Қазіргі таңда білім беру жүйесінің сапалық өлшемі тек академиялық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен, оқу ортасының инклюзивтілік деңгейімен айқындалады. Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы ортаға сәтті интеграциялау ғана емес, олардың әлеуетін толық іске асыруға жағдай жасау. Инклюзивті білім беруді дамыту – ерікті таңдау емес, мемлекеттік деңгейдегі міндет. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес, мемлекет ерекше білім беруді қажет ететін азаматтардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауды толықтай кепілдендіреді. Заңның 3-бабында білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаты ретінде барлық білім алушылардың ерекшеліктерін ескере отырып, білім алуға тең қолжетімділігі бекітілген. Бұл дегеніміз – мектеп әр баланың физикалық, интеллектуалдық және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан, оның сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуге міндетті.
Инклюзивті білім беруді енгізу барысында заманауи мектептер бірқатар маңызды кедергілерге тап болып отырғаны жасырын емес. Ең алдымен, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі мен мамандар тапшылығы басты мәселе болып қалуда. Көптеген мектепте ерекше балалармен жұмыс істейтін тьюторлардың, арнайы педагогтар мен дефектологтардың жетіспеушілігі оқу сапасына кері әсерін тигізеді. Мәселенің тағы бір қыры – әлеуметтік-психологиялық детерминанттар. Бүгінгі таңда білім беру процесіне қатысушылардың, атап айтқанда, ата-аналар мен оқушылар қауымдастығының инклюзивті мәдениетті меңгеру деңгейі жеткіліксіз. Ерекше қажеттілігі бар баланы шектеп қою немесе оған тек гуманитарлық көмек нысаны ретінде қарау (аяушылық білдіру) оның қоғаммен араласуына кедергі келтіреді. Бұған қоса, педагогтардың функционалдық жүктемесінің жоғары болуы – оқу бағдарламасын әр баланың когнитивті ерекшеліктеріне сәйкес бейімдеуге мүмкіндік бермейтін объективті фактор болып отыр.
Білім алушылардың оқу қиындықтары бірнеше факторлардан туындауы мүмкін. Ең алдымен, ақпаратты қабылдау, өңдеу және есте сақтау жылдамдығының ерекшеліктеріне негізделген когнитивті кедергілерді атап өткен жөн. Атап айтсақ, мектеп ортасындағы буллинг, оқшаулану қорқынышы және мотивацияның төмендігі сияқты әлеуметтік-психологиялық факторлар баланың дамуына тұсау болады. Дидактикалық кедергілер, яғни оқу материалының күрделілігі мен оқыту әдістерінің баланың жеке қабілетіне сәйкес келмеуі, оқушының білімге деген ынтасын төмендетуі мүмкін.
Осы кедергілерді жою үшін білім беру ұйымдарында кешенді педагогикалық тетіктерді енгізу қажет. Оның ішінде саралап оқытудың икемділігі басты рөл атқарады. Оқу бағдарламасын стандартты үлгіге таңбай, әр баланың әлеуетіне бейімдеу, ақпаратты мультимодальді форматта, яғни визуальды, аудио және практикалық модельдеу арқылы ұсыну оң нәтиже береді.
Инклюзивті тәсілдегі маңызды қадамның бірі – мектептегі көпсалалы топтың (логопед, психолог, мұғалім) үйлесімді жұмысы. Жеке даму жоспары тек қағаз жүзіндегі құжат емес, баланың күнделікті ілгерілеуін қадағалайтын механизмге айналуы тиіс. Сонымен қатар заманауи ассистивті технологиялар мен цифрлық платформалар оқушының танымдық белсенділігін арттырып, оның дербестігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Инклюзивті ортаны қалыптастырудағы ең басты тетік – педагогтың рефлексиялық қабілеті мен төзімділігі. Мұғалім әрбір оқу қиындығын баланың кемшілігі емес, оқыту әдістемесін жаңарту қажеттілігі деп қабылдауы тиіс. «Әр бала білім ала алады, тек түрліше әдіспен» деген қағида мұғалімнің кәсіби этикасының өзегі болуы қажет.
Қорыта айтқанда, инклюзивті білім беру – бұл тек білім беру жүйесінің міндеті емес, бұл қоғамның рухани кемелдігінің көрінісі. Мектептегі кедергілерді ашық талқылау және оларды жүйелі түрде шешу арқылы біз әр бала өзін құнды сезінетін орта қалыптастырамыз. Оқу қиындықтарын бірлесе еңсеру – баланың болашаққа деген сенімін ояту, ал бұл әрбір педагогтың қасиетті міндеті болып қала бермек.
Гүлсім БАЙЖАНОВА,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты»,
аға оқытушы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!