Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылөзек: Ауыл әкімі ауылға көшті ме?

28.02.2023

744 0

Қызылөзек ауылдық округінде 2022 жылы

салық түсімдері 6 млн 259 мың теңгеге жоспарланып, жылдық жоспар 125 пайызға орындалған. Сондай-ақ ауыл халқының маңызды мәселесіне айналған көшелерді жарықтандыру, аяқсу және қоғамдық көлік мәселесі шешімін тапқан. Бұл туралы ауылдық округ әкімі Сәкен Әбдіжаппар қала әкімдігінің баспасөз алаңында өткен брифингте айтты.

− «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бө­лінген 3 млн 620 мың теңгеге Айнакөл ауылының 3 кө­шесіне түнгі жарық бағаналары орнатылса, мекеменің үнемделген қаражаты есебінен қаралған 3 млн 997 мың теңгеге Ж.Жабаев көшесінің аяғына жарық бағаналары орнатылып, өткен жылғы есепті кездесулерде жарық­тандыру бойынша көтерілген мәселелер толық шешімін тапты.

Сондай-ақ ауылдық округте аяқсу тапшылығына байланысты қала басшылығының қолдауымен 18 млн 852 мың теңге қаражатқа 2 дана жаңа СНП-500/10 дизельдік насостық қондырғысы сатып алынып, егістіктер мен 3 елді мекенге аяқ су берілді. Аяқсу мәселесін шешу мақсатында 4 дана техникалық су тарту ұңғымасы қазылды, − деді Сәкен Нысанұлы.

Қызылөзек ауылдық округі – кәсіпкерлік саласында алдыңғы қатардан көрінетін ауылдардың бірі. Мәселен, бүгінде ауылдық округте 156 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. 2022 жыл көлемінде шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында жаңадан 20 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 20 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Елді мекен көшелерінің жолдарына жөндеу жүргізу мақсатында өткен жылы бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 6 көшенің ЖСҚ-сы әзірленіп, облыстық басқармаға бюджеттік ұсыныс берілген. Соған сәйкес, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, Абылайхан және Айнакөл-2 көшелеріне асфальт, Жаңаарық, Арғын, Қорқыт ата, және Қараөзек бекеті-3 көшелеріне малта тас төсеу жұмыстары жүр­гізілмек.

Одан бөлек Айнакөлдегі жарық шамдары жоқ екі көшеге биыл жаңа үлгідегі жарық бағаналары орнатылмақ. Сонымен қатар Қараөзектегі М.Жабағы­ұлы мен Арғын көшелерін толық жарықтандыруға да бюджеттік өтінім берілген. Айта кетерлік жайт, биыл Қараөзекте балалар ойын алаңын салуға қаржы бөлініп, қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп жатыр. Ойын алаңы Е.Дәуітбаев көшесіне салынбақ.

Ауыл әкімі өткен жылы есепті кездесуде көтерілген мәселелерге де тоқталып, бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. «Қожақ» автомобиль көпі­рін күрделі жөндеу және электр тарату желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжат­тарын әзірлеу үшін зерттеу жұмыстары жасалып, бюджеттік өтінім ұсынылған еді. Үстіміздегі жылы бұл ұсыныстарымыз бойынша қажетті қаражат бөлі­ніп, жобалау жұмыстары басталуда. Жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытын­дылары алынған соң құрылыс жұмыстарына қаражат бөлінеді деп сенеміз», − деді ауыл әкімі.

Брифингте ауыл халқының ұзақ жылдар бойы көтеріліп келе жатқан «көгілдір отын» мәселесі туралы да сұрадық. Одан бөлек көшедегі иттер қауіпсіздігін де айттық. Әкім ауылдық округті табиғи газ желісіне қосуға байланысты ЖСҚ дайындауға бюджеттік өтінім берілгенін айтты. Балаларға қауіп төндіретін иттерге байланысты тұрғындарға түсіндірме жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Өткен жылдың соңында қала әкімі­нің аппарат мәжілісінде ауылдың тазалығы да айтылған еді. Қызылөзек ауылдық округіне қарасты үш елді мекен бар. Барлық ауылда тазалық жұмыстары басталып, ауыл тазалығын сақтау туралы ескертпе берілуде. Әкімнің айтуынша, ауылдық округ қоқыс полигондарынан қашық орналасқанын, дегенмен бюджет­тен санитарлық тазалыққа бөлінген қара­жатқа тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Өткен жылдың соңындағы аппарат мәжілісінде қала әкімі «Аймақ басшысы ауыл әкімдері өздері қызмет ететін ауылда тұруды тапсырғанын білесіздер. Осы тапсырма әлі орындалмай жатыр. Мәселен, Қызылөзек әкімінің мекенжайы қағаз жүзінде ауылда болғанымен, өзінің ол жерде тұрмайтыны анықталды. Ауыл әкімі сол ауылда тұру керек. Мекенжайды тіркеп қоюдың қажеті жоқ. Ауылда кез келген уақытта түрлі жағдай болуы мүмкін. Сол кезде әкімді қайдан табады? Аймақ басшысының тапсырмасы орындалу қажет», − деген еді. Брифингте Қызылөзек ауылдық округінің әкімінен бұл ескертудің нәтижесін сұрадық.

− Өте орынды мәселе. Қазіргі кезде аймақ басшысы да, қала әкімі де бұл тапсырманы қадағалап отыр. Орынды мәселенің орындалуы үшін қазір ауыл­дық округке көштім. Халықпен тығыз байланыс орнатып, елді мекенде тұрып, жұмыс істеп жатырмыз, − деп ауылға көшкенін айтты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: