Қалада аяқсу беру маусымы басталысымен, арық-атыздарды тазалау жұмыстары да қатар жүреді. Қыс бойы жиналған лай мен қоқыстан тазартылған су арналары енді еркін ағып, жасыл желектің жайқалып өсуіне сеп болады. Уақытылы тазаланған арықтар көшелердің көркін келтіріп, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырады. Осындай жүйелі еңбектің нәтижесінде қала келбеті ажарланып, көктемгі тіршілік жаңа тыныс алады.
Өңірдің имиджіне тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі – қала көркі мен тазалығы. Қалада жол ортасында арнайы техникамен су сеуіп жүрген техниканы көрген боларсыз. Бұл тазалық сақтау үшін табанды еңбек етіп келе жатқан «Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. 2013 жылдан бері шаһарды абаттандыру және көгалдандыру жұмысын атқарып келеді. Алғашында жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде қызмет еткен мекеме 2013-2022 жылдар аралығында тұрақты даму жолынан өтті. 2022 жылы «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің құрамына қосылып, 2023 жылғы 26 қаңтарда қайта құрылып, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын мәртебесіне ие болды. Елеулі өзгеріс мекеменің қызмет аясын кеңейтіп, жұмыс тиімділігін арттыруға жаңа серпін берді.
Қала тіршілігінің қарқынын тазалық қызметінің ауқымынан байқауға болады. Мәселен, жыл басынан бері тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына 20 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Күн сайын орта есеппен 150 тонна қоқыс тасымалданады. Салыстырмалы түрде айтсақ 2025 жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болған екен. Былтыр жыл ішінде 100 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, тәуліктік көлемі шамамен 277 тоннаны құраған.
Бұл ретте сала мамандарының еңбегін қолдау артып келеді. Орташа жалақы мөлшері де жыл сайын өсіп, 2023 жылы 170000 теңге болса, 2024 жылы 230000 теңгеге жетіп, 2025 жылы 270000 теңгені құрады. Бүгінгі таңда кәсіпорында 538 штат бірлігі қарастырылған. Оның 523-і нақты қызметкерлермен қамтылған, ал бос орындар саны – 15. Қазіргі таңда «Қызылорда тазалығы» мекемесінде жалпы 178 техника бар. Оның ішінде 129-ы арнайы техника болса, 19-ы жеңіл автокөлік.
Мекеменің негізгі күші – еңбек адамдары. Тазалық бөлімінде 204 қызметкер күнделікті қаланың санитарлық жағдайын қадағалайды. Көгалдандыру және су жеткізу бөлімдерінде 45 адам еңбек етсе, 79 жүк тиеуші мен 50 қосалқы қызметкер жұмыс істеуде. Сонымен қатар 3 диспетчер жүйелі үйлестіру жұмысын атқарады.
Президент бастамасымен еліміздің барлық өңірін қамтыған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүргізілуде. Мемлекет басшысы бұл акцияның көше тазалаудан әлдеқайда ауқымды ұғым екенін айтты. Қоғамға экологиялық мәдениетті енгізу идеясынан бастау алған акцияға Қызылорда тазалығы мекемесі де белсенді атсалысып келеді. Қала аумағында ауқымды санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау назардан тыс қалған емес. Мамандар күн сайын белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартып, жол жиектерін ретке келтіріп, тұрғындар үшін жайлы әрі көрікті орта қалыптастыруға күш салуда. Яғни акцияның негізгі идеясы – өркениетті елдер ұстанатын тазалық пен табиғатты аялауды ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру.
Өкінішке орай, кейбір тұрғындар қоқысты ретсіз тастап, көше қоқыс полигонына айналып кететін жағдайлар да кездеседі. Сонымен бірге аяқсудың жетуіне кедергі келтіретін жеке сектор мен кәсіпкерлік нысандар орналасқан аумақтарда арық жүйелерінің бітелуі, толықтай көмілгені анықталған. Бұл әрқайсымыздың қоршаған ортаға деген жауапкершілігіміздің деңгейін көрсететін мәселе. Тазалық тек арнайы мекеменің ғана міндеті емес, ол – барша қоғамға ортақ құндылық. Қоқысты рұқсат етілмеген орындарға тастау заң бұзушылық болып саналады және мұндай әрекеттер үшін айыппұл қарастырылған. Сондықтан әрбір тұрғын өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоқысты белгіленген орындарға апарып, туған қаланың тазалығына үлес қосуы тиіс.
Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мен жасыл желектер санын арттыру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Бұл ретте аяқсу жүйесінің тиімді жұмыс істеуі шешуші рөл атқарады. Ең алдымен, қолданыстағы аяқсу арналары тазартылып, қайта қалпына келтірілуде. «Қызылорда тазалығы» мекемесі басшысының орынбасары Ерлан Оңласыновтың айтуынша, қала ішінде 13 жерде 18 насос қондырғысы іске қосылып, су жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай артқан. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу және ресурсты тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.
Қаланың шеткі және жаңадан игеріліп жатқан тұрғын аудандарында аяқсу жеткізу мәселесі әлі де өзекті. Бұл аумақтарда инфрақұрылымды толық қалыптастыру уақыт пен қосымша ресурсты талап етеді. Ал аяқсу жетпейтін жерлердегі жасыл желектер қараусыз қалмайды. Мұндай аумақтарда ағаштар арнайы су тасымалдаушы техникалардың көмегімен суарылады. Жоспарлы түрде жүргізілетін бұл жұмыстар қаланың жасыл желегін сақтауға мүмкіндік береді. Су жеткізу жұмысын «КазСтройКапитал» мекемесінің арнайы техникаларымен жүзеге асырады.
Алдағы жоспарлар да ауқымды. Аяқсу жүйесін толық жаңғырту, жаңа тұрғын аудандарына су желілерін тарту және автоматтандырылған суару жүйелерін енгізу көзделіп отыр. Бұл бастамалар Қызылорданың экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, қаланы шын мәнінде жасыл аймаққа айналдыруға жол ашады.
«Қызылорда тазалығы» кәсіпорны күн сайын көзге көріне бермейтін, бірақ қала өмірі үшін аса маңызды қызметті атқарып келеді. Ал қаланың тазалығы – тек коммуналдық қызметтің жұмысы емес, ол – барша халықтың ортақ мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы. Таза қала өзіміз үшін, келешек ұрпақ үшін маңызды.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!