Сәрсенбі, 24 сәуiр, 00:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Пәтер қанша тұрады?

18.09.2021

1001 0

Жақында Үкімет отырысында республикадағы баспаналар бағасы арзандатылып жатқаны айтылды. Бұл туралы 7 қыркүйекте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Қазақстанда баспана құнының төмендеуі байқалып отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, ескертуді орындау аясында «РАМС-Қазақстан» компаниялар тобы бағаларды Алматы қаласында бірқатар тұрғын үй кешенінен шаршы метр үшін 15 процентке немесе 90 мың теңгеге дейін, «BAZIS-A» компаниясы Алматы қаласында тұрғын үй кешендеріне шаршы метр үшін 20 мың теңгеге дейін, «BI Group» Нұр-Сұлтан қаласының 51 кешенінде бастапқы тұрғын үйге орта есеппен 8 пайызға, Алматыда 11 процентке, Шымкентте 3 процентке және Атырауда 4 процентке төмендеткен. Осы мақсатта өңірдің бас қаласындағы баспана бағасын бағалап көруді жөн көрдік.

Жалпы, ең алдымен қазіргі кездегі еліміздің мегаполистеріндегі баспана бағасын бағамдап көрдік. «Найди Дом» атты сайтта көрсетілген статистикаға сүйенсек, Алматы қаласындағы жаңадан салынған үйлердің шаршы метрі орташа есеппен 321611 теңгені құрайды екен. Ал қайталама тұрғын үйлердің шаршы метрі орташа есеппен 491483 теңге деп бағаланған. Яғни, Алматы қаласындағы қайталама тұрғын үй санатындағы 1 бөлмелі пәтер орташа есеппен 17,6 млн және 2 бөлмелілер 27,7 млн теңге болса, 3 бөлмелі пәтерді 37,7 млн, ал 4 және одан көп бөлмелі пәтерді шамамен 73,8 млн теңгеге сатып алуға болады. Яғни Алматыдағы пәтер бағасы орташа есеппен алғанда 27,7 млн теңгені құрайды.

Ал Елордадағы тұрғын үйдің орташа бағасы Алматыдан арзанырақ. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа пәтердің шаршы метрі шамамен 407592 теңге болса, орташа бағасы 26,6 млн теңгені құрайды. Ал еліміздің бас қаласындағы қайталама тұрғын үйдің шаршы метрі 415762 теңге болса, орташа бағасы 20,1 млн теңгені құрайды. Бұл – қыркүейк айында белгіленген статистиканың көрсеткіші.

Ендігі кезекте Сыр елінің облыс орталығындағы баспана бағасын бағамдамақ болып, жаңадан салынған үйлердің бағасын көрдік. Ол үшін арнайы «Baspana Market» сайтына кіріп, шолу жасадық. Қызылорда қаласындағы Бәйтерек көшесіндегі пәтерлердің шаршы метрі 148859 теңге деп бағаланған. Ал облыс орталығындағы пәтерлердің шаршы метрінің ең арзаны Нұр Орда шағын ауданында, ондағы пәтерлердің шаршы метрі 144645 теңге деп бағаланған. Сол шағын ауданда сондай-ақ шаршы метрі 147 және 148 мың теңге болатын пәтерлер бар. Сайтта бұл пәтерлердің барлығын қазіргі кезде «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы алуға болады делінген. Алайда «Baspana.kz» сайтында қазіргі таңда бұл пәтерлерден сатылатын үй жоқ деп көрсетілген. Сайттағы мәлімет бойынша, 2017 жылы құрылысы аяқталған Бәйтерек көшесіндегі 81 үйдегі 59 шаршы метрлі пәтер 8,7 млн теңгеге саудаланған.

Ал жөндеу жұмыстары толық жасалған 2 бөлмелі пәтердің бағасы орташа есеппен 10 млн теңгені құрайды. Мәселен, 2019 жылы Сол жағалауда салынған, жөндеу жұмыстары толықтай жасалған 2 бөлмелі пәтер «Крыша.КZ» желісінде 17 млн теңгеге бағаланып отыр. Ал 1960 жылы салынған Ешнияз сал көшесіндегі үйлер 40,3 шаршы метрлі 2 бөлмелі пәтерді 4,5 млн теңгеге саудалануда. Одан бөлек Мерей 2 шағын ауданынан 2 бөлмелі пәтерді 9,5 млн теңгеге сатып алуға болады.

«Найди Дом» сайты Қызылордадағы жаңа үйлердің орташа бағасын 7655128 теңгеге бағаланған. Ал қайталама тұрғын үйдің бағасы сайттағы динамикалық кестеде тамыз айында 8649391 теңгеге бағаланып отыр. Биылғы жылғы статистика бойынша Қызылордада қайталама тұрғын үйлер ақпан айында қымбатқа

сатылған. 2021 жылғы ақпанда Қызылордадағы тұрғын үйлер орташа есеппен 10887714 теңгеге сатылыпты-мыс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздегі баспана мәселесіне арнайы тоқ-талып, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес екендігін ашып айтты. Сондықтан Президент бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп, «Отбасы банкін» оның әкімшісі етіп тағайындауды тапсырды. Одан бөлек, енді қазақстандықтар зейнетақы жинағын «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аудару мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде халықтың үй алуға деген мүмкіндігін едәуір жеңілдетпек.

Қазіргі кезде Қызылордада бірқатар тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Араға көп уақыт салмай ол тұрғын үйлер де сатуға шығарылып, бірнеше қызылордалық отбасы баспаналы болатынына күмән жоқ. Оған дейін елімізде баспананы тиімді алуға болатын бірнеше бағдарлама да жүзеге асырылуы әбден мүмкін.

P.S. Мақаланы жазудағы басты мақсат – шаһардағы баспана бағасын бағамдап, оқырман назарына ұсыну. Еңбек етсе, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланса әр азамат баспаналы бола алатыны сөзсіз. Бастысы баспаналы болу үшін бұл саланың қыр-сырын меңгеріп, ең оңтайлы тұсын таңдау қажет.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: