Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 00:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әскердегі әлімжеттік аналардың түн ұйқысын төрт бөлуде

11.06.2022

1578 0

«Апатай-ау ұлыңыз жігіт болды, жас кеуде.

Батаңды бер, мен бүгін аттанамын әскерге». Бұл өлең жолдарынан әскерге баруға асыққан жас жігіттің қуанышы байқалады. Әрбір жігіт осылай ата-анасының батасын алып, елін қорғау мақсатында әскери борышын өтеуге аттанады. Әттең, сол үміт жетелеп кеткен кейбір жас жігіттер өмірмен қош айтысып, қыршын кетіп жатыр. Мұндай жағдайды көріп отырып, кім ұлын әскерге жіберсін…

Сарбаз өліміне не себеп?

«Әскерге ұлыммен еріп ба­рамын». Бүгінде аналар ойнап айтса да ойындағыларын осы­лай айтып жүр. Себебі әке мен ана әскерге кеткен ұлын қарсы алудың орнына, табытын әкелетін жағдай көбейді. Бүгінгі ақпарат құралдарынан осындай жағымсыз жаңалықтар естіп жүрміз.

Сәуір айының соңында тағы бір сарбаз көз жұмды. Маңғыстаулық жас сарбаздың жұмбақ өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. 18 сәуір­де 18 жастағы Әлібек Қалбай әскерге аттанады. Ал 10 күннен кейін ата-анасы ұлының қайтыс болғаны туралы қаралы хабар алады. Айтуға оңай. Алайда үлкен қасірет.

Жас сарбаздардың белгісіз өлімі туралы орын алған жағдай­лар мұнымен тоқтамады. Жамбыл облысында Шекара қызметінде 2 наурызда жоғалып кеткен қа­тардағы жауынгер Ұлықбек Айдарбекұлының мәйіті сәуір айында табылды. Жұмбақ жағ­дайда жоғалған сарбаз өз-өзіне қол салған деген күдікті ақпарат желдей есті.  Бір айда екі жас қыршын кетті. Елімізді қорғаймыз деп аттанған азаматтарға елінен қорған болмады. Бейбіт күнде  балаларынан айрылған ата-ана қасірет шегіп қалды.

Үшінші жағдай 4 маусымда болды. Маңғыстау облысының Бей­неу ауданындағы шекара қыз­ме­тінде борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған. Шекара қызметінің басшылығы сарбазда отбасылық-тұрмыстық проблемалар болды деп ақпарат берген.

Әскердегі әлімжеттік туралы оқып біліп отырған ата-аналар ұлын борышын өтеуге жіберуге қорқатындарын жарысып жазуда.

Аталған үш өлімнің де се­бебі өз-өзіне қол жұмсау деп түсіндіреді. Әскерде өз-өзіне қол жұмсайтындай не қиын­дық көре­ді? Бұның анығы айтыл­майды. Қашанғы құпия қылмыс жас сар­баздардың өмірін қия береді?

Сандар сөйлейді

Әскердегі әлімжеттік бүгін пайда болған мәселе емес. Жауынгерлердің өз-өзіне қол салу оқиғасының  тамырына балта шабылмай тұр. Яғни бұл мәселе кей жылдары азайғанмен, кей жылдары өршіген. Республикалық «Айқын» газеті келтірген мәлі­меттерге сүйенсек, 2010 жылы әскерде 17 суицид оқиғасы тір­келсе, 2011 жылы бұл сан 21-ге дейін өскен. Бұдан бөлек, 2015 жылы – 11, 2016 жылы – 6, 2017 жылы – 6 жауынгер өз өмірін өзі қиған деген дерек бар.

«Сарбаздың өз-өзіне қол жұм­сауы іштегі жалпы тәртіптің ақсауынан болады» деген пікірлер бар. Қайғылы оқиғалар осындай жағдайда орын алатыны белгілі. Себебі әскердегі әлімжеттікке шыдай алмай, өзіне қол жұм­сайтындар тек біздің елде ғана емес. Өркениетті елдердің әс­кери бөлімдерінде мұндай жағ­дай кездеседі. Мәселен, өз-өзіне қол жұмсау Израиль әскери қызметшілері арасында көп кездеседі деген мәлімет бар. Атап айтсақ, 2017 жылы 16 әскери қызметші өзіне қол жұм­саған. Оның 13-і сарбаз болып шыққан. Дамыған ел саналатын Американың Қарулы күштерінде 2018 жылы 325 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Ал 2017 жылы оларда суицид оқиғасы тіркелген.

Сандар көрсеткен мәлімет­терге қарап, ешкім ұлын әскерге бермесі анық. Дегенмен ер-аза­маттың басты парызы – Отан алдындағы борышын өтеу. Сондықтан да өрескел қылық көп елде кездескенмен, біздің елдің әскерінде мүлде болмағаны дұрыс дейміз.

Сарбаз сапқа дайын ба?

Әскерге барып, сарбаз ретінде сапқа тұру үшін алдын-ала тек­серуден, іріктеуден өтетіні белгілі. Осы жайында білгіміз келіп, облыстық қорғаныс депар­таментіне барсақ, бір топ жігіттер іріктеуден өтіп жатыр екен. Олардың көзінен қорқынышты емес, борышымды өтеймін деген қуанышты байқадық. Міне – ер-азамат.

– Бүгін тексеруден өткелі тұрған жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті пары­зым деп түсініп тұр. Яғни армияға барып, сапта тұруға дайын. Біз олармен пікірлесу барысында моральдік және пси­хологиялық тұрғыдан дайын­дығын тексереміз. Оның от­басы­лық жағдайы сұралады. Меди­циналық тексеруден өтіп, ден­­сау­лығының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімге жөнелтіледі. Біздің облыстың ата-аналарына алғыс айтамыз. Жағымсыз жаңалықты естіп отырса да баланы әскерге жіберуге ниеттері дұрыс. Қазіргі көп жағдайда әлеуметтік деңгей төмен. Жастардың кредиті көп. Оларды әскерге кеткеннен кейін ешқандай мәселе алаңдатпауы тиіс. Денсаулығы мықты, физика­лық жағынан мығым азаматтар жарамды болса әскерге баруға міндетті. Болашақта елімізді қорғайтын – осы жігіттер. Қазіргі уақытта әскердегі тәртіпті кү­шейту қатаң қадағалануда. Сон­дықтан алдағы уақытта әрбір ата-ана баласы үшін алаңдамайды деп үміт артамыз, – дейді облыстық қорғаныс департаментінің психо­логиялық қызмет бастығы, майор Нэлля Набиқызы.

«Біздегі міндет – тәртіпті қадағалау»

Қызылорда қаласында ҚР Ұлт­тық ұланының 5547 әскери бөлімі орналасқан. Аталған бө­лімде 300-ден астам мерзімді қызмет әскери қызметшілері бо­рышын өтеуде. Бөлімшедегі сарбаздардың жағдайы қалай? Бөлім командирінен сұрағанды жөн көрдік.

– Сарбаздар барлық әскери қамту түрлерімен қамтылған. Үш мезгіл тамақ беріледі. Әскери киім үлгісі жыл мезгіліне қарай қамтамасыз етіледі. Оқу-жаттығу кезінде қару-жарақ қолданады. Денсаулықтары бөлімнің меди­цина қызметкерлерінің және  бөлініс командирлерімен қатаң бақылауға алынуда. Сарбаздар үшін Ұлттық ұлан басшылығы тарапынан барлық жағдай жа­салған. Әскери тәртіп ең алдымен ҚР жалпы әскери жарғысының талаптарына сай реттеледі. ҚР заңдарымен басқа да нормативті құқықтық актілеріне сай күшей­тіліп жұмыс жүргізіледі. Бөлім­дегі тәртіпке барлық әскери қызметші саналы түрде жауапты. Әскери тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде үздіксіз қызмет  атқаратын әскери полиция бөлімшесі бар. Әскери тәртіп өз деңгейінде. Біздегі міндет – тәртіпті қадағалау, әлімжеттіктің алдын-алу. Қазіргі қайғылы оқиғалар сарбаздар туралы теріс пікір қалыптастырды. Әскери өмірде қатаң қағида жоқ. Тек темірдей тәртіп пен жарғылық қарым-қатынас талаптары бар. Барлық әскери қызметші заң талаптарына сай өз міндеттерін орындайды, – дейді 5547 әскери бөлім командирінің тәрбие және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Берік Абайұлы.  

«Әскер – әлсіздердің орны емес»

Әлімжеттік туралы сөз қозғап, ер-азаматтарды әскерге барудан жалтартудан аулақпыз. Біздегі мақсат – елім деп кеткен ерлер аман жүрсе деген тілек қана. Осы орайда борышын өтеп, аман-есен елге оралған сарбаздан әскердегі шын өмір туралы сұрағанды жөн көрдік.

– Алматы облысы Қапшағай қаласында 32363 әскери бөлімінде борышымды өтедім. Қалай деген­мен де армияның тәртібі мен талабы қатал. Себебі оның ел алдындағы міндеті жоғары. Жас жігіттерді нағыз адам болуға, батыл болуға шыңдайтынын ескеру қажет. Енді ондағы жаңа­дан шақырылғандарға намысқа тиетін лақап ат тағу, таң атпай ұйқыдан ояту, еш себепсіз жер жебіріне жету, бір күн тамақ бермеу қалыпты саналады. Бұл бәріне белгілі жағдай. Тек еркек болған соң осындай қиындыққа шыдау керек. Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Сұраққа жауап бере отырып, әскердегі күндер еске түсті. Таңертең ерте тұрып жүгіреміз. Таңғы астан кейін оқу-ату жаттығуларын жа­саймыз. Кешке барлығының денесін тексереді. Сарбаздарды түгендейді, ауырып қалғандардың себебін сұрайды. Кешкі серуенге шығып өлең айтамыз, ата-анамызға хат жазамыз. Мұның барлығы әдемі естеліктер. Жалпы әскерге бару абырой деп білемін. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпеген. Үлкен сынаққа шыдау керек. Әскер – әлсіздердің орны емес, – дейді Нұртуған Батырбайұлы.

Бозбала борышын өтеуге міндетті

Қоғамдағы келеңсіздік әскер­ге баруға немқұрайлы қарайтын кейбір жастардың тілегін қабыл еткендей. Әлімжеттікті айтып борышын өтеуге бармайтындар көбеюі мүмкін. Себебі әскерге жарамсыз болып қалған жігіттер қуанады. Бұрын бозбала мұндай жағдайда намыстанатын. Қазір ол сөзге елең етпейді. Осындай жағдайды көріп, жігіттер на­мыссыз болып кеткен бе деген ой келеді.  Дегенмен кей ата-ана «ұлы айбынды әскер қатарында болса» дейді.

– Әскердегі басты тәртіп – тазалық пен шапшаңдық. Нағыз әскерде осы негізгі талапты орындай алмасаң, жейтін таяқ та, ашу-ыза да сенікі болатын секілді. Сондықтан ер жігіт мықты болуы керек. Әскер – темірдей тәртіпке бағындырып, болаттай берік болуды үйрететін мектеп. Десек те қатал тәртіптің де шектен шықпағанын қалаймыз. Рас, соңғы жағдайлар халықты есеңгіретті. «Ата-аналар ұлдарын әскерге жібермеу керек» деген пікірлер әлеуметтік желілерде ашық жазылуда. Алайда «Ел барда – ер қор болмас» деген. Әскердегі әлімжеттік жойылып, сарбаздар Отан алдындағы бо­рышын адал орындайды деп сенеміз. Осы тұрғыдан  ата-ана­лар да жауапкершілікті сезіне білгеніміз жөн. Ұлды ер азаматқа тән еркек етіп тәрбиелеу қажет. Қазіргі уақытта ерке, болбыр, әлжуаз жігіттер көбейіп барады. Мәселен, әйелдер: «ұлымызды әскерге жібермейміз» деп жазып жатыр. Байқап қарасақ бәрі анасының баласы. Неге ер-аза­маттар бой көтермейді. Қандай жағдай болса да бозбала борышын өтеуге міндетті. Ер азамат Отан алдындағы парызын өтеуі тиіс. Ал сарбаздарын қорғай ала ма? Бұл мәселе мемлекетке сын. Сондықтан ұл баланы босбелбеу етпей, қатал тәртіппен өсіру керек. Ер жігітті тәрбиелеу мәселесіне әкенің араласқаны дұрыс, – дейді Серікжан Жүнісбаев есімді төрт баланың әкесі.

Қауіпсіздік – басты орында

Соңғы қайғылы оқиғалардан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерек­ше назар аударды. Мем­лекет басшысы осындай келеңсіз­дік­тердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келе­шекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тап­сырды. Алдағы уақыт­та осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады.

Президенттің пікірінше, бей­біт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауы тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіп­сіз­дігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті. Демек, қауіпсіздік басты орында болмақ.

P.S. Бұрынғы кезде ата-ана «ұлым әскерге аттанады» деп қуанатын. Дәл қазіргі уақытта олардың түн ұйқысы төрт бөлінді. Бірі әскердегі ұлының бас амандығын ойлайтын болса, екіншісі «ұлым әскерге жарамсыз болып шықса  екен» деп тілеуін тілейді. Қоғамдағы әділетсіздік осындай халге жеткізді. Әскердегі әділетсіздік пен әлімжеттік қашан азаяды? Бұл – көп көкейіндегі сұрақ. Бірақ жауабы табылар емес. Ал жігіттер қалай болғанда да Отан алдындағы борышын өтеп, ел басына күн туғанда елін, жерін қорғауға міндетті.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: