Сейсенбі, 21 сәуiр, 01:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29 (2241)
21.04.2026
PDF мұрағаты

Қалаға аяқсу келді

21.04.2026

40 0

Қаланы жасыл аймаққа айналдыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта ең өзекті мәселелердің қатарында аяқсу жүйесін дамыту тұр.

Себебі қаланы көгалдындыруда су тапшылығы басты кедергіге айналатыны белгілі. Осы ретте қала аумағында аяқсу жүйесін ретке келтіру бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Өткен аптада қалаға аяқсу берілді.

Бүгінде аяқсу келетін арық жүйелерін тазарту жұмыстары қарқынды. Біз «Жақаев» каналын тазарту жұмыстарын көріп қайттық.

– Н.Назарбаев, Абай даңғылы бойындағы арық жүйелері толық тазаланды. Өткен аптадан бастап қаладағы су сорғыш қондырғылардың барлығы қосылды. Тәуелсіздік даңғылындағы су сорғыш қондырғысы арқылы орталық көшелерге аяқсу барады. Осы кезде «Сыр ана» монументі жанындағы су сорғыш қондырғысын құрып, тазалауда. Ол іске қосылған жағдайда «Арай», «Саяжай» шағын ауданы тұрғындарына аяқсу беріледі. Ал шеткі аймақ бойынша аймақ басшысының тапсырмасымен үлкен каналды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін «Шанхай», «КБИ» шағын аудандарындағы қондырғы құрылады. Аяқсу мәселесі бойынша арық жүйелерін, каналдарды тазалауда «Қызылорда тазалығы» мекемесінен екі бригада жұмыс істеп жатыр. Су сорғыш қондырғылар күнде қосылады. Орталық көше тұрғындары толық аяқсумен қамтамасыз етіледі, – дейді Қызылорда тазалығы»  мекемесінің аяқсу жөніндегі бөлім басшысы Нұрхан Аханов.

Аяқсу беру маусымдық сипатқа ие. Әдетте көктем-жаз мезгілдерінде кезең-кезеңімен іске қосылады. Қазір қаланы аяқсумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, барлық аумақты толық қамту техникалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерге байланысты біртіндеп жүзеге асырылуда. Әсіресе жеке сектор мен кәсіпкерлік нысандар орналасқан аймақтардағы арық жүйелерінің бітелуі немесе мүлде көмілгені анықталып, оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

– Қаланың жасыл желегін сақтау және көбейту үшін аяқсу жүйесінің маңызы зор. Қазіргі таңда бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, қолданыстағы аяқсу арналары тазартылып, қалпына келтірілуде. Бүгінде 18 насос қондырғысы іске қосылды. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу және су жеткізу тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар қолға алынған. Қаланың шеткі және жаңадан игеріліп жатқан тұрғын аудандарында аяқсу мәселесі әлі де өзекті. Бұл аумақтарға су жеткізу үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Ал аяқсу жетпейтін жерлердегі жасыл желектер қараусыз қалмайды. Арнайы техника арқылы су тасымалданып, ағаштар жоспарлы түрде суарылуда. Бұл жұмыстарға арнайы мекемелердің техникасы жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін аяқсу жүйелерін дайындау аясында ондаған көшеде тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – дейді «Қызылорда тазалығы»  мекемесі директорының орынбасары Ерлан Оңласынов.

Қаладағы аяқсу мәселесі бойынша алдағы жоспарлар да ауқымды. Аяқсу жүйесін толық жаңғырту, жаңа тұрғын аудандарға желі тарту және автоматтандырылған суару жүйелерін енгізу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, жасыл аймақтардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: