Кейінгі жылдары табиғаттың тосын мінезіне таңғалмайтын болдық. Қысы жылы өңірлер қатарында болсақ та, өңменнен өтер қара суығы, аптап ыстығы бар жаз Сыр өңіріне ғана тән. Биылғы қыс қиындығы да ел есінде. Ақпандағы жауын соңы көк мұзға айналып, жарық бағаналарын бір сынап алған еді. Ал шілденің кешегі аптадағы ерекше ыстығы қала инфрақұрылымын тағы бір сыннан өткізді.
Ми қайнатар ыстық күндері тек мұздатқыш арқылы амалдаған қалалықтар үшін шаһардың кей аумағында жарық сөніп, ауызсу болмай қалуы көпшілікті алаңдатты.
Ыстық басылса да, көп көкейінде сұрақ болып қалған мәселеге орай өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тиісті мекеме өкілдері БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
Мамандардың айтуынша, қала инфрақұрылымындағы ақау аптап ыстықтың әсерінен болған. Электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсіп, соның салдарынан ауызсу қысымы да азайған. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ Оңалтуды басқарушы Бауыржан Жантасов электр желілеріндегі ақаулардың себебін түсіндірді. Басты себептердің бірі аптап ыстықта тұрғындардың электр энергиясын тұтынуы айтарлықтай өскен. Қалыпты кезде Қызылорда қаласы 92 мегаватт электр энергиясын пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 122 мегаватқа дейін жеткен, яғни 32 пайызға артып отыр.
– Қала аумағының кеңеюі, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың көбеюі, сондай-ақ электр желілері мен қосалқы станциялардың тозу деңгейінің 60 пайызға жетуі электр жүйесіне түсетін салмақты арттырды. Қазіргі аптап ыстық кезеңінде қала тұрғындары электр энергиясын 122 мегаватқа дейін пайдаланып отыр. Осының салдарынан бүгінде қалада электр кернеуі әлсіреп, кейбір аудандарда жарықтың уақытша өшуі жиілеген. Қазіргі кезде жағдай бақылауға алынып, тұрақты қалыпта жұмыс істеуде. Қызылорда қаласында 240 мегаваттық жаңадан жылу электр станциясы іске қосылды. Жаңа нысан өндірілген қуатты 220 кВ электр желісіне беріп, оңтүстік өңірде электр энергиясының тапшылығын болдырмауға өз үлесін қосуда, – дейді Бауыржан Русланұлы.
Жарықтың өшуі ауызсу жүйесінің жұмысына да әсерін тигізуде. Өйткені су ұңғымалары мен насос қондырғылары электр қуатымен жұмыс істейді. Өткен аптада бірнеше су алу нысандарында жарықтың уақытша өшуіне байланысты су қысымы төмендеген сәтте дизельді генераторлар іске қосылып, ақаулар жедел қалпына келтіріліп, қала тұрғындарына ауызсу тұрақты берілуде.
– Мұндай жағдай Қызылжарма, Сабалақ және Мерей су алу құрылымдарында тіркелді. Дегенмен барлық жағдайда дизельді генераторлар іске қосылып, ақаулар жедел жойылып, тұрғындарға дер кезінде су қайта берілді. Сонымен қатар бес су алу ұңғымасы мен бірқатар насос қондырғылары жаңасына ауыстырылды, – деді «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы Жасұлан Абатов.
Қазіргі таңда барлық авариялық бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Электр желілерінің өткізу қабілетін арттыру үшін трансформаторлар ауыстырылып, жаңа кабель желілері тартылуда. Сонымен қатар жаңа қосалқы станциялар салу және қолданыстағы электр желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Бүгінде облыс орталығында коммуналдық қызметтер оның ішінде электр энергиясы және ауызсумен қамту тұрақты түрде жұмыс істеуде. Жекелеген ақаулар дер кезінде қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен «Қызылорда – Промышленная», «КТЭЦ – Шұғыла», «Промышленная – Тасбөгет», «Тасбөгет – Амангелді» 35кВ әуе желілері жаңартылды. Сонымен қатар сол жағалау, Президент саябағы аумағындағы жаңадан салынып жатқан нысандарды және Эдельвейс, Наурыз, Еңбек, Ақсуат, Баймұрат батыр елді мекенінде тұтынушыларды сапалы және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында қосымша трансформатор ауыстыру жоспарлануда.
Бейбіткүл ҚЫМБАТ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!