Жұма, 26 сәуiр, 22:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат ЖАҢАБЕРГЕНОВ: «Әлеуметтік желі – билік пен бұқараның диалогке түсуінің оңтайлы көрінісі»

26.07.2022

1635 0

Қызылорда қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі қоғамдық саяси тұрақтылыққа жауапты бірден бір мемлекеттік мекеме. Осы орайда, қаламызда жарты жылда қандай істер атқарылды? Бөлімнің алдағы жоспары қандайЖыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болу үшін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергеновпен сұхбаттасқан едік.

Парасат Болатұлы, сұхбатымыздың алғашқы сауалын қаланың бүгінгі қоғамдықсаяси ахуалынан бастасақ

– Қоғам санасын түбегейлі өзгертіп, еліміз тәуелсіздікке ие болғанына да отыз жылдан асты. Тәуелсіздіктің тұралаған жылдарынан бүгінге дейін ұлттық даму мен орнықты қалыптасу да жемісті жылдар болды десек, артық айтқандық емес. Себебі еліміз үшін қабылданған әрбір маңызды шешім мемлекетіміздің бүгінгі жүрер жолын айқын­дап, аймақтар дамуы үшін бағыт-бағдар берді. Бүгінде әрбір облыс, қала түбегейлі даму жолына түсіп, өзіндік сүрлеу-соқпағын қалыптастырып үлгерді. Бізге дейін басқарудың стратегиялық негізі қаланған, идеологиялық нақты шешімдер жүйесі қалыптасқан. Сондықтан қаламыздың бүгінгі күндегі қоғамдық-саяси ахуалының тұрақты екенін үлкен сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда қалалық ішкі саясат бөлімі қала аумағында ауқымды жобалар мен тындырымды тірліктердің бел ортасында жүр. Қаладағы діни бірлестіктермен,  азаматтық қоғам институттарымен тікелей жұмыс істеп, ақпараттық саясатты да оңтайлы ұйыстырып келеміз.

Ішкі саясат бөлімі қаладағы үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс атқаратынын білеміз. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланыс қай деңгейде?

– Былай қарастырайық, атқарушы билік пен азаматтық қоғам – мемлекеттің қос қанаты. Ал үкіметтік емес сектор еліміздегі азаматтық қоғам­ның тұрақты дамуының базалық шарты болып табылады. Сондықтан атқарушы билік әрдайым үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін, қоғамдағы маңызды мәселелерді алдыға шығарып, оларды ше­шуге ұмтылатын осындай ұйымдармен тығыз әріп­тестік байланыс орнатуға тиіс. Қаладағы ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету мақ­сатында билік пен халық арасындағы алтын көпір – үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жүйелі жолға қойылған. Біздің қала төңірегінде де әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын 487 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың ішінде қоғамдық бірлестіктер – 301, қоғамдық қорлар – 186. Сонымен қатар қала төңірегінде аталған ұйымдар­дың әлеуеттік маңызды жобаларын жүзеге асы­ру қызметі бойынша қалалық бюджеттен 22 млн 227 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, 7 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Қала көлемін­де діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйымдастыру», «Cыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндірме шараларын ұйымдастыру және орын алатын дау-дамайларды шешу бағытында құқықтық-психологиялық кеңес беру» жобалары, «ҚР Президенті жолдауын және мемлекеттік бағдарламаларды, отбасы құндылықтарын насихат­тау шараларын ұйымдастыру («Мерейлі отбасы», «Жомарт жүрек» т.б.), «Ұшқыр қалам» атты жур­налистер фестивалін ұйымдастыру», «Мүгедек балаларға қолөнер жұмыстарын ұйымдастыру» сынды бірқатар жобалар аталған ұйымдармен бірлескен жұмыстың көрінісі.

Қаламыздағы дін саласындағы тұрақты­лықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз

– Өздеріңізге мәлім, кез келген мемлекет өзі­нің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларды ескере отырып жүргізеді. Себебі дін мен саясаттың билік­пен байланысының өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан кез келген аймақта, өңірлерде халыққа мемлекеттің саясатына қарсы идеологияны жүр­гізіп жатқан деструктивті діни ағымдардың наси­хаттарына мойынсұнбау үшін, нақты азаматтық ұс­танымын қалыптастыру маңызды болып саналады. Діндердің бейбіт өмір сүруі, экстремизмнің та­ралуына қарсы іс-қимыл, жалпы алғанда еліміздің ішкі және сыртқы саясатының басым міндеттері. Қазіргі таңда біздің қаламызда да діни ахуалдың тұрақты екенін айтқым келеді. Осы мақсатта қала әкімдігі жанынан тұрақты түрде арнайы ақпараттық-түсіндірмелік топ жұмыс жасайды. Жыл басынан бері қалалық ақпараттық-түсіндірмелік топ мүшелерінің қатысуымен мем­лекеттік мекемелерде, оқу орындарында және спорт­тық мектептерде 37 кездесу (Белкөл кенті тұр­ғындары, «Су жүйесі» мекемесі қызметкерлері, «Ерсұлтан» спорт кешені, білім беру ұйымдары) ұйым­дастырылды. Сонымен қатар биыл «Қала көлемінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған насихаттық шараларды ұйым­дастыру» әлеуметтік жобасы ҮЕҰ тарапынан жүзеге асып отыр. Бүгінге дейін қаламыздағы «Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 15 кездесу болып өтті. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында «TauNews» ақпараттық агенттігімен 3 бейнеролик әзірлен­ді. Алдағы уақытта БАҚ пен әлеуметтік желі­лерде, адам көп шоғырланатын орындарда жария­ланады. Мемлекет тек тыныштық пен ын­тымақтастықта дамиды. Осы тұрғыда әрбір салаға жүктелер жауапкершілік те көп. Ең басты мақсат – еліміздің татулығы мен тұтастығын сақтау.

