Ақтауда түн ішінде «Көмектесіңдер!» деп айқайлаған қызды куәгерлер видеоға түсіріп алған. Бұл жайтқа қатысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ
Әлеуметтік желіде тараған кадрдан ер адамның қыздың қолынан ұстап тұрғанын, ал қыздың «Көмектесіңдер!» деп айғайлап жатқанын байқауға болады. Оқиға Ақтаудағы 11 шағынаудандағы Ынтымақ алаңында болған. Видеоға қатысты пікір білдірген Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, сол күні түнде жәбірленушінің телефонын алып кеткен. «20 шілде күні сағат түнгі 02.30 шамасында «102» кезекші бөліміне белгісіз біреу жәбірленушіні қорқытып, оның ұялы телефонын алып, оқиға орнынан бой тасалағаны туралы қоңырау түсті. Келтірілген шығын көлемі 100 000 теңгені құраған», – деп хабарлады ведомстводан. Полиция күдікті анықталғанын оны ұстау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігі (Тонау) бойынша Ақтау қаласы ПБ-да тіркелген.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!