам аумағы және Шымбай көшесіндегі сумен жабдықтау және су бұру желісінің қайта жаңғырту жұмысы жуырда аяқталмақ. Қалған орталық бөлікте орналасқан 6,9 шақырымға жететін кәріз желілері де қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар Майлықұм көше­сінің бойымен 3,88 шақырым ауызсу желісінің құрылысы жүргізіледі, – дейді Ж.Файзуллаев.

Шет аймақ тұрғындарының тағы бір қуанышы – Титовтағы жағымсыз иістен құтылатын күн жақын. Өткен жылы басталған «Қызылорда қаласында ағын суларды тазартуда қуаты тәулігіне 70,0 мың текше метрге жететін биологиялық тазарту станциясын жаңарту және автоматтандыру» жобасы мәреге жетпек.

Айта кетейік, КБИ шағын ауданында Жаппасбай батыр, Мұхтар Әуезов көшелеріне және Арай шағын ауданында көтергіш сорғы станциялары салынбақ. Ал «көгілдір отынға» қосылатын елді мекендер қатарында Сабалақпен қатар, Баймұрат батыр ауылы да бар. «Газ тасымалдау жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында Қызылөзек ауылдық округінің 3 елді мекенінде газ құбырын және кварталішілік газ тарату желілерін салу» жұмысының жоба-сметалық құжаттары әзірленбек.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: