Құрылтай

Сенбі, 25 шiлде, 00:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№55 (2267)
25.07.2026
PDF мұрағаты

Туған жерін жырмен тербеген

25.07.2026

25 0

Қаламгер Кенжалы Райымбекұлының өне­гелі өмір жолы көпке үлгі. Жетікөлдің киелі топырағынан түлеп ұшқан шығармашылық өкілі қаламын жанына серік етіп, сыр мен сезімге толы жыр шумақтарымен елдің ықыласына бөленген жан. Мерейтой иесі 40 жылға жуық журналистика саласында еңбек етіп, ақпарат саласының өркендеуіне елеулі  үлес қосты. Өлең өлкесінде өзіндік орны бар шығармашылық кеш иесінің азаматтық, тұлғалық бейнесін елге таныту мақсатындағы  іс-шара аясында «Жырымен елін тербеткен» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.

Мүшәйраның мақсаты – ел руханиятына үлес қосқан ақын Кенжалы Ерімбетовтің өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, ақындық өнерді дәріптеу, жас талант­тарға қолдау көрсету және өскелең ұрпақты ту­ған жерге деген сүйіспеншілікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен облыстың бірқатар аудандарынан келген талапкер ақындар қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар мерейтой иесіне арналған арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақы­рыптағы авторлық шығармаларын оқыды.

Байқау барысында мерейтой иесіне ақжарма тілектер айтылып, құрмет көрсетілді. Ақын­ның сөзіне жазылған әндер орындалып, әдеби-музыкалық композициялар ұсынылды. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, кештің мазмұнын айшықтай түсті.

Қазылар алқасының шешімімен жүлделі І орын­ды ақын Ақжол Түменбай, ІІ орынды  Арал ау­данынан келген  Айдар Сайлауов еншілесе, ІІІ орын­ға шиелілік Бекжан Ержігіт пен жалағаштық  Сәния Жақып лайық деп танылды.

Сондай-ақ Қанат Көзейбай, Ақтөре Ибрагимұлы, Бексұлтан Санақұл, Тұрар Бекмырзаев және Ізбасар Әбдібеков белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне диплом мен бағалы сыйлық табысталды.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: