Жұма, 26 сәуiр, 08:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қуана берші, асыл қазынам

02.10.2021

993 0

Міне, қазан айы келді. Әдетте күздің екінші айында күн салқындай түсетін. Бірақ биылғы қазан ерекше басталғандай. Күннің өзі де жылы шуағымен қарттарымызды қуантқандай. Адамдар да айналасындағы ардагерлерді, үлкен кісілерді құттықтап, мейірімділікке бөлегендей. Себебі 1 қазан – ата-әжелеріміздің, көпті көрген қарияларымыздың мерекесі.

Осы мерекеге орай Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Қарты бар елдің қазынасы бар» атты мерекелік шарасы кең ауқымда аталып өтті. Аула іші арнайы мерекеге сай безендіріліп, қазан-ошақ асылып, бауырсақ пісіріліп, дастарқан жайылып, өнерпаздар әннен шашу шашуға кіріскен керемет көріністің куәсі бола алдық. Осындай құрметтің бәрі орталықтағы қарттарға арналды.

Жан-жақты ұйымдастырылған мерекелік шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Мейрамбек Жақсылықұлы, сонымен қатар демеушілер тарапынан «Қызылорда-атқару жүйесі» департаментінің бастығы, подполковник Шаймерден Тәжіқұлұлы, «Дәулет Азия» ЖШС директоры Талғат Сәбитұлы және жеке кәсіпкер «Үміт» директоры Айгүл Әділханқызы қытысты.

СЫЙҒА – СПОРТТЫҚ АЛАҢ

Ардагерлерге арналған шара барысында орталық ауласынан спорттық алаң ашылды. Осындағы қариялардың белсенді әрі ұзақ өмір сүру сапасын арттыру, дене қозғалысының ширақ та шымыр болып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатын жандандыру негізінде спорттық алаңның қажеттілігі туындаған. Соған орай облыстық бюджеттен 12,8 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы конкурс жарияланған. Нәтижесінде «Қасиет LTD» ЖШС жеңімпаз деп танылып, ғимарат алаңына 9 түрлі аула тренажеры мен арнайы жүгіру жолы және тынығуға арналған орындықтар орнатылды.

Енді орталықтағы жандар бір мезгіл уақыттарын осы алаңда өткізетін болды. Мұндай сыйға қарттар риза. Бәрі алғыстарын айтуда.

МЕРЕКЕЛІК МЕЗЕТ

Одан соң ауладағы мерекелік сахнада облыстық филармонияның концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орынбасары Мейрамбек Жақсылықұлы барша ардагерлерді мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдері тағамдарынан «Алтын күз-2021» жәрмеңкесі де өтті. Оған қоса «Ас атасы – нан» дәс-түрі бойынша «Бауырсақ пати» ұйымдастырылып, келген қонақтарға, қатысушыларға ыстық бауырсақтан дәм татқызды. Жалпы бұл шара қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сол күнгі тілектер, ән-шашулар, сый-сияпаттар, барлық қошемет асыл қазыналарға арналды. Иә, олар тек жақсыға лайық жандар.

БІР ҮЙДІҢ АДАМЫНДАЙ…

Бүгінде орталықта 141 қызмет алушы бар. Бірақ осы ардагердің ішінде бір қария ерекше көзімізге түсті. Басында тақиясы, кеудесі орден, медальға толы, жүзі жарқын ардагер айналасымен ашық-жарқын әңгімелесіп отыр екен. Біз де мерекесімен құттықтап, сөйлескіміз келді. Өзімізді таныстырдық. Ардагер де жақсы қабылдады. Күлімдеп қарсы алған қариямыз – 85 жастағы тыл ардагері Ереже Исабаев:

– Өзіме осы мереке сондай ыстық. Неге екенін білмеймін, мүмкін қарттарға арналған соң шығар. Себебі біз жылылықты, мейірімділікті күтеміз. Адам қартайған сайын бала секілді болады деген рас екен. Бәрі құттықтап жатыр. Жағдайымызды сұрап отырады. Қуанып қаламын.

Бұл орталықта тұрып жатқаныма сегіз жылдан асып барады. Бұл жерге келген себебім, жалғыз балам болды. Бірақ соңында тағдырдың тәлкегімен осында келдім. Қазір жағдайым жақсы, шүкір етемін. Осында өз ортам қалыптасты. Бір үйдің адамындаймыз, – деді Ереже атамыз.

– Ата, мерекеңіз тағы да құтты болсын! Ұзақ жасаңыз, – деген тілегіме одан сайын балаша қуанып, бізге ақ батасын беріп, «Айналайындар, осылай жағдайымызды біліп, жиі келіп тұрыңдар» деді. Иә, қазыналарды қуанту үшін көп нәрсе қажет емес. Тек жайлы қарап, жылылық танытып, жақсы сөйлесеңіз болғаны…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: