Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздікке бастаған күн

24.10.2022

973 0

Кеше облыс орталығындағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға жұртшылық көптеп жиылған, тіпті театрдың үлкен залында ине шаншар орын болмады.

Ұлттық мерекеге арналған жиын алдымен сахна төріне Мемлекеттік Туды салтанатты саппен алып шығудан басталды. Содан соң еліміздің Әнұраны шырқалып, көпшілік гимнді қосыла орындады. Салтанатта сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр халқын Республика күнімен құттықтап, ұлттық мерекенің мән-маңызына тоқталды.

– 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Декларация Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы болды. Ұлттық мәні бар бұл құжаттың Кеңес одағынан түпкілікті қол үзбеген сәтте қабылдануы азаттығымызға ұмтылған батыл қадам еді. Iс жүзiнде, осы актімен әлем картасына жаңа мемлекет – болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының негiзi салынды. Сол сәттен бастап Егемен Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қазақстан қоғамдық-саяси құрылысты өзгертуге өз бетiнше кiрiсiп, нарықтық экономикаға негiзделген демократиялық қоғам құруға бағыт алды. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақырып, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Ұлттық-мәдени, әкімшілік-аумақтық құрылымына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні анықталды, – деген облыс басшысы аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Айта кетейік, Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы лизингке 150 автобус алуға 1 млрд 430 млн теңге қаржы бөлінген еді. Соның аясында өткен айда 21 жаңа автобус алынса, тағы жаңа 40 қоғамдық көлік табысталды. Қалған көліктер қарашада жеткізіледі. Бұдан бөлек оқушыларды тасымалдау үшін мектептерге жаңа 30 автобус табысталмақшы. Сонымен бірге Жалағаш ауданында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі пайдалануға берілді.

Өңірде «Балалар жылында»  демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 80 спорт ойын алаңы тарту етілді. Туған жерге жанашыр меценаттардың қаржысымен Жаңақорған ауданында құны 790 млн болатын заманауи демалыс паркі ашылды. Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында құны 350 млн теңгені құрайтын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді. Арал ауданында «Балықшылар монументі мен аллеясы ашылуда. Жеке кәсіпкер қаржысына 300 орындық жаңа балабақша игілікке берілді. Апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн теңге қаржыға қайта салынуда. Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылысы басталды. Келесі жылы ел игілігіне беріледі. Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Демеушілердің көмегімен100 млн теңгеге қазіргі терминалға жөндеу жүргізіліп, әуежай алаңы жаңартылды. «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасы басталады. Жалпы 5-6 айдың ішінде тек жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд теңгеге қолдау көрсетіп,  ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды.

– Біз шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты арттырудамыз. Жақында ғана түркиялық беделді «Акса энерджи» компаниясымен бірге қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасын қаладық. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады. Ел ағаларымен бірге тамыз айында құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Неке сарайының», 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық «Өнер» орталығының, сол жағалауда 2,7 млрд теңгеге Қан орталығының іргетасын қаладық. 2023-25 жылдарға арналған мемлекетіміздің бюджетінде ауысымына 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысын бастауға қаржы қаралды. Күндізтүні жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9 қазаннан бастап шыны зауытында өнім шығарыла бастады, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтікэкономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматқа Президент жарлығына сәйкес мемлекеттік награда табысталды.

Мерекелік шара аймақ өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламамен аяқталды.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: