Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Сейдуали Әбдіқадыров бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы ауылдық округ көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
– «Елдi мекендердi абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы аясында Абай, Досан ауылдарындағы балалар ойын алаңдары ағымдағы жөндеуден өтіп, ауыл көшелеріне ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, үнемделген қаржы есебінен 2 аялдама орнатылды. Биыл округке қарасты Досан елді мекенін талапқа сай электр қуатымен қамтамасыз ететін боламыз. Сондай-ақ, осы ауылдағы №2, №12, №7 көшелерге тас жол төсеу, Абай ауылына жарық бағаналарын орнату жоспарланған, – деді ауылдық округ әкімі Сейдуали Әлайдарұлы.
Қосшыңырауда кәсіпкерлік саласы кеңінен дамып келеді. Ауылдық округте 363 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Өткен жылы жаңадан 74 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаларға жүгінген кәсіпкерлердің 152 млн.теңгені құрайтын 19 жобасы қаржыландырылды. Оның ішінде, 12 тұрғын мемлекеттік қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсіптерін бастады. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 1659 гектар жерге күріш, 854 гектар жерге ескі жоңышқа және 110 гектар жерге жаңа жоңышқа, 92 гектар жерге бидай егілді. Ал мал саны 15 015 басқа жетті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!