Жұма, 19 сәуiр, 11:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ғ.Қазантаев, қала әкімі: «Бюджет толық игерілу керек»

25.09.2021

862 0

Қызылорда қаласы әкімдігінде қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың қатысуымен аппарат мәжілісі өтті.

Жиында қала басшысы ең алдымен қаладағы кадрлық өзгерістермен таныстырды. Осыған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Асқарбек Есжановтың өзге қызметке ауысуына байланысты «Құрмет» грамотасын табыстап, жаңа қызметіне сәттілік тілеп, шығарып салды. Содан соң қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Дәулетбек Әбдірасуловтың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Сондай-ақ жиында жаңа тағайындалған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспановпен қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбекті таныстырды. Сонымен бірге Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы болып полковник Алмас Чункунов тағайындалды.

Мәжілістің күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Ең алдымен қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейтмахан Айменов бюджет қаржысының биылғы 9 ай қорытындысымен болжамды игерілуі туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, бүгінде бөлінген қаржы толық игерілмей отыр. Оған бірқатар салалар бойынша кедергілер барын жеткізді. Осыған орай қала әкімі бөлім басшысының баяндамасына қанағаттанбай, жұмысын сынға алды.

– Бюджет қаражаты толық игерілу керек. Алайда жұмыстың сапалы орындалуына назар аударыңыздар. Қаржыны игеру қажет деп сапасыз дүниелер шығып жүрмесін. Қала тұрғындарынан жүргізілген жұмыстарға көңіл толмаушылық сынды шағымдар түспеуі керек» – деді қала әкімі.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – биылғы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды көр-сеткіштері. Бұл жөнінде толығырақ қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы төмен-дегі көрсеткіштермен сипатталады.

Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 350 400 млн теңге, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 98,6 процентті құрады. Бүгінде облыста атқарған құрылыс жұмыстарының 72,7 проценті Қызылорда қаласының үлесінде. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер былтырмен салыстырғанда 117 процентті құраған.

Осыған орай қала басшысы алдағы уақытта жұмыс тиімділігін арттырып, 100 процент нәтиже көрсетуді тапсырды.

Кездесу барысында жыл сайын тойланатын «Қала күні» мерекесін ұйымдастыру жөнінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов баяндама жасады.

– Биыл қала күніне арналған мерекелік іс-шараны 23-28 қазан аралығында 1 апта өткізу жоспарлануда. Бұл мереке карантиндік режимге байланысты санитарлық нормаларды сақтап өткізіледі. Биыл қала күні мерекесін арнайы 6 күнмен атап өткізу көзделуде. Атап айтсақ, «Спорт», «Білім», «Қайырымдылық», «Ауыл шаруашылығы», «Тазалық», «Мә-дениет және руханият» күндері деп әрбір күннің өз атауы болады. Сондай-ақ қала күні аясында түрлі деңгейде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ, – деді бөлім басшысы.

Өздеріңізге белгілі, елімізде көктем мен күзгі мезгілде әскери қызметке шақыру жүргізіледі. Аппарат мәжілісінің күн тәртібінің төртінші мәселесі осы төңіректе өрбіді. Қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Алмас Чункуновтың айтуынша, қала бойынша мерзімді әскери қызметке шақыру төмен деңгейде ұйымдастырылуда.

Мәселен, көктемде дәрігерлік сараптама комиссиясына 343 әскерге шақырылушы келген. Алайда 143 азамат қана әскер қатарына алынып, 71,8 процентті орындаған. Себебі ата-аналардың басым бөлігі балаларын әскерге жібермеу үшін түрлі сылтау айтып, алып қалуға тырысады екен. Десе де қала әкімі жаңа келген сала басшысына күзгі мерзімдегі әскерге шақыру жұмысын толық орындауды тапсырды.

Мәжіліс соңында қала әкімі сала басшыларына жүктелген тапсырманы тиянақты орындап, жүйелі жұмыс істеуді және қала күнін атап өтуде сақтық шарасының қатаң сақталуын тапсырды. Сондай-ақ берілген тапсырмалар алдағы уақытта өз бақылауында болатынын ескертті.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: