Қаладағы субұрқақтар іске қосылды. Бүгінде қала келбетіне айналған субұрқақтар «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде, сол жағалауда, орталық алаңда, Отбасы орталығының алдында, теміржол вокзалында, Президент саябағында және тағы да басқа бірнеше жерде орналасқан.
Соңғы жылдары қалада субұрқақ көбейді. Әсіресе, Президент саябағындағы субұрқақ заманауи талаптарға сай жасалған. Бұл орын бүгінде тек серуендеуге арналған орын ғана емес, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін, мәдени демалыс орталығына айналып отыр. Президент саябағында орнатылған жаңа субұрқақтар күндізгі уақытта ыстық күндері салқындық сыйлап, ал кешкі мезгілде түрлі-түсті жарықтармен көмкеріліп, ерекше көрініс сыйлайды. Мұнда серуен жолдары кеңейтіліп, орындықтар орнатылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған.
Қала тұрғындары бұл өзгерістерді ерекше ықыласпен қабылдауда. Солардың бірі Айдана Қуанышқызы субұрқақты тамашалағанды ұнататынын жасырмады.
– Субұрқақтар – қаланың сәні мен көркі. Олар айналаны көріктендіріп қана қоймай, жаз мезгілінде тұрғындарға салқындық пен сергектік сыйлайды. Орталық алаңдағы субұрқақтар өте әдемі. Кешкі уақытта балаларымды ертіп осында серуендейміз, бәрі таза әрі жайлы, – дейді ол.
Ал «Болашақ» университетінің студенті Нұрсұлтан Әбілқайыр субұрқақ адамның көңіл күйіне әсер ететінін атап айтты.
– Орталық парк бұрынғыдан мүлде өзгерген. Достарымызбен жиі келіп, бос уақытымызды тиімді өткіземіз. Бұрын жастар үшін серуендейтін жер аз болды. Қазір кешкісін Президент саябағына барып, таза ауамен тынығып жүреміз. Ол жердегі субұрқақтар кешкісін адамға керемет әсер береді. Субұрқақтардың түрлі түске енуі адамның көңіл-күйіне жақсы әсер етеді, – дейді қала тұрғыны.
Кешкілік уақытта субұрқақтар маңына жиналған халықтың қарасы көбейіп, қаланың жаңа тынысы сезіледі. Жалпы алғанда, бұл қала дамуына оң әсер етіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Қаланың жаңарған келбеті тек тұрғындарға ғана емес, өңірге келетін қонақтар үшін де ерекше әсер қалдыруда. Заманауи субұрқақтар мен абаттандырылған саябақтар қала мәдениетінің дамып келе жатқанының айқын көрінісі.
Мадина Теңгізбай,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!