– «Жаңа Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Қазіргі уақытта осы сөздерді қарапайым халық жиі айтады. Бүгінгі үкімет елдің көкейіндегі мәселені қаншалықты естуде?

– Қазіргі таңда еліміз саяси-экономикалық өз­герістер алдында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қаулысымен 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдум сол өзгерістердің тұтқасы болған сыңайлы. Себебі Президент ұсынған мемлекетіміздің негізі Заңына түзетулер енгізу бастамасы саяси-құқықтық сала­ны жетілдіруге, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталып отыр. Бұл бір күнде, бір жылда жүзеге асатын дүние емес, жаңа қоғамды, саяси биліктің тиімді жүйесін құру ұзақ тарихи процесс. Жаңа Қазақстанның алғашқы белгісі де мемлекеттің ашық­тығы мен демократияның тұрақты көрініс табуы деп есептеймін. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Қазіргі шенеуніктерден ха­лықтың күтетіні де – осы. Қазір қарасаңыз, билікке сөзіңді жеткізу барынша оңай. Бір ғана мысал, әлеуметтік желілер арқылы жолданған кез келген сұрақ пен көкейкесті мәселелер дер кезінде шешімін тауып, билікті бұқараға бір табан жақын етіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта да халық үшін талай тындырымды тірліктердің болатынына сенімдімін.

Биыл «Балалар жылы» екені өзіңізге жақсы мәлім. Алты айда ауыз толтырып айтарлықтай қандай жұмыс атқарылды? Жалпы, «Балалар жылында» қандай мәселелерге мән берілу керек деп есептейсіз?

– Бала тәрбиесі, оның өмірі мен қоғамдағы орны мемлекет идеологиясының маңызды саласы іспеттес. Себебі бағзы заманнан бері болашақтың баянды болмағы бала санасына сіңірген тәрбие мен тәлімнен. Балаға құйылған инвестиция – болашақтың көрсеткіші. Сондықтан биыл «Бала­лар жылы» деп жариялануы да тегіннен емес. Биыл ғана емес, осы кезге дейін де баланың білім алуы, денсаулығы, әлеуметтік қолдау табуы мемлекет назарынан тыс қалып көрген емес.

Қазіргі уақытта тұрғындар өзін мазалаған сұрақтар бойынша әкімдіктің есігін қақпайақ, әлеуметтік желі арқылы билікке шағымын, айтар ұсынысын жеткізіп жүр. Бұл ашықтықты білдіре ме? «Әлеуметтік желіге» жазсаң ғана орын­дайды» деген халық пікірі не себепті қалыптасып отыр?

– Өте орынды сұрақ. Жоғарыда айтып өттім, демократияның алғашқы көрінісі – ашықтық. Ақпарат алмасу ашықтығы. Халық пен биліктің арасында ақпараттың көпірдің болуы. Мен әлеу­меттік желі арқылы шағымын білдіру алдымен оперативті шешімін табуға әкеледі деп есептеймін. Қазір арнайы мамандар халықтың әлеуметтік желіге салынған түрлі арыз-шағымын, шешімін таппаған мәселелерін жинақтап, жауапты салаларға жолдап отырады. Бұл өз кезегінде мәселенің нақты уақыты, қай жерде болғанын көрсететіндіктен, жауапты сала өкілдеріне шешім қабылдап, мәселені тез шешуге үлкен көмегін тигізеді. Сондай-ақ әлеуметтік желіні қару ретінде пайдаланатын да белгілі бір адамдар бар. Олар теріс пікір жазу арқылы қоғамдық пікірге әсер еткісі келеді, жасалған жұмысты жоққа шығарғысы келеді. Бұл – шындық. Айтып отырғанымдай, әлеуметтік желі қоғамның айнасы іспеттес. Билік пен бұқара арасында диалогке түсу­дің оңтайлы көрінісі. Әлеуметтік желіге жазбай-ақ жауапты мекемеге хабарласып немесе барып айтсаңыз да мәселе шешімін табады. Сондықтан «әлеуметтік пікірге жазсаң ғана орындайды» деген қасаң пікірден аулақ болу керек деп есептеймін.

Бөлімге басшы болып келгеніңізге бір жыл бір ай бо­лыпты. Өзіңізге «мен не тындырдымдеген сұрақ қойып көрдіңіз бе?

– Осы ортаға, қазаны қайнаған тұтас қаланың идеологиясына жауапты салаға келгеніме көп бол­ған жоқ. Әрине, оңай сала емес. Қоғамдық-саяси ахуал, діни сұрақтардың шешімін табуы, ақ­параттық саясат, жастар саясаты, түрлі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы тікелей біздің бөлімнің функциясы. Оперативтілік, жауаптылық, қызметке адалдық, өз туған қалаңа жанашырлық секілді қасиеттер бойыңыздан табыла білуі керек. Атқарылған істер жетерлік, оны мына қағаздардан-ақ оқып алуға болады. Бірақ, өз туған жеріңнің перзенті ретінде осы қаланы шынайы гүлдендіруге, дамытуға адал қызмет ету ол бөлек әңгіме. Сондықтан «мен не тындырдым» деп емес, «тағы не істей аламын?» деген сұрақ әр перзенттің көкейінде болуы керек секілді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: