Жастар арасында мамандық таңдау мәселесі қазіргі қоғамда аса маңызды тақырыптардың біріне айналып отыр. Бүгінгі күні талапкерлер болашақ мамандығын анықтау кезінде өз қызығушылығы мен жеке бейімділігін екінші орынға ысырып, еңбек нарығында сұранысқа ие немесе жоғары табыс әкелетін салаларға көбірек назар аударады. Алайда мұндай таңдау әрдайым күткен нәтижеге жеткізе бермейді, себебі адамның ішкі ынтасы мен қабілеті ескерілмеген жағдайда кәсіби тұрақтылық пен еңбекке қанағаттану деңгейі төмендейді. Соның салдарынан жоғары оқу орнын аяқтаған жастардың бір бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, басқа салаларға ауысуға мәжбүр болады. Сонымен қатар қазіргі еңбек нарығының жылдам өзгеруі мен жаңа цифрлық мамандықтардың пайда болуы да жастардың таңдауын күрделендіріп отыр.
Жоғары оқу орындары ұсынатын білім беру бағыттары еңбек нарығындағы сұраныспен тығыз байланысты. Қазіргі таңда IT саласы, инженерлік мамандықтар, медицина, педагогика, экономика және қаржы бағыттары ең сұранысқа ие салалар ретінде қарастырылуда. Сонымен қатар цифрлық дәуірдің дамуына байланысты бағдарламалау, киберқауіпсіздік, деректерді талдау (data analysis), SMM және digital-маркетинг сияқты жаңа мамандықтарға қызығушылық артып келеді. Бұл үрдіс жастарды тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық дағдыларды меңгеруге итермелейді. Дегенмен сұраныстағы мамандықтарға қарамастан, кейбір түлектер еңбек нарығына бейімделуде қиындықтарға тап болып отыр. Бұл мәселені жастардың нақты пікірлері де айқын дәлелдейді. Мәселен, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің» ІІ-курс студенті Мұқағали Балтабай оқып жатқан мамандығы өзінің қалауы емесін айтады.
– Мен заңгер мамандығына түстім, бірақ бұл менің өз қалауым емес еді. Ата-анамның кеңесімен таңдадым. Қазір өзімді дизайн және шығармашылық саласына жақын сезінемін. Болашақта нақты қай бағытты таңдайтынымды әлі толық шешкен жоқпын, – дейді ол.
Жас мамандар арасында да осыған ұқсас жағдай жиі кездеседі. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің» түлегі, жас маман Нұрсұлтан Есенұлы жұмыс таба алмай қиналғанын жаққа шығармады.
– Мен бухгалтер мамандығы бойынша білім алдым, алайда жұмыс табу оңай болған жоқ. Бірқатар мекемеге бардым. Қай жерге барсаң да тәжірибелі маман іздейді. Қазіргі таңда SMM саласында жұмыс істеп жүрмін. Университетте алған теориялық білімім күнделікті жұмыста толық қолданылмай отыр. Менің ортам оқуға арнаған уақытым зая кеткенін айтады, – деп пікірін білдірді ол.
Өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген жастар да белгілі бір қиындықтарды жоққа шығармайды. «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің» түлегі, жас маман Тасболат Елдана:
– Мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп, қазіргі таңда мектепте жұмыс істеймін. Қазіргі мамандығымды балалық шағымнан армандадым. Өз мамандығымды жақсы көремін, бірақ жалақы мен жүктеме жалақымды ақтамайды. Кейде аңсап жеткен мамандығыммен жұмыс істеп аз тапқанша, басқа сала өкілі болғаным дұрыс еді деп те ойлаймын, – дейді ол.
Аға буын өкілдері бұл мәселеге өмірлік тәжірибе тұрғысынан баға береді. Сантехник Ерлан Рахметовтің айтуынша, жастар жалақысы көп, жұмысы оңай мамандыққа қарай бет бұруда.
– Біздің уақытта бір мамандықпен өмір бойы жұмыс істейтінбіз. Қазір жастар мамандықты да, жұмысты да жиі ауыстырады. Болашақ мамандықтарын дұрыс таңдамау ма, әлде заман ағымына қарай қызығушылықтарының өзгеруі ме білмедім. Біздің заманымыздағыдай қарапайым мұғалім, құрылысшы, аспаз деген мамандықтар қазір өскелең ұрақтың тілімен айтсақ «трендте» емес. Бәлкім, біз уақытқа ілесе алмай келеміз, бәріне қарамастан заман талабы осы, – дейді ол.
Зерттеулерге сүйенсек, мамандық таңдауда жеке тұлғалық ерекшеліктерді анықтау маңызды рөл атқарады. Мамандықты дұрыс таңдау үшін адам өзінің әлсіз және күшті жақтарын, мінез ерекшеліктерін саналы түрде бағалауы қажет.
Мадина Теңгізбай,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің, ІІ курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!