Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің құқықтық іргетасы, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатын басты заң. Оның нормалары қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі бағыттарын айқындап, барлық заңдардың құқықтық негізін қалыптастырады.
2026 жылдың 15 наурызында өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, ол 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енді. Бұл еліміздің конституциялық дамуындағы маңызды тарихи оқиға болып саналады және мемлекеттік басқару жүйесін жаңа кезеңге шығаруға бағытталған реформалардың құқықтық негізін қалыптастырады.
Жаңа Конституцияны қабылдаудың басты мақсаты – құқықтық мемлекетті нығайту, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеру, сондай-ақ мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-қимылы мен жауапкершілігін жетілдіру болады. Референдумға қатысқан азаматтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді, бұл қоғамның реформаларды қолдайтынын көрсетті.
Яғни, жаңа Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Мемлекет әрбір азаматтың заң алдындағы теңдігін, әділ сот арқылы қорғалу құқығын, жеке өміріне қол сұғылмауын және басқа да конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етуге міндетті екені нақты көрсетілген. Бұл нормалар құқық үстемдігін орнықтыруға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған.
Сот билігінің тәуелсіздігі жаңа Конституцияда бұрынғыдан да маңызды қағидаттардың бірі ретінде бекітілген. Судьялар тек Конституция мен заңға ғана бағынады, ал сот төрелігін жүзеге асыру барысында қандай да бір араласуға жол берілмейді. Сондай-ақ, қағидат азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін әділ қорғаудың негізгі кепілі болып табылады.
Сот жүйесінің қызметкерлері үшін Конституция талаптарын сақтау – кәсіби қызметтің негізгі өлшемдерінің бірі. Әрбір іс бойынша қабылданатын сот актісі Конституцияның қағидаттарына, заң талаптарына және әділдік ұстанымдарына сәйкес болуы тиіс.
Сол себепті, жаңа Конституция құқықтық мәдениетті қалыптастыруға да ерекше мән береді. Әрбір азамат өз құқықтарын ғана емес, заң алдындағы міндеттерін де білуге тиіс. Құқықтық сауаттылықты арттыру – демократиялық қоғамды дамытудың маңызды шарттарының бірі.
Осы тұрғыдан алғанда сот жүйесі құқық үстемдігін қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттік институттардың бірі болып қала береді.
Қорытындылай келе, 2026 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық дамуына жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат. Оның басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және әділетті қоғам құру. Конституция қағидаттарын құрметтеу мен мүлтіксіз сақтау – әрбір азаматтың, мемлекеттік қызметшінің және сот жүйесі қызметкерінің ортақ міндеті әрі құқықтық мемлекеттің берік кепілі.
А.А. Сабыров
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!