Бейсенбі, 02 мамыр, 06:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Әскерге барғандарға жеңілдік бар

05.01.2023

1181 0

Сурет ашық дереккөзден

Әкерге бару – азаматтардың Отан алдындағы борышы. Алайда елімізде жастардың әскерге баруға құлшынысы жоқ. Сонымен қатар ондағы келеңсіз жайттар бозбалалардың сарбаз сапында тұруға деген ынтасын азайтты.

Ер-азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру мақсатында түрлі жобалар жүзеге аса бастады.

Соның бірі – мерзімді әскери қызметін өткерген барлық аза­матқа Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беру. Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етпейді. Бұл жоба биыл басталады. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға жасалмақ. Демек, биыл күзде әскерден келген соң, олардың оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Бұ­рынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әс­кери кафедрасында тегін оқи алады. Жаңа жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі де қолдап отыр. Бұдан бөлек, әскерге барып келгендерге бір­неше жеңілдік жасалады. Атап айтқанда, олар – ҰБТ-ны есепке алмай, әңгімелесу нәтижесі бойынша екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу, ЖОО әскери кафедрасында тегін оқу және әскери оқу орындарына емтихансыз және ҰБТ-сыз оқуға түсу мүмкіндіктері.

Қорғаныс министрлігінің мә­ліметінше, күнтізбе бойынша күзде әскерден келген соң олар оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жо­ғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Қор­ғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Түлембаеваның айтуын­ша, жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауын­герлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарай әскери қызметшілерге жоғары оқу орнының гранты есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі беріледі.

– Мұндай жастарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орын-дарына емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай-ақ оқуға түсу мүмкіндігі ұсынылады. Әскери оқу орындарына емтихансыз түсу және азаматтық жоғары оқу орындарында оқу грантына ие болу кезінде әскери қызмет­шілердің Отан алдындағы бо­рышын өтеген балаларына да басымдық беріледі. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заң­намаға өзгерістер енгізуді талап етпейді,– деді Айгүл Түлембаева.

Оның айтуынша, еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық жоғары оқу орны әскери бо­рышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдік жасайды.

Сондай-ақ Қорғаныс ми­нистрлігінің тағы бір бастама­сы – әскерде борышын өтеп жүргендерге кредиттік демалыс беру. Яғни 13 айға дейін кре­дит төлеуді тоқтата тұру. Бұл бастама да азаматтардың әскерге баруға құлшынысын оятады деген үміт бар.

Қалай болғанда да жастарды сарбаз болуға ынталандыру қажет. Бұл бастамалар жастар көңілінен шығып, әскерге баруға ынтасын арттыра түседі деп сенейік.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: