Бас біріктіріп, білекті түре кірісетін жазғы спартакиада жалғасуда. Бұл жолы ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеушілер үстел теннисінен жоғары ұпай жинап, жеңісті еншілеуді ұйғарды.
Ширақ қимыл мен шапшаң шешім жарыстан шеттете қоймайды. Өйткені, ойында топ жаруға тірек болатын да осы екі негіз. Бір сәтте қарсыластың қадамын және көз ілеспес жылдамдықпен ұшқан доптың бағытын аңдау оңай емес. Бәсекеде бәсі басым болғандардың бағы жанды. Осылайша, мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов жарыс жеңімпаздарын марапаттады.
– Үстел теннисінің адам ағзасына тигізер пайдасы көп. Демек, жазасын өтеуші азаматтардың бос уақытын ұтымды ұйымдастырудан бөлек, салауатты өмір салтын сақтауына ықпал ете алсақ, құба-құп. Шағын тақтадағы ойын да тартысты әрі қызықты өтті. Әр қатысушының белсенділігі мен жеңіске деген талпынысы қуантады, – дейді АКАӘПТЖББ-ның жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты Бабахан Алтынбек.
Иә, маусым айының соңына дейін жалғасатын спартакиадаға селсоқ көзқарас жоқ.
З.Қонысжан,
№68 мекемесінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
