Облыста жылдың алғашқы айларында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалған. Дерек бойынша жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,1 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға өсті. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Әсел Досжанова мәлімдеді.
Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 250 млрд теңгеге жетіп, 1,7%-ға артты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі 13,6%-ға өсіп, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары және машина жөндеу салаларында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде қалыптасқан. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 142,1 млрд теңгені құрап, 8,2%-ға артқан. Биыл қаңтар-наурыз айында құрылыс жұмыстарының көлемі 46,6 млрд теңгені құраған. Өңірде 585 жаңатұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 557 жеке және 28 көппәтерлі тұрғын үй. Пайдалануға берілген үйлердің жалпы алаңы өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артқан.
– Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 16,6 млрд теңге құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға өсті. Оның ішінде мал шаруашылығы 3,5% көбейген. Жылқы саны өткен жылмен салыстырғанда 6,0 пайызға көбейгені, ал ірі қара мал 0,3 пайызға, азайғаны байқалады. Ал сауылған сиыр сүті 9,5 мың тоннаны құраса, өндірілген тауық жұмыртқасы 1,3 млн данаға көбейген, – деді Әсел Досжанова.
Өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда жалпы инфляциялық қысымның сақталғаны байқалды. Биыл наурыз айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысында тұтыну тауарлары мен қызметтерінің индексі 102,5%-ды құрап, баға деңгейінің біртіндеп өскенін көрсетті. Азық-түлік тауарларының бағасы 3%-ға қымбаттаса, азық-түлік емес тауарлар 2,4%-ға өскен. Ал ақылы қызметтердің құны 2%-ға артқан. Бір қарағанда жоғары емес көрінгенімен, күнделікті тұтыну себетіне тікелей әсер ететін негізгі өнімдер бағасының көтерілуі халықтың шығындарын арттыруы мүмкін.
Биыл 1 наурызда өңір халқы 846,5 мың адам болса, өткен жылдың наурызында 846,4 мың адам. Қала халқы 399,7 мың адамға жетіп, аздап өссе, ауыл халқы 446,8 мың адамға дейін төмендеген. Бұл қалаға көшу үдерісінің сақталып отырғанын аңғартады. Дегенмен қала тұрғындарының үлесі 47%, ал ауыл халқы 53% деңгейінде қалып отыр. Жалпы алғанда, соңғы 10 жылда халық саны 82 мың адамға артқан.
Халықтың көші-қоны әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық және сыртқы факторларға сәйкес өзгеріп тұрады. Көші қон қызметі органдары ұсынған мәліметтер бойынша биылғы қаңтар-ақпан айында облысқа тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 8049 адамды, облыстан кеткендердің саны 9491 адам.
– Өткен жылмен салыстырғанда облысқа көшіп келгендер саны 5%-ға көбейгені байқалады. Сонымен бірге облыста 2346 сәби дүниеге келген. Оның 1172-і ұлдар болса, 1174-і қыздар. Біздің өңірдің туу көрсеткіші және табиғи өсімі тұрақты. Облыстар арасында 1000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша тұрақты төртінші орындамыз. Облысымызда күніне орташа есеппен 40-45 сәби дүние есігін ашады. Ай сайын 1200-1300 балаға дейін дүниеге келеді. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, облыста халық санының артуын байқауға болады, – деді Әсел Досжанова
Өткен жылдың IV тоқсаны бойынша облыста жұмыссыздар саны 15,7 мың адамды құрады. АЛ NEET санатындағы жастар үлесі 6,7% деңгейінде қалып, еңбек нарығында жастардың бір бөлігінің әлі де тұрақты жұмыспен қамтылмағаны байқалған.
Шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 63770 болса, оның 61 493-і белсенді қызмет атқаруда. Дегенмен, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысан саны 4,7%-ға азайғаны байқалып, кәсіпкерлік белсенділік баяулағанын аңғартады. Жалпы алғанда, өңірде еңбек нарығы тұрақты болғанымен, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру бағытында қосымша шаралар қажет екені көрінеді.
Нұрай Арманқызы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
4 курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!