Жұма, 19 сәуiр, 07:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қара өлеңнің құлагері

26.11.2022

906 0

Кеше Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде белгілі ақын Әскербек Рахымбекұлының 80 жасқа толуына орай ақынды еске алу кеші өтті.

Рухани кешке Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері, ақынның отбасы, құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен достары, өлеңге таласы бар жас буын қатысты. Әскербек Рахымбекұлы есімі қазақ поэзиясында ғана емес, қазақ журналистикасында да танымал тұлға. Еңбек жолын аудандық «Сырдария» газетінен бастап, облыстық «Сыр бойы» газетінде ұзақ жыл еңбек еткен қаламгер газеттің мехнатты жұмысын атқара жүріп, өлең жазуды да ұмытпады, көз тірісінде 10-нан астам жыр жинағы жарыққа шықты.

Ақынды еске алу кешінде об­лыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов сөз алып, сырға толы ақын шығармашылығының өзіндік ерекшелігіне тоқталды.

– Сыр бойы таланттарға кенде емес. Талант – Тәңірден. Қазақ поэзиясы деген алып көштің ішін­дегі таланттар шоғырында ақын Әскербек Рахымбекұлының өзіндік әлемі бар. Ақын шығарма­шылығы туралы белгілі ғалым, профессор Бағдат Кәрбозұлы кезінде «Әскербектің әсемдік әлемі» атты монография жазды. Ғалым талантты ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік қолтаңба­сына талдау жасаған еді. Расында, ақын Әскербек Рахымбекұлы қазақ поэзиясына өзінше жаңа­лық, ерекше түр енгізді. Ақынның өлеңінде төрт шумақ болса, сол төрт тағаны да түгел ұйқасып жатады. Уақытында ақын-жазу­шылар үшін  мәртебелі саналған «Жалын» жабық бәйгесінде екі мәрте бас бәйгені жеңіп алғанының өзі оның ақындық талантын айт­қызбай-ақ байқатады, – деді ол.

Ал ақын Махмұтбай Әміреұлы ақын досы өмірден озғалы жалғыз­сырап жүргенін жасырмады.Әңгімесі таусылмайтын сырлас дос­ты сағынғанын жеткізді.

– Әсекең екеуміз 60 жылдай бірге жүрдік. Әрдайым әңгімеміз жарасып, ойымыз бір жерден шығып жататын. Ол сексенге жет­педі. Алайда оның артында мәң­гілік жырлары қалды, – дейді сырлас досы.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның облыстық филиал төрағасы Қаржыға Есімсейітова ақын аға­ның өзіне жыр-бата бергенін еске алып, оның нәзік иірімдерге толы жырларының жүректен-жүрекке жететінін атап айтты.

Ақынның адами болмысын, қарапайымдылығы мен кішіпейіл­дігін сыйласып жүріп, ізгі қасие­тіне тәнті болғанын досы, белгілі ғалым Қазыбай Құдайбергенов тебірене еске алды. Ақынның бары да, бақыты да өлеңі болғанын, оның бойындағы асыл қасиет өлеңдерінен де сезіліп тұратынын жеткізді. Талант иесінің қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдарында бірге оқып, бірге пәтер жалдап, бір үзім нанды бөліп жеген жан досы Зинабдин Шермағамбет ақынның өз өлең­дерін жатқа оқитын қасиетін, досқа адал, ортада сыйлы, қашанда сырбаз, мәдениетті қалпын жоғалт­пағанын, тіпті мақтау-марапаттан биік болған асыл қасиетін үлгі етті.

«Ол менің өмір мектебіндегі ұстазым болды» деген ақын Дүйсенбек Аяшұлы қолына дип­лом алған, сары ауыз балапан шағында облыстық «Сыр бойы» газетіне жұмысқа шақырғанын, оның ағалық қамқорлығы үшін шәкірті ретінде қарыздар екенін тебірене жеткізді. Сырбаз ағадан жас буын­ның бойына сіңірген үлгілі ісі аз болмапты. Айналасын сөз­бен емес, ісімен тәрбиелеген ұстаз бола білгені де еске алу ке­шінде атап айтылды. Оның қа­рапайымдылығы, сабырлығы, адамгершілігі мен ізгілігінің сәу­лесі айналасын са­маладай жар­қырата түскені ақын­ның еске алу кешіне жылулық сыйлағандай әсер берді.

Талантты ақын Шәкизада  Әбдікәрімов оның қара өлеңге өзіндік өрнек салғанын атап айтты. Еске алу кешінде бірнеше мәрте айтылған оның ізгі қасиеттері мен сыпайылығы, ешкімді ренжітіп алмайын деген сырбаз мінезі нәзік қаламынан төгілген өлеңдерінде өшпенділік жоқ екенін, айтар назын тігісін жатқыза жеткізіп, адамзатқа ой салатын ойлы өлеңдерінің еш­қашан өлмейтіні еске алу кеші тағы бір дәлелдей түсті.

…Бөлектеніп барамыз

бөрілердей,

Бөлек жүрсек бөркіміз көрі­нердей» – деген өлең жолдарының өзі-ақ талайды ойландырып тас­тайтыны белгілі.

Шәкизада Әбдікәрімов мысал еткен ақын Есенғали Раушановтың: «Табиғат тазару үшін жаңбыр керек, адамдар тазару үшін ақын керек» деген сөзі кешке жиналған көрерменді бей-жай қалдырмасы анық. Бұл кештен көпшілік ой түйіп, рухани демалып шықты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: