Сейсенбі, 12 қараша, 23:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

Сот саласының құрметті ардагері

12.05.2023

1018 0

   Қызылорда облыстық сотына 85 жыл

   Сот ардагері Ғани Төлеухан әріптес ағамызды 1978 жылдан бері танимын. Ағамыз еңбек жолын Қызылорда облыстық сотында көлік жүргізушіден бастаған. 1970 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкіл Одақтық заң институтын бітіріп келгеннен кейін, облыстық сотта бас кеңесші, осы соттың судьясы, Арал аудандық сотында судья, төраға болып он екі жыл, Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып бір жыл, Қызылорда қалалық сотының төрағасы, кейін судьясы болып жиырма жыл, жалпы отыз жылдан астам уақыт абыроймен кызмет істеп ҚР Президентінің 23.03.2007 жылғы №301 санды Жарлығымен доғарысқа- еңбек демалысына шыққан.

     1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиада жылы Г.Төлеухан ағамыз екеуміз Бүкіл Одақтық сот және әділет қызметкерлерінің бір айлық арнайы оқуына барып, бір бөлмеде жатып, оқуды өте жоғары бағамен бітіріп, арнайы диплом алып елге абыроймен оралдық.

    1989 жылы Шымкент қаласында болған Республикалық үлгілі (базовый), үлкен(крупный) соттардың тәжірибелерін(опыттарын)Республика соттарына тарату және насихаттау туралы семинар жиынға қатысып, өз тәжрибелерімізбен бөлістік.

      Осы бірге жүрген уақытта Төкеңді біліп, ойға түйгенім- Төкең судья қызметін абыроймен атқарып, өнегелі де өрісті жолдардан өтті. Өмірінің жартысынан астамын әділдіктің үстем болуына арнаған оның өмірбаяндық деректері өрнекті жолдардан тұратынын көзбен көріп, көңіліме тоқыдым.

     Қызметте ауқымды да маңызды шаруалардың ұйтқысы болған абзал аға марапаттардан да кенде емес. Соның дәлеліндей, Қызылорда соты төрағасының «Құрмет» грамотасымен, ҚР-сы Президентінің «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне он жыл» медалімен, ҚР-сы Жоғарғы Сотының «Құрмет» грамотасымен, ҚР Судьялар Одағының «Үш би» кұрмет белгісімен, ҚР Судьялар Одағының «Құрметті мүшесі» төс белгісімен марапатталуы жемісті еңбегінен алып жатқан бағасының өлшемін айғақтап бере алады.

Төкең жан-жақты жан. Жан -жақтылық деген де үлкен қасиет. Бойыңа берілген адами кабілетті орнымен пайдалану – өз өзіңді сыйлау деген сөз. Қазіргі таңда, Төкең «Соттармен іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңестің» төрағасы қоғамдық қызметін аса жауапкершілікпен атқарып, сот саласының өміріне белсене араласуда, Бойындағы бар кабілет-карымын, білімдарлығы мен өмірдің өзінен жинаған тәжрибені әділдіктің үстем болуы үшін жұмсаудан аянып қалмайтын Төкеннің ізденісі мен іскерлігі ешуақытта да босаңдық танытып көрген емес.

Азаматты сынаудың ең бір тиімді жолы – оның колына билік тұтқасын ұстау, кімнің кім екені дәл осы жерде өзінен өзі ашыла түсетіні белгілі.Жоғарыда аталған соттардың төрағасы болған кездерде Төкең сот қызметерлеріне қатаң да әділ талап қойып, не нәрсеге болсын кең ауқымда обьктивті тұрғыдан қарап, қарапаймдылығын жоғалтпаған басшы екендігімен танылған, адам тағдырын шешуде заң жолынан таймады. Әріптестеріне қашан да құрметпен қарайтын адамгершілігі мол азаматтың өзі де айналасындағылар арасында абырой беделге ие болды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, саналы ғұмырында ақиқаттың жолында адамгершіліктің туын жықпай келе жатқан азаматқа қандай мадақ айтсаң да жарасымды. Абырой беделді Төкең еңбегімен, өзін қоршаған ортаға танытқан болмыс бітімінің шынайылығымен лайықты кұрметке ие болған.

Ақылман аға өркениет көшінің сүрлеуіне түскен тәуелсіз мемлекетімізде жасалып жатқан сот – құқықтық реформалар мен бағдарламаларға мол тәжрибесіне сүйене отырып, әділдіктің туын жықпай, сот жүйесіндегі еліміздің жас кадрларын шыңдауда үлес қоса беруді өзінің өмірлік мұраты санайды. Ол облыстағы жас буын заңгерлерді тәрбиелеуде өзіндік орыны бар жан.

Қазақта «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген мақал бар.

Ардагер судья Төкеңнің бағы жанған жан. Бармақтай бақты бұлай жану үшін таудай талантпен қоса талмас талап керек екенін әріптестеріне паш еткен нар тұлғаға теңей отырып, әріптесіме мағыналы да мәнді ғұмыр, құрыштай берік денсаулық, отбасына бақыт, еңбегіне жеміс тілеймін.

          Ануарбеков Амангелді,

 Қызылорда облыстық соттарының ардагерлер ұйымының төрағасы, «Соттармен іс-қимыл жасау жөніндегі» Кеңестің мүшесі, доғарыстағы судья

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: