Сейсенбі, 21 сәуiр, 01:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29 (2241)
21.04.2026
PDF мұрағаты

Смартфонға тәуелді ұрпақ кітап оқи ма?

21.04.2026

45 0

Қоғам дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – халықтың рухани деңгейі. Рухани бай елдің іргесі берік болары сөзсіз. Оқитын ұлт қалыптастыру жолында Мемлекет басшысы бірқатар бастама көтерді.  «Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу», – деген.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынды.

– «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қоры­нан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей – жай қарауға болмайды. Кітап­құмарлық – өте жақсы қасиет. Көптеген мем­лекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бізде осы тәжірибені қолдануымыз керек, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бұл бастамасы қоғамда қолдау тапты және елдің мәдени-рухани дамуы үшін маңызды қадам ретінде бағаланды. Биыл елімізде бұл мереке екінші рет атап өтілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Ел Президенті жақында ғалым­дарды марапаттаған сәтінде бұл тақырыпқа тағы да тоқталып өтті.

– Жақында АҚШ соттарының бірі шығар­ған шешімге сәйкес, кейбір интернет-платфор­малардың алгоритмі балаларға зиян келтіріп, психологиялық тұрғыдан тәуелді ететіні мойын­далды. Біз бұдан сабақ алуға тиіспіз. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін әлеуметтік желілер мен видеосервистердің бодауына беріп қоюға болмайды. Бұл қосымша зерттеуді қажет ет­пейтін факт. Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ. Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңейтетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі. Таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтеді. Жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отандық баспа саласының жұмысын жүйелеп, шетел­дік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығар­маларының аударылуына түрткі болуға тиіс. Кітап оқу үрдісі төл дүниетанымымыздың ажы­рамас бөлігіне, ұлттың озық қасиетіне айналғаны жөн. Ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға мін­детті деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Шынында, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі. Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен даналығының қоймасы. Ұлттық құндылықтарды сақтап, кейін­гі ұрпаққа жеткізуде оның рөлі зор. Ұлттық кітап күнін атап өтудің маңыздылығыда осында, ең алдымен кітап оқуды насихаттау. Яғни, бұл күнді атап өту елімізде оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам. Айтулы мереке кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді. Қазіргі цифрлық кезеңде жастардың бос уақытының басым бөлігі әлеуметтік желілерде өтетіні жасырын емес.

Президент атап айтқандай, Ұлттық кітап күні – білімге құштарлықты, ізденісті, кітап оқу­ға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін маңыз­ды күн. Кітап оқыған ұрпақ – озық ойлы, кемел қоғамның негізі. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасатыны сөзсіз.

Рухани қазынаның қадірі

Елімізде кітап оқуды насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мектептерде кітап оқу сағаттары, түрлі байқаулар ұйымдас­тырылады. Бұл – жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағыт­талған маңыз­ды бастамалар. Қалалық орталықтан­дырылған кітапханалар жүйесінің директоры  Гүлмира Рахметова Ұлттық кітап күнінің маңызы ерекше екенін атап айтады. 

– Бұл күн – тек кітап оқуды насихаттау ғана емес, жалпы қоғамның рухани деңгейін көтеру­ге бағытталған маңызды мереке. Біріншіден, ол адамдарды кітап оқуға шақырады. Қазіргі заманда әлеуметтік желі мен қысқа ақпарат көп болғандықтан, терең ойлауды қажет ететін кітап оқуға уақыт бөлу азайып барады. Осындай күндер сол әдетті қайта жандандыруға ықпал етеді. Екіншіден, бұл күн ұлттық әдебиетті дәріптейді. Қазақ жазушылары мен ақындарының еңбекте­рін таныту, жас ұрпаққа жеткізу өте маңызды. Өйткені кітап арқылы біз тарихымызды, мәдениетімізді, дүниетанымымызды танимыз. Үшіншіден, Ұлттық кітап күні кітапханалар мен авторларға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Оқырман мен жазушы арасындағы байланысты нығайтады. Шынымды айтсам, жастардың кітап оқуға қызығушылығы толық қанағаттандырады деу қиын. Кейбір жастар белсенді оқиды, өз-өзін дамытуға тырысады, ал енді бір бөлігі кітапты сирек қолға алады. Бұған бірнеше себеп бар: әлеуметтік желілердің әсері, қысқа форматтағы контентке үйрену, уақыт тапшылығы немесе кітап таңдауда бағыттың болмауы. Соның салдарынан әдебиетке қызығушылық төмендеп жатады. Дегенмен үміт бар. Қазақ тіліндегі заманауи әдебиет те көбейіп жатыр, бұл да жастарды тартуға жақсы әсер етеді. Менің ойымша, мәселе қызығушылықтың жоқтығында емес, дұрыс бағыт пен қолжетімділікте.  Қазіргі кезде кітапханаларды заманға сай дамыту үшін көптеген жаңашылдық енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістер кітапхананы тек кітап алатын орын емес, мәдени-танымдық орталыққа айналдыруға бағытталған. Біріншіден, коворкинг және шы­ғармашылық кеңістіктер пайда болды. Заманауи кітапханаларда жай оқу залынан бөлек, жұмыс істеуге, топпен талқылау жасауға, идея алмасуға арналған ыңғайлы орындар бар. Екіншіден, интерактивті іс-шаралар көбейді: кітап клубтары, авторлармен кездесулер, шеберлік сағаттары, тренингтер.  Бұл жастарды тартудың тиімді жолы.Тағы бір маңызды бағыт – технологияларды енгізу. Мысалы, QR-код арқылы кітап табу, автоматтандырылған кітап беру жүйелері қолданылып жүр, – дейді Гүлмира Шамсутдинқызы.

Кітап оқу және есте сақтау

Кітаптың бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Кітап тек білім алудың көзі ғана емес, баланың ішкі жан дүниесін байытып, ойлау қабілетін жетілдіреді.

«Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірім­дерге арналған шығармашылық және инновация академиясының педагог-психолог маманы Сәуле Жұбатырованың айтуынша, кітап оқыған бала қоршаған ортаны тереңірек түсініп, эмоциясын басқаруды үйренеді. Әдеби кейіпкерлердің тағдыры арқылы бала жанашырлық, мейірімділік сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Бұл оның әлеуметтік ортада өзін дұрыс ұстауына ықпал етеді.

– Кітап оқыған кезде бала жаңа ақпаратты қабылдайды, түсінуге тырысады. Бұл оның қабылдау қабілетін жетілдіреді. Оқушы мәтінді түсіну үшін ойланады, талдайды, оқиға желісін байланыстырады. Соның нәтижесінде оның логикалық және сыни ойлауы дамиды. Сөздік қоры көбейеді, бала өз ойын анық әрі дұрыс жеткізе алатын болады. Сонымен қатар кітап оқу баланың қиялын дамытады, өйткені ол оқығанын көз алдына елестетіп, өз ойында түрлі бейнелер жасайды. Кітап оқығанда бала бірнәрсеге ұзақ уақыт назар аударуды үйренеді. Бұл оның зейінін тұрақтандыруға көмектеседі. Оқығанын есте сақтау арқылы баланың жадысы жақсарады, – дейді ол.

Психолог ата-аналарға балаларды ерте жастан кітап оқуға баулуды ұсынады. Күнделік­ті кітап оқу дағдысы баланың тұлғалық дамуына оң әсер етіп қана қоймай, оның бола­шақта табысты, ойы жүйрік азамат болып қалыптасуына негіз болады.

– Кітаптың психологиялық тұрғыдан тағы бір пайдасы – стресс пен мазасыздықты азайтуы. Оқу барысында бала өз ойын басқа арнаға бұрып, тынышталады. Бұл оның жүйке жүйесін қалып­қа келтіріп, зейінін тұрақтандыруға көмектеседі. Кітап – баланың жан дүниесін байытып, психо­логиялық тұрғыдан жетілдіретін таптырмас құрал. Сондықтан кітап оқуды насихаттау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі, – дейді Сәуле Разаққызы.

Оқырман белсенділігі: сан мен сапа

ҚазҰЭК кітапханасының ақпараттық жүйе­сінде жарияланған деректер оқу мәдениетінің қазіргі ахуалын нақты сандар арқылы көрсетуімен құнды. Статистикаға сүйенсек, кітапхананың ең белсенді оқырмандары – жастар, олардың үлесі 51 пайызды құрайды. Бұл – жас буынның білімге деген сұранысы мен ізденісінің бар екенін аңғарта­тын оң көрсеткіш. Сонымен қатар оқырмандар­дың 27 пайызы профессор-оқытушылар құрамы, мемлекеттік қызметшілер мен түрлі сала мамандарынан құралған. Яғни, кітап оқу тек жастардың ғана емес, кәсіби орта өкілдерінің де өмірлік қажеттілігіне айналып отыр.

Оқылатын әдебиеттерге назар аударсақ, салалық әдебиеттердің басымдығы анық байқа­лады – 69 пайыз. Философия, медицина, мате­ма­тика, өнер секілді бағыттарға деген қызығу­шылықтың жоғары болуы қоғамда білімге, кәсіби дамуға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ал көркем әдебиеттің үлесі 31 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш төмен емес, дегенмен оқырманның басым бөлігі практикалық және ғылыми білімге көбірек ден қойып отырғанын аңғартады.

Нақты сұранысқа ие тақырыптарды талда­сақ, медицина саласындағы кітаптарға сұраныс ең жоғары – 23 059 оқырман. Бұдан кейін геогра­фия (12 105), психология (6 918) және дін (2 305) тақырыптары сұранысқа ие. Бұл көрсеткіштер қоғамдағы қызығушылық бағыттарының да айқын көрінісі деуге болады. Әсіресе, медицина мен психологияға деген сұраныстың артуы – адамдардың денсаулық пен ішкі күйге мән бере бастағанының белгісі.

Көркем әдебиетке келсек, жанрлық тұрғыда романдар көш бастап тұр – 33 пайыз. Детектив жанры – 19 пайыз, тарихи беллетристика – 15 пайыз, қиял-ғажайып – 13 пайыз, шытырман оқиғалар – 12 пайыз, ал балалар әдебиеті – 8 пайызды құрайды. Бұл деректер оқырман талғамының әртүрлі екенін және классикалық жанрлармен қатар жеңіл әрі тартымды бағыттарға да қызығушылық бар екенін көрсетеді.

Жалпы алғанда, жастар жылына орта есеппен 10-12 кітап оқиды. Бұл көрсеткішті орташа деңгейде деп бағалауға болады. Сауалнама нәтижесі бойынша жастардың 55 пайызы кітапты білім алу үшін оқиды, 40 пайызы кітап оқуды жақсы көретінін айтқан. Ал 5 пайызы ғана оқуды міндет ретінде қабылдайды. Бұл – жастар арасында кітапқа деген қызығушы­лықтың бар екенін дәлелдейтін маңызды дерек.

Қорыта айтқанда, статистика оқу мәдениетінің толық жоғалмағанын, керісінше жаңа сипатқа ие болып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, көркем әдебиеттің үлесін арттыру, оқуды тек білім алу құралы емес, рухани қажеттілік ретінде қалыптастыру алдағы негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.

Рухани құндылықтардың ордасы

Мемлекет басшысы кітапханаларға ерекше назар аударып, ірі қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Осы орайда Астана, Алматы сынды қалаларда жастарға арналған коворкинг-кітапханалар, цифрлық қызметті кеңінен қолданатын орталықтар ашылуда.

2024 жылы кітапханалар еліміздегі ең көп баратын мәдени орынға айналған: бір жылдың ішінде қазақстандықтар кітапханаларға 55,4 мил­лион рет барған, бұл көрсеткіш кинотеатрға барудан 2,5 есе артық. Бұл дерек халқымыздың кітапқа, білімге құштарлығы әлі де жоғары екенінің дәлелі. Демек, кітапхана ісіне салынған инвестиция өз жемісін беріп, халықтың рухани орталықтарға бетбұрысы артып отыр.

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада заманауи кітапхана салынатыны туралы атап айтты. Бұл бастама – өңірдің мәдени-рухани дамуына серпін беретін маңыз­ды қадам. Кітапхана – білімнің, рухани құн­дықтардың ордасы. Заманауи талаптарға сай салынатын кітапхана аймақтың зияткерлік әлеуетін нығайтып, рухани дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Әсіресе жастардың білімге қызығушылығын арттырып, жаңа форматтағы ақпарат пен білім  ордасын қалыптастыруға жол ашары анық.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: