Елімізде зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкпен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірлесіп азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруды көздейтін жаңа модельге көшуді бастады. Жетінші шілдеде қол қойылған заңға сәйкес, қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Осыған дейін салымшылар жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға зейнетақы активтерінің 50%-ынан аспайтын бөлігін ғана сенімгерлік басқаруға бере алса, енді шектеу алынып тасталды. Азаматтарға жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға тапсыра алады. Бұл қандай заң? Тұрғындар зейнетақы қорындағы қаржысын жеке компанияға беруіне дайын ба?
Ұсынылған заңға әлеуметтік желілерде де, қоғам арасында да зейнетақы жинақтарына қатысты түрлі пікірлер мен сауалдар көбейді. Сонымен қатар пікір білдірушілердің арасында зейнетақы мөлшерін арттыру, әйелдердің зейнеткерлік жасына қатысты мәселелерді қайта қарау және азаматтардың өз жинақтарын басқару мүмкіндігін кеңейту жөнінде ұсыныстар бар. Әлеуметтік желідегі пікірлерден азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысты өзгерістерге алаңдаушылықпен қарайтыны байқалды. Көпшілік жаңа бастамалардың іс жүзіндегі нәтижесіне күмән келтіріп, жинақтарының сақталуы мен табыстылығына қатысты нақты кепілдіктердің болғанын қалайтынын жазған.
Қоғамда мұндай сұрақтар мен алаңдаушылықтың тууы заңдылық. Экономист Бауыржан Ысқақов мұндай реформаны дамыған елдердің тәжірибесі ретінде түсіндіреді. Оның айтуынша, дамыған елдер инвестициялық тәуекелді мемлекет емес, нарық көтеретін жүйеге көшкен. Мұндай модель арқылы жоғары табысқа қол жеткізіп, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік туатынын айтады.
– Алайда мұндай реформа тек белгілі бір қатаң шарттар орындалғанда ғана тиімді болады. Олардың қатарына жеке басқарушыларға қойылатын талаптардың жоғары болуын, активтердің сақталуын заң жүзінде кепілдендіретін тетіктердің құрылуын және қаржылық реттеушілердің тұрақты әрі тиімді бақылауын жатқызуға болады. Егер осы қорғау механизмдері толық іске аспаса, мемлекеттік кепілдіктің әлсіреуі халықтың сеніміне кері әсерін тигізеді. Ал егер халықаралық стандартқа сай қадағалау, активтерді оқшау сақтау және ашық есептілік қамтамасыз етілсе, жеке басқарушылардың қатысуы зейнетақы активтерінің табыстылығын арттырып, инвестициялық нарықтың дамуына ықпал етуі әбден мүмкін, – дейді сарапшы.
Осыған байланысты мемлекет зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа өзгерістерді түсіндіріп, азаматтардың жинақтарының сақталатынын және оларды басқарудың жаңа мүмкіндіктері пайда болатынын мәлімдеді. Егер азамат жеке басқарушы компанияны таңдаса, оның инвестициялық шешімдерінің нәтижесіне мемлекет емес, сол басқарушы ұйым жауап береді. Төмен инвестициялық нәтиже болған жағдайда айырманы басқарушы компания өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті. Мұндай ұйымдарға капитал көлемі мен жұмыс тәжірибесіне қатысты қатаң талаптар қойылады.
Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияға бергенде, ең үлкен қателік – қысқа мерзімдегі табысқа ғана қарап шешім қабылдауға болмайтынын айтады экономист Бауыржан Ысқақов. Зейнетақыны инвестициялағанда салымшының жасы басты рөл атқарады. Мысалы, зейнетке жақындағандар үшін мемлекеттік облигациялар мен депозиттер сияқты тәуекелі төмен, табысы тұрақты «консервативті» бағыт тиімді.
– Орта жастағы азаматтарға акциялар мен облигациялар теңгерімді үйлесім тапқан, тәуекелі де, табысы да орташа «теңгерімді» портфель қолайлы. Ал жастар үшін ұзақ мерзімде жоғары табыс әкелетін, бірақ уақытша үлкен шығын тәуекелі бар, акциялар мен халықаралық нарыққа бағытталған «агрессивті» портфель тиімді, – дейді ол.
Қаржы нарығы құбылған сәтте тек жеке компаниялар ғана емес, мемлекеттік қорлар да шығынға ұшырауы мүмкін. Егер мемлекеттік басқаруда тәуекелді мемлекет ішінара мойнына алса, жеке басқаруда инвестициялық қауіп-қатер негізінен салымшының өзіне тиесілі болады. Сондықтан мұндай тәуекелдерден қорғану үшін зейнетақы активтерін тек бір нарықпен шектемей, бірнеше мемлекеттің бағалы қағаздарына және әртүрлі валюталарға әртараптандырған дұрыс.
2028 жылға дейін зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен кемінде бір пайыздық тармаққа жоғары болуы тиіс. Осылайша, қазақстандықтар өз қаражатын басқаруда толық таңдау еркіндігіне ие болып, тәуекелі төмен немесе жоғары табысты инвестициялық стратегияны өз қалауынша таңдай алады. Экономист Бауыржан Ысқаов соңғы уақытта қаржы нарығы жақсы дамып жатқанын, бірақ мұндай жаңа өзгеріске толық дайын деп айтуға ерте екенін айтады. Себебі жеке инвестициялық басқарушылардың тәжірибесі, басқарудағы актив көлемі, тәуекелдері басқару жүйесі әлі де қалыптасу кезеңінде екен.
– Көптеген азамат инвестициялық тәуекел, портфельді әртараптандыру немесе нарықтағы құбылмалылық сияқты ұғымдарды толық түсіне бермейді. Сондықтан да мұндай реформа тиімді болуы үшін кезең-кезеңмен енгізіліп, қаржылық кеңес беру жүйесі қатар дамуы қажет. Әрине, бастапқы кезеңде сенім мәселесі туындайтындығы белгілі. Өйткені көптеген азамат зейнетақыға мемлекет жауап береді деген түсінікпен әлі де өмір сүріп келе жатыр. Сондықтан ақпараттық түсіндіру жұмыстарын насихаттауымыз керек, – дейді ол.
Мемлекет қабылдап отырған барлық шаралар әлеуметтік қолдауды арттыруға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, ең бастысы, қазақстандықтардың ұзақ мерзімді әл-ауқатын қамтамасыз ететін сенімді, ашық әрі табысты зейнетақы жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Мысалы, мұндай жүйе Ұлыбританияда қалыптасқан. Онда азаматтар өз қаражатын жасына қарай әртүрлі қорларға бөледі. Дефолт болған күннің өзінде ол қаражат кредиторларға берілмейді, тек басқа лицензияланған басқарушыға ауыстырылады.
Бұл – әлемдегі кең таралған модельдің бір бөлігі. Көптеген елде мемлекет барлық инвестициялық тәуекелдерді өз мойнына алмайды. Керісінше, азаматтарға таңдау мүмкіндігін береді. Мемлекеттің мақсаты – бәрін өзі басқару емес, тиімді реттеу мен бақылауды қамтамасыз ету.
–Ұлыбритания тәжірибесінде жұмыс берушілердің корпоративтік зейнетақы жүйесі жақсы дамыған. Көптеген қорда азамат өзінің инвестициялық стратегиясын таңдай алады. Көп жағдайда қаражат әртүрлі қорларға бөлінеді, яғни тәуекел диверсификацияланған. Қазақстан да осы тәжірибеге біртіндеп жақындап келеді, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов
Ұлыбритания жүйесінде жұмысқа тұрған азаматты автоматты түрде зейнетақы қорына тіркейді. Содан соң жұмыс беруші де, жұмыскер де міндетті түрде жарна аударады. Азамат бұл жүйеден өз еркімен бас тарта алса да, халықтың 90%-дан астамы ақша жинауды жөн көреді. Халық өз ақшасын жеке компанияға бергенде, инвестициялық стратегияны күнделікті тексеріп, уайымдамайды. Бәрін автоматты жүйе реттеп, «агрессивті» қорларға салады. Себебі алда 20-30 жыл бар, нарық құбылса да, ұзақ мерзімде үлкен табыс әкеледі. Зейнетке шығуға 5-10 жыл қалғанда автоматты жүйе адамның қатысуынсыз-ақ ақшаны біртіндеп тәуекелі төмен, қауіпсіз мемлекеттік облигациялар мен алтынға көшіреді. Зейнет жасына жеткенде ақша құнсызданбай толық сақталады. Еліміз осындай озық үлгіні негізге алып, активтерді әртүрлілендіруді көздеп отыр деуге болады. Ұлыбритания тұрғыны Мэгги Поллингтон жеке зейнетақы қорларына ақша аудару арқылы зейнетке шыққанда қомақты қаржы түсетінін айтады.
– Мемлекеттік зейнетақы алу үшін азаматтар еңбек еткен жылдары ұлттық сақтандыру қорына жарна аударуы тиіс. Толық мемлекеттік зейнетақы аптасына 230,25 фунт стерлингті құрайды және оны алу үшін кемінде 35 жыл жарна төлеу қажет. Көп адамның қосымша жеке зейнетақы қорлары бар. Жалғызбасты қарттар үшін тек мемлекеттік зейнетақымен жайлы өмір сүру қиын. Себебі жылу мен азық-түлік бағасы қымбат, – дейді зейнеткер.
Бұл жаңашылдықтардың негізгі мақсаты – зейнетақы жүйесін заман талабына бейімдеп, халықтың болашақтағы қаржылық қауіпсіздігін күшейту. Азаматтар өз қаражатын басқаруда таңдау еркіндігіне ие болады, бірақ толық еркіндік салымшылар эмоцияға немесе жарнамаға сеніп қате шешім қабылдауға әкелуі мүмкін. Сондықтан реформаның табысты болуы жеке басқарушылардың жауапкершілігіне, мемлекеттік бақылауға, қаржылық сауаттылықты арттыруға және кезең-кезеңімен енгізуге тәуелді.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!