Әлемді мойындатқан ақын, «Еңбек Қызыл Ту», I дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов биыл 90 жаста.
Олжас Омарұлы 1936 жылы Алматы қаласында, әскери қызметкердің отбасында дүниеге келген. Ол «Казахстанская правда» газетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, «Простор» журналында қызмет атқарып, әдебиетке 1955 жылдан бастап қалам тербеген.
Тұңғыш өлеңдер жинағы «Арғымақтар» деген атпен 1961 жылы жарық көрген. Сол жылы шыққан «Адамға табын, жер енді» поэмасы О. Сүлейменов есімін әлемге паш еткен туынды болды. «Нұрлы түндер», Шапағатты шақ», «Мешін жылы», «Қыш кітап» өлеңдер жинақтары ақынның табиғи талантының шырқау шыңы болды.
Оның таңдамалы шығармалары қазақ тіліне аударылып, «Атамекен» деген атпен басылып шықты. Жалынды ақынның туындыларының өне бойында лаулаған алау сезімі ұшқын атты.
Қария тарих – қаптаған жалын,
Лап етіп жанған түздерде.
Алауға атам қақтаған жанын,
Аңызы қалған біздерге, – деген өлең жолдарынан сол жалынды табу қиын емес. Ақын туындыларынан Қазтуған мен Шалкиіз жыраудың екпінін, Қазыбек бидің шешендігін, Махамбеттің өткірлігі мен ұлы Абайдың даналығын сезінесің.
Ақынның азаматтық бейнесін әлем мойындаған тұс – 1989 жылы «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын қолдап, Семей қаласындағы ядролық қаруды сынайтын полигонды жаптыруға атсалысуы болды. Қазақ даласына қасірет әкелген сынақ алаңы жабылып, Семей даласында тыныштық орнады.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Әлемдік тұлға» атты дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Тастанбек Сәтбай, жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, өлкетанушы, инженер-гидротехник Әлібек Сабырбаев, ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлы, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бәйдешқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазиза Әбілда, «Өркениет» медицина колледжі мен М.Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық-ІТ жоғары колледжінің студенттері және кітапхана оқырмандары қатысты. Жиынды кітапхана басшысы Сапар Көзейбаев жүргізді.
Іс-шара аясында талантты тұлға, қоғам қайраткерінің ақындық болмысы мен қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі айтылды. Ақынның әр кездегі қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты, бейбітшілік пен достықты қадірлеуге үндейтін еңбектеріне шолу жасалып, өлеңдері оқылды.
Ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталған тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай от тілді ақынның 10-12 жасында Толстойдың 12 томдық шығармасын оқып бітіргендігін, ал «Аз и Я» кітабы жарыққа шыққанда үлкен дүмпу болғанын тілге тиек етсе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Жұбатырұлы Олжас Сүлейменовпен кездескен сәттерінен естелік айтты.
Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, өлкетанушы Әлібек Сабырбаев, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа қаламгердің шығармашылығы жайлы ой қозғап, жас оқырман үшін тағылымы мол іс-шаралар рухани тәрбие көзі екенін тілге тиек етті.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!