Мектеп – өрендердің талантын шыңдап, түлеп ұшар тұғыры. Ұлттың рухани байлығы терең білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал білімнің сарқылмас көзі мектепте. Сапалы білім – болашаққа құйылған инвестиция.
Қала мектептерінің ішінде саналы тәрбие, сапалы білім беріп отырған тарихы тереңнен бастау алған Тасбөгет кентіндегі №176 орта мектептің орны ерекше. Әрине, оқушының жеткен жетістігі, шыққан шыңында мектеп мұғалімдерінің еңбегі ұшан-теңіз.
Мұғалімдердің үздіксіз кәсіби даму үдерісі жүйелі жолға қойылған. Үш жыл сайын дәріс беретін пәндері бойынша білім жетілдіру курстарынан өткізіліп, білімін шыңдап отырады.
– Заман талабына сай, цифрландыру дәуірінде мектеп мұғалімдері ЖИ курсын толықтай меңгерген. Білім беру үрдісінде цифрлық платформаны, электрондық құрылғыны еркін игереді. Қала мектептеріндегі семинарда жаңашыл сабақ көрсетіп, шеберлік сағат өтіп, оқушылары шығармашылық байқауда, пәндік олимпиадада жеңіс төрінен көрініп, мектеп мерейін көтеріп жүрген мұғалімдермен мақтанамыз. Атап айтар болсақ, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Г.Абдукадирова, П.Сахиева, Г.Қонысбекова, география пән мұғалімі Ж.Боранбаева, тарих пәні мұғалімі Г.Қожамбердиева, математика пәні мұғалімі М. Әли, информатика пән мұғалімі Ә.Бименова, бастауыш сынып мұғалімдері К.Баймішева, Қ.Жұмаева, М.Жұмабекова, көркем еңбек пән мұғалімдері Э.Дабылова мен А.Қожахметов, денешынықтыру пән мұғалімдері Н.Убаев пен А.Жуасты ерекше мақтанышпен атауға болады, – дейді мектеп директоры Майра Өмірзаққызы.
Жетістік алға жетелейді
2025-2026 оқу жылы бойынша жалпы білім беретін пәндерден республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңіне 9-11 сыныптар бойынша 27 оқушы қатысып, 11 оқушы жүлделі орын иеленген. 7-8 сыныптар бойынша 22 оқушы қатысып, 12 жүлде алған. 5-6 сыныптар арасында 7 оқушы жүлдеге ие болған. «Зерде» ғылыми жобалар қорғау байқауына 15 оқушы қатысып, 5 жүлдемен оралса, «Дарын» ғылыми жобалар байқауында 1 оқушы облыстық кезеңнен ІІ орынға қол жеткізген. Оқушылар арасындағы түрлі шығармашылық байқаудан 28 оқушы қалалық, 4 оқушы облыстық кезеңнің жүлдесіне ие болды.
Ал мұғалімдер арасында «Педагогикалық идеялар» фестивалі – 2025 қалалық байқауында – 2 мұғалім, «Алтын тұғыр» бастауыш сынып мұғалімдерінің олимпиадасында 3 мұғалім жүлдемен оралып, білім ұясының мәртебесін көтерген.
Тәжірибелі, білікті мұғалім, математика пәнінің мұғалімі Ұлбике Үрістемова ҚР Оқу-ағарту министрінің «Құрмет грамотасымен», «педагог-зерттеуші», қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұргүл Қуатова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
«Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен мектепте «Математике, физика, информатика пәндеріндегі технология мен жасанды интеллект» тақырыбында қала мектептеріндегі математика, физика, информатика пәндері мұғалімдерінің қатысуымен қалалық семинар өтті. Төрт бөлімде ұйымдастырылған семинардың бірінші бөлімінде «ЖИ-ді жауапты пайдаланудың мектепішілік кодексін» екі бағытта таныстырды. Математика, физика, информатика пәндері бойынша оқушылар мен пән мұғалімдері зертханалық жұмыстардың цифрлық тәжірибелерді көрсетті.
Екінші бөлім «Ашық сабақтар шеруі» математика пәнінен М.Ерсұлтанова, физика пәнінен Г.Жұмаш, информатика пәнінен Ә.Бименовалардың ашық сабақ көрсетті.
Математика-информатика, информатика – математикалық сауаттылық, цифрлық технология-математика бағыттары бойынша қызықты кіріктірілген шаралармен семинардың үшінші бөлімі өтті. Бұл бөлімде тәжірибелі, жаңашыл ұстаздар С.Қыпшақбаева мен Ә.Махашева, М.Әли мен Г.Әшімова, А.Алмағанбетова өз тәжірибесін бөлісті.
Мектеп директорының айтуынша, мектепте мұғалімдерді шығармашылық шыңдау, инновациялық қолдау мақсатында дәстүрлі түрде жылына екі рет қалалық семинар, мектепішілік ата-аналар үшін ашық есік күндері, пән бірлестігінің онкүндігі жүйелі өткізіледі. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен оқушылардың тек білім алуына ғана емес, тұлғалық қасиетін дамытуға назар аударылады.
Мәселен, бұл бағытта «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Мектеп Парламенті», «SMARTbala», «Балалар кітапханасы» жобалары жүзеге асуда.
Жас ұрпақты тәрбиелеу – тек мектептің ғана емес, ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. Осы тұрғыда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның ішінде «Үштік одақ» (мектеп–ата-ана–оқушы) қағидаты негізінде жүзеге асатын жұмыстың орны ерекше. Бұл ынтымақтастық оқушының жан-жақты дамуына, оның тұлғалық қалыптасуына оң әсерін тигізуде.
Білім ордасында «Үштік одақ» аясында ата-аналар жиналысы жаңа үлгіде өткізіліп, ашық диалог алаңында ата-аналар мен мұғалімдер бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселені бірге талқылап, ортақ шешім қабылдайды. Сонымен қатар ата-аналардың қатысуымен тәрбие сағаттары, шеберлік сабақтары, отбасылық сайыстар өткізіліп, олардың мектеп өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасалған.
Мектептегі ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы «Даналық мектебі» жобасы аясында облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасы» қоғамдық бірлестігінің қатысуымен «Әже – кемел келешекке ақыл үлестіруші кемеңгер» тақырыбында қалалық семинар өтті.
– Мақсатымыз ұлтымыздың асыл қасиетін бойына сіңірген асыл әжелердің ұрпақ сабақтастығындағы орны мен еңбегін дәріптеу, Отбасы құндылығындағы парасаттылығын, ұлт тәрбиесінің тамырын тереңнен тартқан әжелердің қоғамдағы орнын айшықтайтын ізгі шара болды. Облыстық әжелер алқасымен екіжақты шарасы жалғасын таба береді. Сонымен қатар мектепте ұлттық ойындар арқылы білім алушылардың құндылыққа негізделген шығармашылығын шыңдауда қыз балалар арасында «Бес асық», ер балалар арасында «Асық ату» үйірмелері жолға қойылған. Үйірме жетекшілері Нұрбек Убаев пен Арайлыс Жуастың шәкірттері облыс, республика деңгейінде биік шыңдарды бағындыруда. Биылғы оқу жылының ерекшелігі, мектеп «Заң және тәртіп» пилоттық жобасымен жұмыс істеуде. Прокуратура мамандарының жоспарына сай танымдық, түсіндіру жұмысына оқушылар белсенді қатысуда. Оқушыларымыздың қауіпсіздігі мен тәртібі, адалдығы мен амандығы үшін жобаның маңызы зор. – дейді мектеп директоры.
Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылыққа негізделген білім мен тәрбиені сіңдіре отырып, нәтижеге қол жеткізуде мектеп ұжымы аянбай еңбек етуде.
Ерекше оқушымен жұмыс істеу жолға қойылған. Қазіргі білім беру жүйесінде ерекше оқушымен жұмыс істеу – өзекті мәселенің бірі. Әрбір бала – жеке тұлға, ал ерекше оқушылар ерекше көзқарас пен қолдауды қажет етеді. Сондықтан мұғалімнің басты міндеті – оқушылардың әлеуетін ашып, қоғамға бейімдеу. Ерекше оқушымен жұмыс кешенді жүргізілуі тиіс.
Ерекше оқушымен жұмыс үлкен жауапкершілікті, сабырлылықты және кәсіби шеберлікті талап етеді. Әрбір мұғалім баланың жүрегіне жол таба білсе, оның мүмкіндігі шексіз екенін көруге болады. Ең бастысы, әр баланы қабылдау, түсіну және қолдау. Бұл бағытта да мектепте тындырымды жұмыс атқарылуда.
МЕКТЕП ПЕН ОТБАСЫ
Білім ұясында «Мектеп пен отбасы: бір мақсат, ортақ тәрбие, сапалы білім» тақырыбында ата-аналарға арналған ашық есік күндері өтеді. Ата-аналар үшін пәндер бойынша ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, ана мен қыз арасындағы «Инабатты қыз – ибалы елдің көркі» атты тренингі, әкелермен «Әке мен бала арасындағы сенім» тренингі, «Салауатты отбасы – бақытты болашақ» тақырыбында спорттық ойын, «Ұшқыр ой алаңы» жобалар жұмысы, «Бір кітап – мың идея» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылған. Іс-шара аясында «Жамбыл мұрасы – мәңгілік қазына» тақырыбында мектеп театры жобасының қойылымы өткен. Ата-аналар мектептің оқу-тәрбие жұмысын көріп, алғыс білдірген. «Бала болашағы – мектеп пен отбасының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Екі тарап бір мақсатқа жұмылып, өзара түсіністік пен сенімде әрекет еткенде ғана тәрбие тиянақты, білім сапалы болмақ. Ұрпақ тәрбиесінде мектеп пен отбасының тығыз байланысы – қоғам дамуының берік негізі» дейді ұйымдастырушылар.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!